АҚТӨБЕ (БАЛАСАҒҰН) ҚАЛАШЫҒЫ (VІ-XIII ғғ)
Орналасқан жері: Шу ауданындағы Ақсу, Қарабалта өзенінің Шуға құяр сағасында, Ақтөбе ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 3 шақырым жерде орналасқан. Ақтөбе қалашығы халықаралық дәрежеде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген.
Өте үлкен аумақты алып жатқан Ақтөбе қалашығы ортаазиялық қалалар сияқты цитадель, шахристан және шаруашылық аймағынан (рабад) тұрады. Қалашықтың сыртын ұзындығы 25 шақырымға дейін жететін төрт қатар ұзын қорғанды қабырғалармен қоршаған. Ақтөбе қалашығына жүргізілген қазба жұмыстары барысында Қарахан дәуіріне тән 3 мыңнан астам мыс ақшалар, зергерлік бұйымдар, т.б. табылды. Рабадтағы қазба жұмыстары нәтижесінде Ақсу өзенінен арна арқылы су тартылып, қоймадағы су тұндырылып қыш құбырлар арқылы қалаға жеткізіліп тұрғаны айқындалды.
Тарихи деректерде Шу мен Талас өңірінде ерте ортағасырларда әйгілі Баласағұн, Суяб, Тараз атты үш қала болған. Осы үшеуі де 603 жылдан кейін Батыс түрік қағанатының астаналары болған. Солардың ішінде
Баласағұн қаласының орналасқан жері мен сипаттамалары жайлы ортағасырлық авторлар – әл-Хорезми, әл-Бируни, әл-Мағдиси, Махмұт Қашғари және басқа да ғалымдардың еңбектерінде баяндалады. Ақтөбе қалашығындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары ХІХ ғ. аяғынан бастап осы уақытқа дейін үздіксіз жүргізілуде. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қалашықтың VІ-ХІІІ ғасырлар аралығында өмір сүрген тарихы анықталып, қамалдар, мұнаралар, салтанатты сарайлар кешені, қақпа, монша, шеберхана т.б. құрылыс қалдықтары ашылған. Аталған жазба деректер мен ғылыми зерттеулерді сараптай келе Ақтөбе қалашығы белгілі түрік ғұламасы Жүсіп Баласағұнның кіндік қаны тамған жер болуы мүмкін деген тұжырым жасалған. Ел аузында көне қаланың тылсым тарихынан сыр шертетін «Алтын тәжді айдаһар», «Қасиетті ләйлек құстары», «Ақ түйе», «Су құбыры мен жер асты жолы» сияқты бірнеше аңыз-әңгімелер сақталған.