Ақтөбеде «Абай мұрасы - аманат» челленджі бастау алды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық» деген болатын.
Осы орайда, Ақтөбе облысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару орталығы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай облыстағы оқу орындарының арасында «Абай мұрасы – аманат» челлендж байқауын бастады.
Ұлы ақын мұрасын, шығармаларын насихаттауды әлеуметтік желілерді пайдалана отырып онлайн форматта атап өту байқауды өткізудің басты мақсаты болып табылады. Абай аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Сондықтан Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн.
Байқауға қатысатын мектеп жасындағы оқушылар немесе студенттер ақын өлеңдерін, қара сөздерін оқып немесе ақынға арнау-өлең шығарып және т.б. форматта бейнеролик дайындауы қажет.
Қатысушы бейнероликті өз білім ордасының немесе жеке Instagram немесе Facebook парақшаларында жариялап, @aqtobe_ruh instagram парақшасын және #руханижаңғыру, #Абай175, #руханиАқтөбе, #прагматизм хэштегтерін белгілеп, челленджді жалғастыру үшін басқа да әлеуметтік желі қолданушыларына жолдайды. Байқау қорытындысы шыққанға дейін қатысушының парақшасы ашық болуы тиіс.
Байқау нәтижесінде жеңімпаздар дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Жас дос!
Абай мұрасын насихаттауға өз үлесіңді қосып, Рухани байлыққа кенел!
Ақтөбе облысы,
«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі