Ақтөбе облысында «Отбасы академиясы» жобасы жүзеге асырылуда
Жобаның мақсаты – ерлі-зайыптыларға отбасылық қарым-қатынасын нығайтуға көмектесу және қолдау көрсету.
Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ақтөбе облыстық комиссияның кезекті отырысы отбасы құндылықтарын нығайту, ажырасудың алдын алу, өскелең ұрпақтың тәрбиесі мәселелеріне арналды.
Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев төрағалық еткен жиында алдымен комиссияның биылғы жоспары қаралды. Негізінен жоғарыда аталған түйткілдерді қайткенде шешуге болатыны қаузалған шарада ажырасу жайы ерекше талқыланды. Оған себеп те жоқ емес. Бір ғана мысал, өткен жылы 7 мыңға жуық жұп шаңырақ көтерсе, ал 2600-ден астам отбасы ажырасыпты… Бұл көңілсіз статистикаға мән берген облыс әкімінің орынбасары жастардың арасында отбасы құндылығын баса насихаттау керектігін атап өтті.
«Үлкендер жағы өзара келісімге келе алмай, екі жаққа кеткенде, ақырында балалар жапа шегеді. Біздің облыста отбасы мәселелерін реттейтін, керек кезде оларға ақыл-кеңесін беретін арнаулы орталық жұмыс істеуі керек. Оған психологтар мен медиаторларды мейлінше көп жұмылдыруға тиіспіз», — деді Ербол Нұрғалиев.
Жоспар бойынша биыл жүзеге асатын «Отбасы академиясы» жобасы дәл осы мәселелерді шешуге атсалыспақ. Ондағы мамандарға әртүрлі жағдайларға тап болған ерлі-зайыптылардан бөлек, енді бірігіп түтін түтетуге бел буған жастар да жолыға алады.
Комиссияның хатшысы Ақмарал Хонның айтуынша, отбасы саябағы ашылып, оған әр ата-ана ағаш егіп, артынша оны күтіп-баптай алады. Сондай-ақ, таяуда «Болашақ ата-аналардың мектебі» жобасы, «Менің арманымдағы үйлену тойы» арт-жобасы, отбасылар форумы, мектеп психологтарына арналған семинар, т.б. өтпек. Ұйымдастырушылар жұмыс қарқынын әлеуметтік желілерде де күшейтетінін білдірді.
Өз кезегінде отырысқа қатысушылар да ұсыныс-тілектерін ортаға салып, енелер мен келіндер мектебін құру қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, «Белый аист» аналар мектебінің директоры Әлия Байболатова мен «Шолпы» клубының жетекшісі Алмагүл Сарыбай қыздардың тәрбиесіне айрықша назар аудару керектігін ескертті.
Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева мектеп психологтарымен жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып, балалар арасындағы суицидтің алдын алуға бағытталған шаралардың тиімділігін сөз етті. Айталық, 200 психолог «Bilim foundation» жобасы аясында арнайы оқыту жұмыстарына қатысқан. Енді бұған учаскелік дәрігерлер тартылмақ. Қылмыстың алдын алу мақсатында жасақталған «Сенім телефонының» да тиімді тұстары бар. Былтыр оған кәмелет жасына толмағандардан 483 қоңырау келіп түсіпті…
Жиын барысында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова да сөз сөйлеп, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының биыл 5-рет ұйымдастырылатынын жеткізді. Қатысушылар мұндай ірі ауқымдағы шаралар отбасы құндылығын дәріптеуде ерекше маңызға ие деген пікірге бірауыздан қолдау көрсетті.