Ақтөбеде «Аналарға тағзым» орталығы салынуда
Ақтөбе облысының орталығында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан бойынша тұңғыш «Аналарға тағзым» рухани-адамгершілікке тәрбиелеу орталығының құрылысы жүргізілуде.
Аталмыш жобаны жүзеге асыру туралы мәселе облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында талқыланды. Айта кетейік, бұл орталық өңір басшысының тапсырмасымен «Туған жер» акциясы аясында демеушілердің қолдауымен тұрғызылуда.
Құрамына қоғам өкілдері, іскер және табысты әйелдер кірген бастамашыл топтың және облыстық «Туған жер» ұйымдастыру комитетінің төрайымы Сәния Қалдығұлованың басшылығымен «Аналарға тағзым» орталығының тұжырымдамасы жасалды.
«Бұл республика бойынша біргей жоба және есімідері әрқайсысымыз үшін киелі әрі баға жетпес байлығымыз саналатын барлық аналарға бас июге үндейді. Орталықтың ерекшеліктерінің бірі — экспозициялық зал болып табылады, мұнда келушілер Бопай ханым, Нұрсұлу Тапалова, Роза Жаманова, Әлия Молдағұлова, Аққағаз Досжанова сынды халқымыздың даңқты әйелдерінің және Қазақстан тарихында айрықша орын алған өзге де тұлғалардың өмірімен және ерлігімен жақынырақ таныса алады», — деді С.Қалдығұлова.
Аталмыш кешенде психологиялық жеңілдету және кеңес беру, қолданбалы өнер, жалпы дамыту, музыкалық тәрбие беру, стилистика және дизайн, отбасылық дамыту жаттығулары кабинеттері,т.б., жұмыс жасайтын болады. Орталықтың басты міндеті – әйелдердің отбасындағы рөлін арттыру, болашақ аналарға қазақ халқының салт-дәстүріне сай тәрбие беру.
Облыс әкімі ұсынылған тұжырымдаманы мақұлдап, орталық құрылысын осы жылдың 1 маусымына дейін аяқтауды тапсырды.
«Биыл Ақтөбе облысында балаларды дамыту үшін барлық жағдайды жасауға бағытталған «Бақытты балалық шақ» ауқымды акциясын өткізу жоспарланып отыр. «Аналарга тағзым» орталығының құрылысы — осы жұмыстың маңызды бағыттарының бірі. Жалпы, оның қызметінің Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу арқылы әлеуметтік мәселелердің шешімін табуда маңызы зор болмақ», — деп түйіндеді облыс әкімі.