Жаңалық

Ақтөбеде «Big бояу» арт-акциясы басталды

Арт-акцияға қатысушы Қазақстан Республикасының Суретшілер одағының мүшелері, жас суретшілер, барлығы 16 суретші шеберліктерін шыңдауда. Акция барысында суретшілерден сұхбат алынған болатын.

2019 жылдың 25-30 қараша аралығында Ақтөбе қаласында облыстық Өнер музейінің ұйымдастыруымен «Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасы аясында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Big бояу» арт-акциясы өткізілуде. Арт-акцияға қатысушы Қазақстан Республикасының Суретшілер одағының мүшелері, жас суретшілер, барлығы 16 суретші шеберліктерін шыңдауда. Акция барысында суретшілерден сұхбат алынған болатын.

Казакова Ильсияр, Қазақстан Республикасының Суретшілер одағының мүшесі.

Көрменің сіз үшін маңыздылығы қандай?

«Big бояу» арт-акциясына қатысуды шеберлігімізді шыңдау деп білемін. Өте жақсы ұйымдастырылған шара. Акция біздерге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Суретшілердің бір жерде тоғысып жұмыс жасауы, пікірлесіп, тәжірибе алмасуы шығармашылық серпін беріп, шабытын шыңдайды. Қуантатыны, салынған суреттермен музейдің қоры толығады, біздің жұмыстарымыз келер ұрпаққа жетеді».

Көбіне қандай типтегі суреттерді салғанды ұнатасыз?

«Сурет салу – үлкен дарындылық, ал ұлы тұлғаның шығармашылығын кенеп бетіне түсіру – жауапкершілік. Осы жауапты жұмысты толығымен ақтап шығу, суретшіні бір белеске көтеріп тастағанмен теңдес.

Мен акцияға қатысар алдында Абайдың шығармашылығымен таныстым. Оның өмір туралы, махаббат туралы өлеңдері қатты әсер етті. Шығармаларын оқып отырғанда сол заманның келбеті көз алдыңа келеді. Халықты өнер-білімге шақыруда аз сөзге көп мағына сыйғызатын терең ойлы адам екеніне тәнті болдым. Ұлы ақынды өз заманынан озып туған ғұлама дер едім.

Мен махаббат тақырыбында суреттер саламын. Ғашықтардың сезімін жеткізуде қыл қаламды түрлі түске бояймын».

Әрбір сурет өзіндік мағынаға ие болатыны белгілі. Сіз салып жатырған суретіңіз туралы не дейсіз?

«Махаббат тақырыбы жақын болғандықтан, мына суретте қыз бен жігіттің сезімін жеткізу сәтін бейнеледім. Бір қарағанда табиғат аясында бір-біріне сүйсіне қараған екі жас сиқырлы кілемшенің үстінде ұшып жүргендей көрінеді. Айналасы көгорай шалғын, жайқала өскен гүлдер қазақтың ою-өрнегін бейнелейді. Гүлдер де махаббат жырын айтып, әндеткендей болып тұр. Риясыз махаббат сезімі екі жастың аяғын жерге тигізбей, аспан көгінде шалықтатып тұрғандай жан толғанысын жеткізгім келді. Бұл сурет арқылы көрермен Махаббат деген ұлы сезімді биік ұстап, өмірдің бастауы пәк сезімнен басталатынын сезінеді деп ойлаймын».

Суретшінің көркем туындылары келер ұрпақтың өзінің ұлттық тарихи мәдениетін танып білуіне, эстетикалық тәрбие алуында маңызды орын алады.

Дундоч Татьяна, суретші:

Көрменің сіз үшін маңыздылығы қандай?

«Бір ұлттың баласы болып өмір есігін ашып, бүкіл адамзаттың перзенті болу екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақыт. Олар уақыт туғызған ұлы тұл­ғалар. Ұлылар ұлтқа бөлінбейді. Ұлылар адамзатты, гуманизмді жырлайды. Сондай ұлы тұлғаның бірі – Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып отырған арт-акцияның маңызы өте зор. Оның поэзиясы мен прозасы, көсем сөздері мен көркем ойла­ры – әлем мәдениетінің алтын қазынасына айналды. Ақынның өмір толғаныстары, табиғат пен адамзаттың үндестігін, махаббат сезімдерін жырлаған өлеңдері өміршеңдігін жойған жоқ. Абай шығармаларының келер ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі әдебиет, өнер, мәдениет арқылы жалғаса берері сөзсіз».

