Жаңалық

«Ақтөбе. Жылдар. Тұлғалар»

Лирик ақын Сағи Жиенбаевтың және жазушы Тобық Жармағамбетовтың 85 жылдығы

Т. Ахтанов атындағы облыстық драма театрында облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен С. Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен лирик ақын Сағи Жиенбаевтың және жазушы Тобық Жармағамбетовтың 85 жылдығына, кітапхананың 40 жылдық мерейтойына орай «Ақтөбе. Жылдар. Тұлғалар» атты республикалық еске алу кеші өтті.

Кеш «Әдебиет. Рух. Қоғам» Республикалық әдебиет форумыны аясында өтті. Кешке Оразалин Оңдасын Сейілұлы – Ақтөбе облысының әкімі; Кәдірбаев Нұрхан Кенжебайұлы – Ақтөбе облысының мәдениет архивтер және құжаттама басқармасының басшысы; Ұлықбек Есдәулет – ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Жазушылар Одағының төрағасы; Ақұштап Бақыткереева – ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының иегері, Құрмет орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар Одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры; Мәди Айымбетов – Жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Байғанин ауданының Құрметті азаматы; Өзипа Жиенбаева – Сағи Жиенбаевтың жары; Қарлығаш Сағиқызы – Сағи Жиенбаевтың қызы; Сапия Жармағамбетова – Тобық Жармағамбетовтың жары; Әсем, Тілектес Жармағамбетовалар – Тобық Жармағамбетовтың қарындастары; Жанат Әскербекқызы – ақын, Л.Н.Гумелев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы; Мейірхан Ақдәулетұлы – ақын, «Адырна» журналының редакторы; Ашықбаев Ертай Ахатұлы – ақын, облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары, Қазақстан Жазушылар Одағы Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы сыйлықтың иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты; Бауыржан Бабажанұлы – ақын, Ақтөбе газетінің бас редакторы; тағы да басқа республикамызға танымал ақын-жазушылар, жыр сүйер қауым қатысты.

Шараны Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Сейілұлы Оразалин ашты. Шара барысында ақын, ҚР Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет «Өмірі сырға толы Сағи ақын» тақырыбында баяндама жасап, «Сәулелі ғұмыр – саналы ой иелері» атты тақырыбында ақын, «Адырна» журналының бас редакторы Мейірхан Ақдәулетұлы сөз сөйледі. Сонымен қатар С. Жиенбаевтың өлеңдері оқылып, жастар әдемі әуенге би биледі. Ақынның сөзіне жазылған «Айналдым елім», «Қарттар» атты әндерін әнші Орал Бәйсеңгір сынды өңірімізге танымал әнші орындады. Сағи Жиенбаев пен Тобық Жармағанбетовке арнаған «Үнсіз үндестік…» пьесасы сахналанды. Туынды авторы ақын Гүлжайнар Қалдина, режиссері Мейрам Хабибуллин. «Жемнің жарық жұлдыздары» атты кең көлемде кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Жыл басынан бері кітапханамызда Сағи Жиенбаевқа арналған әдеби кештер, байқаулар өтті. Соның ішінде «Талантымен танылған тұлғалар» атты Тобық пен Сағиға арналған республикалық ғылыми зерттеу жобасының байқауы, «Сырлы ақынның нұрлы жырлары» республикалық жазба ақындар мүшәйрасы, онлайн байқаулары, Сағи оқулары өтті.

Сағи Жиенбаевтың жары Өзипа Жиенбаевамен және оның қыздарымен кітапхана тығыз байланыста. Жуырда Алматы қаласынан Сағи Жиенбаевтың жеке кітапханасы әкелінді. Кітапханада Сағи Жиенбаевқа арналған ақын атында «Оқу залы» ашылды. Бұл залда «Ердім бір сиқыр қаламға…» атты өзінің туындыларынан көрме жасақталып тұр. Көрме үнемі баспасөз материалдарымен, әдістемеліктермен толықтырылып тұрады. Ақын атындағы оқу залында Сағи ақынға арналған шаралар өтеді. Бұл кеш Сағи Жиенбаевтың 85 жылдығына арналған іс-шаралардың қорытындысы.

Ақтөбе облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button