Жаңалық

Ақтөбе басшылығы жастарға жөн сілтеді

Қобда ауылында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астананың 20 жылдығына орай республикалық «Хан қорық» жастар фестивалі делегаттарының қатысуымен «Рухани жаңғыру — жастарға жарқын жол» атты республикалық жастар слеті өтті. Жиын барысында жастардың ой-пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды.

Екі күн Қобданың тарихи жерлерін аралаған фестиваль делегаттары аудан орталығындағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бой көтерген ескерткіштер мен әлеуметтік ғимараттарды аралады. «Бақытты бала» жобасы аясында ашылған балалар және аналар аллеяларымен танысып, аудандық мәдениет үйінде өткен «Білімді жастар — ел ертеңі» атты республикалық форумда бас қосты.

Форум жұмысына облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров, аудан әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ, Ақтөбедегі жоғары оқу орындарының ректорлары мен фестиваль делегаттары, Қобда ауданына қарасты мектеп түлектері мен ауыл жастары қатысты.

Форум алдында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіліп, 204 бос жұмыс орны ұсынылды. Оның 60-ы тұрақты жұмыс орындары болса, 100 орын «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша, ал 44 бос орын жастар тәжірибесі бойынша ұсынылды. Нәтижесінде жәрмеңкеге қатысқан 162 жастың 148-і жұмыспен қамтылды. Бұл – форумның басты жетістігі.

Форумның салтанатты түрде ашылу рәсімінде сөз алған аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет қоғамның қозғаушы күші болғандықтан, негізгі үміт қашанда жас буынға артылатындығын айтып, форум жұмысына сәттілік тіледі. Аудан әкімінің зор сенімі форумға қатысып отырған жастардың жігерін жанып, намысына су бүрікті.

—Тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру жастардың қолында. Сондықтан, жастар қауымы уақыттың кез келген сынағына дайын болып, бәсекеге төтеп беруі керек. Санасы сергек, замандық технологияларды меңгерген Отанымыздың нағыз патриоттары ғана сындарлы сынақтардан сүрінбей өтеді. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған «Білімді жастар — ел ертеңі» атты республикалық форум жаһандану заманында жаңалыққа бейімделе алатын, өзіндік идеясы мен бойында жалыны бар, айтар ойы мен елге қосар үлесі бар жастардың басын қосып отыр. Ел болашағы бүгінгі сіздердің жігерлеріңізге, білімдеріңізге байланысты. Сондықтан әрбір жас жауапкершілікті сезініп, ішкі мәдениеті мен білімі қалыптасқан, бәсекелестікке төтеп бере алатын тұлға болып қалыптасуына шын жүректен тілектеспін! Мақсаттарыңыз айқын, жолдарыңыз ашық болсын! — деді аудан әкімі.

Форум жұмысына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев кез келген елдің тарихы мен мәдениеті, бүгіні мен ертеңі оның жастарына байланысты екенін айтып, бүгінгі таңда өңірде жастар саясатын жүргізуде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әрдайым жастарға үлкен көңіл бөліп, олардың әлемдік бәсекеге қабілетті болуы үшін сапалы білім, саналы тәрбие беру ісіне ерекше мән береді. Бұл бағыттағы жұмыстар Ақтөбе облысында жүруде. Облысымыздың экономикалық өсімі, индустриалды-инновациялық дамуы біздің жастарымыз үшін жан-жақты жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бүгінде облыста 14 пен 29 жас аралығында 208 мың жас бар. 49307 жас 6 жоғары оқу орны мен 44 колледжде оқуда. Мемлекет басшысы көтерген «Бес әлеуметтік бастамада» жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту туралы мәселе көтерді. Қазіргі кезде 8 жатақханаға тиісті жер телімдері бөлініп, тиісті құжаттар рәсімделуде. Мұның барлығы — мемлекеттің жастарға деген қамқорлығының айқын көрінісі, — деді облыс әкімінің орынбасары.

«Жастар тәжірибесі», «Серпін», «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел» сияқты мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жастар игілігіне қызмет етіп жатқандығын айтқан Ербол Нұрғалиев, жастарды еңбекке баулу, қамқорлық көрсету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды да атап өтті. Жастардың кез-келген бастамасына қолдау көрсету туралы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында да көрсетілгенін білеміз. Яғни, болашақтың кілті жастардың қолында.

Форумға қатысқан университет ректорлары жоғары оқу орындарының талаптары мен білім беру саласындағы жеңілдіктеріне тоқталса, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров облыс көлемінде жұмыссыздық деңгейін түсіру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар мен жастар арасындағы жұмыссыздық жөнінде ақпарат берді. Жұмыспен қамту басқармасының басшысы белгілі бір уақыт аралығында бос орындар жәрмеңкесі өткізіліп, халықты жаппай жұмыспен қамту бойынша жұмыстар атқарылып жатқандығын мәлімдеді.

Сондай-ақ, форум шеңберінде жастарды әлеуметтік қорғауға арналған «Жасыл Ел», «Жастар практикасы» бағдарламалары насихатталып, «Дипломмен — ауылға» бағдарламасымен келген жастарға тұрғын үй алуға және «Бастау Бизнес», «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасына қатысушы жас кәсіпкерлерге сертификаттар тапсырылды. Мұндай насихат жастардың ауылдық өңірдегі салаларды жандандыруға, өз кәсібін бастауға деген құлшынысын арттырары сөзсіз.

Шара соңында аудан әкімі жоғары және арнаулы орта оқу орындарының ректорларымен маман даярлаумен қамтамасыз етуге байланысты меморандумға қол қойды. Жаңадан шаңырақ көтерген жас отбасыларға жанұяның алғашқы құжаты неке куәлігі тапсырылып, көпбалалы, үлгілі жас отбасылар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Сондай-ақ, өңірлерде жастар саясатын жүзеге асыруда қозғаушы күш болып танылып жүрген Жастар ресурстық орталығының басшылары арнайы алғыс хаттармен марапатталып, еңбектері еленді. Бұл – аймақ жастарының Елбасы міндеттемелерін жүзеге асыруда талмай қызмет етіп жүргенінің белгісі.

Батырлар мекені Қобда жеріне «Хан Қорық» жастар фестивалі аясында келіп, тарихи орындармен танысқан «Almighty Ecology» қоғамдық қорының басшысы, фестиваль делегаты Алмат Сатубалдин өз әсерімен бөлісті.

— Ақтөбеде 6 жыл тұрғаныммен, тарихи орындарды бірінші көруім. Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» зерттеу орталығы ұсынған «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» бағытының 100 нысаны тізіміне «Діни және ғибадат орындары болып табылатын орын» ретінде енгізілген Абат-Байтақ кесенесінде, Жиренқопадағы Қобыланды батыр мемориалдық кешенінде, Әлия ауылындағы Әлия облыстық патриоттық тәрбие беру орталығында болып, «Әлия» мұражайымен таныстық. Күндеріміз қызықты өтуде. Бүгінгі форум жұмысынан да өзіме керек көп нәрсені түйдім, — дейді ол.

Шараға барлығы 500-ден астам жас қатысып, форум концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Жастарды қолдау – мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі бағыттарының бірі. Ел болашағы – жастардың бастаған кәсібіне мемлекет тарапынан үлкен жәрдемдер қарастырылған. Кәсіп бастаған жас буынға ұзақ мерзімді несиелер, жас мамандарға «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер беріледі. Осындай қолдаулардың арқасында елдегі түрлі салаларда жастардың белсенділігі артып, жұмыс қарқыны күшеюде.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button