Ақтөбе өңірінде 671 үкіметтік емес ұйым жұмыс істеуде
Ақтөбе өңірінде 671 үкіметтік емес ұйым жұмыс істеуде. Бұл туралы Ақтөбе қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында өткен «Рухани жаңғыру аясында мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар әріптестігінің жаңа кезеңі» облыстық конференциясында белгілі болды.
«Бүгінгі күні елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүріп жатыр. Сондықтан қоғамдық ұйымдар рухани жаңғыруға байланысты мемлекеттік органдармен бірге қарым-қатынасына өзгерістер енгізу керек. Біздің бүгінгі жиналғандағы ең негізгі мақсатымыз — өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың биылғы жылғы атқарған жұмыстарын тыңдау, Елбасының тапсырмасына сәйкес келер жылғы алда тұрған мақсаттарды айқындау», – деді сөз басында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.
Қазіргі таңда Ақтөбе өңірінде 671 үкіметтік емес ұйым бар. Оның ішінде бүгінде белсенді жұмыс жасап жатқаны — 531.
«Біз сіздердің халық пен билікті жақындастыруда, халықтың шешілмей жатқан мәселелерін, ойларын шешуге көмектесуде қандай жұмыс жасап жатқандарыңызды білеміз. Сондықтан мүмкіндігінше сіздермен тығыз байланыс орнатып, халықтың мәселелерін бірігіп шешуге тырысамыз. Сіздер кейбір басқармалар мен мекемелер үкіметтік емес ұйымдармен бірігіп жұмыс жасамайтынын айтып келесіздер.Соңғы мәліметтер бойынша негізгі басқармалардың барлығы өткен жылы қоғамдық ұйымдармен жақсы жұмыс атқарды. Екінші мәселе — қаржыны көбейту мәселесі. Өздеріңіз білесіздер, 2016 жылы бұл бағытта 185 миллион теңге қаржы бөлінсе, биылғы жылы 384 миллион теңге қаржы бөлінді. Яғни биылғы қаржы өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көбейді. Біз бұл қаржы жеткілікті деп айта алмаймыз. Себебі халықтың арасында шешілмей жатқан әлеуметтік мәселелер көп. Сондай-ақ қазір рухани жаңғыруға байланысты жалпы мемлекеттік органдарға өзгертілген заңдарға сәйкес қойылатын талаптар да өзгерген. Сондықтан келесі жылы қаржыны көбейту мәселесін қарастырамыз», — деді Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев.
Облыс әкімі үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлі зор екенін айта келе, алдағы уақытта әлеуметтік мәселелерде шешуде мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың арасында тығыз байланыс орнату керектігін айтты.
Өз кезегінде, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова бүгінгі күні облыстағы үкіметтік емес ұйымдар қоғам мүддесі үшін барлық деңгейдегі мемлекеттік органдармен тиімді байланыс орнатып, жұмыс жасап жатқандығын жеткізді.
«Облыстың азаматтық секторы бүгінде біршама жақсы бастамалары бар, өңірдің әлеуметтік маңызды проблемаларының басы-қасында жүріп, оның шешілуіне үлес қосып жүрген буынға айналды. Бүгінгі күні үкіметтік емес ұйымдар облыстағы жастар мен балаларды қолдау, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен әйелдердің құқықтарын қорғау, кәсіпкерлікті дамыту, тағы басқа мәселелер бойынша әр түрлі бағытта қарқынды жұмыс атқарып келеді. Қазіргі таңда өңірде 671 үкіметтік емес ұйым бар. Оның 312-сі қоғамдық бірлестік болса, 31-і — заңды тұлғалар бірлестігі, 201-і — қоғамдық қор, 127-сі — мекеме», — деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, өткен жылы облыс бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа 180 млн 808 мың теңге бөлініп, 93 жоба жүзеге асырылса, биылғы жылы 384 млн 855 мың теңге қаржы бөлінген.
Сондай-ақ биыл әлеуметтік тапсырыстың облыстық басқармалар деңгейінде қаржыландыру көлемі 224 млн 362 мың теңгені құрап, 57 жоба жүзеге асырылса, Ақтөбе қаласы және аудандар бойынша қаржыландыру көлемі 160 млн 494 млн теңгені құраған. Нәтижесінде 55 әлеуметтік жоба жүзеге асырылған.
«Ақтөбе облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы өз жұмысын 2009 жылы бастады. Құрамына 66 ұйым кіретін қауымдастық қоғамдық ұйым туралы заң аясында жұмыс жасауда. Биыл жыл басынан бері 117 үкіметтік емес ұйымға ресурстық қолдау көрсетіліп, қауымдастықтың қолдауымен жаңа 8 қоғамдық ұйым ашылды. Бұл ұйымдар қоғамда отбасы құндылықтарын дамыту, әйелдер дәрежесін көтеру, талантты балалардың өнерін ұштау, мүмкіндігі шектеулі балаларға қолдау көрсету бағыттарында жұмыс жасап жатыр. Сондай-ақ биылғы жылы «Азаматтық бақылау» жобасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруда және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелерінде азаматтық бастамалардың орталығы болуға бағытталған елеулі жұмыстар атқарылды. Мысалы, дөңгелек үстелдер, семинар-кеңестер, пікірталас алаңдары, конференциялар, қоғамдық тыңдаулар, түрлі кездесулер — барлығы 30-ға жуық шара өткізілді. Қоғамдық қабылдауда 35 адам қабылданып, 18-72 жас аралығындағы тұрғындарға әлеуметтік сауалнама жүргізілді», — деді Ақтөбе облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының төрайымы Айгүл Дүйсенова.
Конференция барысында «Мұғалім» репетиторлық мектебінің директоры Юлия Савченко, «Сана-Алға» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бақыт Ерғалиева, «Аналар үйі» қоғамдық қорының директоры Таңсұлу Лаковалар биылғы жылы атқарған жұмыстарын баяндап, өз ұсыныс-тілектерін білдірді.
Басқосуда бірқатар үкіметтік емес ұйым басшылары ортаға шығып, жетім балалар мен жалғызбасты аналарға қамқорлық көрсету, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасау, өнерлі балалардың шығармашылығын дамыту мақсатында өздерінің ойында жүрген жаңа идеялары мен ұсыныстарын жеткізіп, облыс әкіміне қоғамдық ұйымдарды үнемі назардан қалдырмайтындығы үшін алғыстарын айтты.
Шарада облыс әкімі конференцияға қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жеке-жеке жауап беріп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
«Алдағы уақытта конференция аясында айтылған сауалдар негізінде барлық мәселелерді мүмкіндігінше шешуге тырысамыз. Ең негізгісі, мемлекеттік органдар үкіметтік емес ұйымдармен бірігіп жұмыс жасауы керек. Бірігіп жұмыс жасасақ, бәрі ойдағыдай болады деп ойлаймын. Негізгі жұмыстар атқарылып жатыр, бірақ қазіргі заманның талабы бөлек. Сондықтан жұмысымызды әлде де жақсартып, оған жаңалықтар енгізуіміз керек», — деп түйіндеді облыс әкімі.
Шара соңында облыс әкімі бірқатар қауымдастық жетекшілерін азаматтық қоғам институттарын дамытуға қосқан үлесі мен белсенділігі үшін «Қоғам құрметі» белгісімен марапаттады.