Әрбір сурет өзіндік мағынаға ие болатыны белгілі. Сіздің салып жатырған суретіңіз туралы не дейсіз?

«Әдебиетшінің парақтап жазатын кітабын суретші бір полотнаның бетіне сыйғызады. Айтар ой, сезім, оқиға бір сәтте көз алдыңда болады. Суретшінің ерекшелігі де сонда. Мен Қазақстанда туып өстім. Сондықтан ұлы Абайдың шығармаларымен жақсы таныспын. Акция аясындағы суретім архитектуралық пейзаж түрінде салынды. Үлкен кенеп бетіне «Абай Құнанбаев» жазуы графикалық әріптермен салынды. Әр әріптің бойында Абайдың аты берілген мұражай, театр, оқу орындары, парк, ескерткіштер бейнеленген. Олар өз елімізден басқа Москва, Ташкент, Будапешт, Пекин, Каир қалаларында орналасқан. Мен осы сурет арқылы болашақ ұрпаққа Абайдың әлем мойындаған ұлылығын жеткізгім келді. Бір қарағанда жәй жазу болып көрінуі мүмкін. Бірақ зер салып қараған адам мол мағлұмат алады деп ойлаймын».

Өнердің мұраты – көркем шындықты бейнелеп, санасы бар жанның эстетикалық сезімін тудыру болса, суретші – халқымыздың сурет өнері арқылы жас ұрпақтың санасына ұлттық мәдени тәрбиелік тұрғыда білім беретін өнер адамы. Суретшілер ақын, жазушы, композитор, режиссер сияқты тың дүниені өмірге әкелетін сезімтал жандар болғандықтан осындай шаралар бізді жігерлендіріп, қанаттандырып отырады.

Сухотина Евгения, Қазақстан Республикасының суретшілер одағының мүшесі:

Көрменің сіз үшін маңыздылығы қандай?

«Big Бояу» арт-акциясы шеберлігімізді шыңдау үшін өте жақсы ұйымдастырылған акция деп білемін. Және тың, жаңа дүниелердің жарық көруіне берілген үлкен мүмкіндік. Осы байқау барысында Абай бейнесін әр суретші қиялына, қыралығына, өресі мен түсінігіне қарай әр қырынан суреттеуге жаңа идеялар мен мүмкіндіктер көбейе бастады. Бір суретші Абайдың шығармаларын суреттеріне арқау етсе, енді бірі Хәкім Абайдың портреті арқылы, тұңғиық-тереңіне бойлай, қылқалам ұшына сыйдырып жатыр. Түсіне білгенге, бұл сурет өнері де ақындықтан еш айырмашылығы жоқ секілді. Хәкім Абай жан-дүниесі мен айналасындағы болып жайтқан жайттарды, оған көзқарасын, ішкі сезімін қара өлеңмен қалай жеткізсе, біз де дәл сол сезімді қылқалам мен сырлы боялар сиқырымен бейнелеу арқылы жеткіземіз. Ақындар шығатын ұшы-қиыры жоқ қиял биігіне суретшілер де жиі барады. Фантазия – бұл өнердің шабыты десек те болғандай. Ал, мұндай рухани күш пен қанатты қиялдан туған дүниеден көрермендердің де алары көп болары сөзсіз».

Көбіне қандай типтегі суреттерді салғанды ұнатасыз?

