Жаңалық

Ақтөбеде 4 монография мен 1 деректі фильмнің тұсаукесері өтті

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында үш тілде жарық көрген монографиялардың және «Доңызтау ескерткіштері» атты деректі фильмі 1-бөлімінің тұсаукесер рәсімдері өтті.

Шара аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын Ақтөбе облысы бойынша 2021-2024 жылдары жүзеге асыруға арналған Жол картасының жүзеге асырылу барысы мен перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстел басында облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова соңғы жылдары Ақтөбе өңірінде археология саласы қарқынды дамып келе жатқанын айтып, осы бағытта өз үлесін қосып келе жатқан археолог-ғалымдарға алғысын білдірді. Сондай-ақ, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері, ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Байтанаевқа 60 жасына орай облыс әкімінің атынан Құттықтау хат табыстаса, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ақан Оңғарды, аталған институт директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Талғат Мамировты, институттың Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Дархан Байтілеуді және институттың Батыс Қазақстан өңірі бойынша өкілі, тарих ғылымдарының кандидаты Арман Бисембаевты Алғыс хаттармен марапаттады.

Биыл — «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасына 5 жыл. Аталған бағдарлама аясында ауқымды жобаларды жүзеге асыру мақсатында Ақтөбе облысы бойынша алғашқыда 2019-2021 жылдарға арналған жоспар дайындалса, қазіргі таңда 2021-2024 жылдарға арнайы жол картасы бекітіліп, жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Бұл жобаларды жүзеге асыру мақсатында Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі, Ә.Марғұлан атындағы Археология институты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнография институтының мамандары бірлесіп, археология, этнография мен халықтық сәулет өнері ескерткіштерін кешенді ғылыми-зерттеуге бағытталған жұмыстарын ойдағыдай орындап келеді. Оған дәлел, Темір ауданы Тасқопа І қорымынан табылған сармат жауынгерінің алтын бұйымдарға толы жерлеу қабірінің зерттелуі. Сонымен бірге Жол картасы аясында облысымыздың оңтүстігіндегі киелі мекен — Доңызтау аумағындағы ортағасырлық кезеңге жататын «Жезді» қалашық-бекінісі, ежелгі дәуір куәсі Мұғалжар жеріндегі «Төлеубұлақ» үңгірінің петроглифтерін және оның тарихи-мәдени аймағын зерттеу, ауқымды жобалардың бірі — Ақтөбе өлкесінің ежелгі бақташылары мен металл өндірушілерінің ескерткіштерін зерттеу.

Облыс территориясы ежелгі дәуір, ортағасырлық кезеңдер мен жаңа заманның куәгерлері — археологиялық, этнографиялық маңызы бар ескерткіштерге бай. Өңірдегі бұндай нысандардың көп болуы облыстағы туризмнің дамуына серпіліс берері сөзсіз. Біздің міндетіміз — ғылыми-зерттеу жобаларын ұйымдастырумен бірге оларға деген қолжетімділікті қамтамасыз ету, — деді Бұлбұл Ораққызы.

Өз кезегінде Ақан Оңғар алдағы уақытта да Ақтөбе өлкесінде көптеген маңызды жобалардың жүзеге асырылатынына сенім білдірсе, Бауыржан Байтанаев «Ақтөбе облысының киелі географиясы» аймақтық бағдарламасының орындалу нәтижелері», Талғат Мамиров «Төлеубұлақ үңгірі маңындағы тас дәуірінің археологиялық ескерткіштері және Ақтөбе облысының солтүстік аудандарындағы тас дәуірін зерттеу перспективалары», Дархан Байтілеу «Ерте металл дәуіріндегі Мұғалжар тау-кен орталығын зерттеу мәселелері мен перспективалары» және Арман Бисембаев «Үстірттегі жезді қала жұртын зерттеу барысының қорытындылары» туралы сөз етті.

Бұдан соң үш тілде жарық көрген ұжымдық монографиялардың тұсаукесері өтті. Атап айтсақ, «Ақтөбе облысының киелі географиясы» ұжымдық монографиясы, «Ақтөбе облысындағы ерте темір дәуірі көшпелілерінің элиталық археологиялық ескертіштері», «Палеометалл дәуіріндегі Мұғалжар тау-кен және металлургиялық орталығы», «Төлеубұлақ археологиялық кешені және оның маңы» кітап-альбомдары. Еңбектер облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қолдауымен және  Ә.Марғұлан атындағы Археология институты және облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғалымдарымен дайындалды.

Сонымен қатар жиналған қауым «Ақтөбе өңірінің аса маңызды тарихи-мәдени және сәулет өнері ескерткіштері» жобасы аясында түсірілген «Доңызтау ескерткіштері» деректі фильмінің таныстырылымын және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын Ақтөбе облысы бойынша 2021-2024 жылдары жүзеге асыруға арналған Жол картасына сәйкес 2021 жылы жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінде табылған археологиялық бұйымдар көрмесін тамашалады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button