Жаңалық Редакция таңдауы

Ақтөбе облысында «Еуразиялық Топтың» ашық есік күні өтті

Дөң тау-кен байыту комбинатында «пайдалы қазбаларды жерасты өңдеу», «жерасты құрылыстарын орнату», «кенді қайта өңдеу ісі» секілді мамандықтарда оқып жатқан студенттер мен мектеп оқушыларын жинаған «Еуразиялық Топтың» ашық есік күні өтті. Дәстүрлі шараға өндіріс саласын таңдаған қырыққа жуық жас қатысты.

Болашақ кеншілер мен өндіріс мамандарына «Еуразиялық Топ» ЖШС бас директорының персонал және мәдениет жөніндегі орынбасары Ақмарал Найзабекова ERG жайында кеңінен мәлімет беріп, дөң тау-кен байыту комбинатының персонал және мәдениет жөніндегі директоры Марат Қуанышбаев жұмысқа орналасу, өндірістегі қызмет, компаниядағы мансап туралы баяндады.

Студент жастар музейде комбинат тарихымен танысты, сондай-ақ кәсіпорынның үш цехын аралап, өндіріс процестеріне куә болды.

«Хромтау тау-кен техникалық жоғарғы колледжі – өндіріс саласы бойынша кадрлар дайындайтын өңірдегі жалғыз оқу орны. Ашық есік күні студенттерге өндірістің барлық ерекшеліктерін түсінуге, таңдаған мамандығын тереңірек тануға мүмкіндік береді», – деді колледждің оқытушысы, өндірістік оқытудың шебері Қанат Кушанбаев.

Колледж оқытушысының айтуынша, биылдан бастап оқу бағдарламасына енген «бұрғылау қондырғысының машинисі», «кен орындарын игерудің техника және технологиясы» секілді жаңа мамандықтарды меңгеруде өндірістік турдың көмегі орасан зор.

Болашаққа жол сілтеп, кәсіп таңдауда жастарға бағыт-бағдар көрсетілген өндіріс саяхатының маршруты тау-кен көлік цехында аяқталды.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button