«Пейзаж жанрындағы суреттер менің жаныма жақынырақ. Дегенмен де байқау тақырыбына, талаптарына байланысты басқа қырымыздан жұмыс жасап, ашылуымызға мүмкіндік берілді. Байқаудағы менің салып жатқан суретім негізінен Абай жолын бейнелейді. Сол арқылы Абайдың тұлғасын жан-жақты ашуға тырысып жатырмын. Сурет әлі толығымен аяқталған жоқ. Дегенмен қиялымда әлі де көп идеялар бар, соларды толығымен осы туындыма сыйғызамын деп ойлаймын. Акция арқылы Абайдың жаңашыл жағын ашқым келді. Байқасаңыз, картинадан «өткені» мен «келешегін» ойлаған Абай бейнесін көресіз. Кітаптар мен толқынды ұштастыра бейнелеу арқылы «Абай жолы» бейнеленген. Том-томдап жазылған «Абай жолы» осы бір картинаға сыйып тұр. Абайдың бала кезінен, оның барлық жүріп өткен жолы мен шығармашылығын, отбасы мен рухани әлемін осы еңбегімнен аңғаруға болады. Осы сурет арқылы көрермендерге Абайдың тұлғасын, өмірі мен шығармашылығын жеткізу, ұғындыру – менің негізгі мақсатым. Шынымды айтсам, осы байқау арқылы өзім де Абаймен танысып жатырмын десем де болады. Акцияға қатысу үшін көптеген Абайдың шығармаларын оқып шығып дайындалдым. Дәл осы сезімді мен картинамда салдым. Картинаның толық нұсқасын акция аяқталғаннан кейін өнер музейінің залдарынан көре аласыздар».

Кубекова-Бураханова Бейсенкүл, Қазақстан Республикасының суретшілер одағының мүшесі:

Әрбір сурет өзіндік мағынаға ие болатыны белгілі. Сіздің салып жатырған суретіңіз туралы не дейсіз? Яғни салған суреттеріңіз өзіңіздің өміріңізден хабар береді ме?

«Әрине, әрбір суреттің өзіндік мағынасы болады, тіптен, әр суретте бір не бірнеше ой қатар тоғысып та жатады. Менің бұл байқауда салып жатқан суретімнің тақырыбы – Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» өлеңі. Яғни, Абайдың осы өлеңін арқау етіп, қазақтың бар болмысы мен құндылығын, салт-дәстүрін осы картинамен көрсетуді мақсат етіп отырмын. Осы суретті салар алдында үлкен дайындықпен келдік десек болады. Біздің де жұмысымыз жазушылар іспетті, бір шығарманы шығару үшін көптеген зерттеулер жасауға да тура келеді. Бір қарағанда суретшілерге зерттеудің не қажеті бар деп ойларсыз. Шынында, сурет салу – үлкен дарындылық пен зерттеуді, табандылықты талап ететін өнер. Ал, ұлы тұлғаның шығармашылыған кенеп бетіне түсіру – үлкен жауапкершілік дер едім. Осы картинада түн, ай мен жұлдыздарды бейнелеу үшін, астрономияға бет бұрып, жұлдыздарды зерттеп, аспан әлемін шарлап қайттым. Және ұлтымыздың салт-дәстүрлерін бейнелеу үшін де ұлттық құндылықтарымызды зерделеуге тура келді. Міне, қылқалам өнерінің қызығы мен қиындығы осында жатыр».

Алдағы уақытта қандай суреттер салу жоспары бар?

«Жылдың басында Ақтөбенің 150 жылдығына арналған көрмем өтті. Келер жылы сәуір айында барлық ұлы тұлғаларға арналған үлкен көрмемді өткізсем деген жоспарым бар. Мен осы шараны ұйымдастыруда өнер музейінің ұжымына үлкен ризашылығымды білдіргім келеді. Суретшілерге үлкен мүмкіндік жасап отыр, сурет салатын құралдары, бояулары барлығын тегін беріп, жағдай жасап жатыр. Шыны керек, үйде біздерге мұндай мүмкіндік бола бермейді. Шығармашылық пен өнерге үлкен мән беріп, қолдау көрсетіп жатыр. Бір жағынан қасыңдағы суретшінің жұмысын көре отыра өзіңе тәжірибе жинақтайсың. Суретшілермен осындай шығармашылық бас қосу акциялары үнемі болып тұрса нұр үстіне нұр болар еді». 

Ақтөбе облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button