Ақтөбе облысында «Бақытты бала» жобасын іске асыруға 4 млрд теңге аударылады
2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақтөбе облысында «Бақытты бала» жылы деп жарияланды.
Осыған орай, аймақта жыл басынан бері «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасын іске асыру айтарлықтай жанданды.
– Біздің басты мақсатымыз – мемлекет басшысының балалардың өмірі мен дамуы үшін қолайлы жағдай жасау, сонымен қатар, балаға мейірімді орта қалыптастыру үшін қолда бар мүмкіндіктерді барынша пайдалану бойынша тапсырмаларын орындау, – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Атап өтейік, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар қолдаған «Бақытты бала» жобасын іске асырудың бірінші үш айында айында 53 мыңнан астам балалардың қатысуымен 300-ге жуық іс-шара өткізілді.
Жобаны іске асыруда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жан жақты қолдау көрсетуге басымдық берілді. Осылайша, кәсіпорындар мен мемлекеттік органдар 945 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға қамқорлық етеді. Ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларында олар балалардың ТҚЖБ-дағы жинақ шоттарын 210 млн теңгеге толтырды. Жыл басынан бері 25 жетімге пәтер кілттері табысталды.
Соымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар балалар да назардан тыс қалған жоқ. «Кедергісіз білім беру» блогы аясында түзету ұйымдарының желісін дамыту шаралары қабылдануда. Атап айтқанда, аутизмі бар балаларға арналған орталық, түзету балабақшасы, сондай-ақ, «Орыс мыс компаниясы» ЖАҚ есебінен салынып жатқан церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға арналған сауықтыру орталығы ашылады.
Бұдан басқа, кәсіпкерлер жыл бойы жұмыс жасайтын балалар лагерін, жазғы аквапарк, ақпараттық-технологиялық ІТ орталығын, 160 ойын-сауық және облыстың мектептері жанынан 70-тен астам спорт алаңдарын ашу жоспарланып отыр.