Жаңалық

Ақтөбеде бір аптада не істелді?

Ақтөбеде «Халық кеңесі» ескерткіш-белгінің ашылуы, «Әдебиет. Рух. Қоғам» әдеби форумы, Абай Құнанбайұлы ескерткішінің ашылуы бойынша мәдени іс-шаралары өтті.

Ақтөбе қаласында «Әдебиет. Рух. Қоғам» республикалық форумы өтті. Оған Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын Ақұштап Бақтыгереева, ШҚО Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров қатысты. Аймақ басшысы әдебиет кешінің ашылуында құттықтау сөз сөйлеп, «Киелі Ақтөбе өңірі тың туындыларымен, өлең жырларымен қиырға шарлатып, қияға самғататын ақиық ақын-жазушыларға бай өлке. Қазақ ауыз әдебиетінің соңғы жырауы Н.Байғанин, одан кейінгі Т.Ахтанов, Қ.Шаңғытбаев, Ж.Тілепбергенов, С.Жиенбаев, Ө.Нұрғалиев, Т.Жармағамбетов, Қ.Тоқмұрзин, Е.Дүйсенбаев, Қ.Мұханбетқалиевтердың әрқайсысы бір төбе. Бүгінде олардың ізін жалғаушы ақтөбелік ақын-жазушылар қазақ әдебиетінің дамуында өзіндік орындарының бар екендігін көрсетіп келеді. Осындай ірі шаралармен бірге өтіп жатқан бүгінгі басқосу Ақтөбеге, жалпы елімізге жаңа бір рухани серпіліс, жаңа леп береді деген сенімдемін», – деп бірқатар ақын-жазушыларға арнайы сыйлықтар табыстап, келген қонақтарға өзінің алғысын білдірді.

Былтырғы жылғы форум аясында қолға алынған бірқатар шаралар жүзеге асырылды. Ақын І.Мәмбетовтің, С.Жиенбаевтың, Т.Жармағамбетовтердің мерейтойлары кең көлемде атап өтілді. «Ақтөбе кітапханасы» сериясы жалғасып 27 том кітап жарық көріп, бұл сериямен шыққан кітаптар саны 50-ге жетті. Жастар жылына орай Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының ұсынысымен «Жауқазын» сериясымен 10 ақтөбелік жас қаламгердің тұңғыш кітабы жарыққа шықты. Өмірден өтсе де ұрпақ үшін әдебиет саласында өшпестей із қалдырған ақтөбеліктер рухына арнап, Ақтөбе облысының әкімдігі қаламгерлердің атындағы 7 арнайы степендия тағайындалып отыр. Келесі жылы тағы да ақтөбелік ақын-жазушылардың атындағы қосымша 6 номинация бойынша арнайы степендия тағайындау жоспарланып отыр.

Әдеби кештен соң ұлы ойшыл, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткіші ашылды. Айшықты шарада құттықтау сөз сөйлеген О.Оразалин ұлы ақынның халқымыздың өмірінен алар айшықты орнын атап өтіп, құрметті қонақтарға алғысын білдірді.

«Биыл елімізде ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл мерейтойына байланысты көптеген іс-шаралар жоспарланған болатын. Алайда, əлемде орын алып жатқан эпидемиологиялық ахуал елімізге кері əсерін тигізіп, жоспарланған шаралар кейінге шегерілді. Дегенмен, біз ұлы ақынға арналған түрлі шараларды жаңа форматта өткізіп келеміз. Міне, бүгін сүйікті мекен Ақтөбеміздің дәл ортасынан айшықты орыннан ұлы ақынның құрметіне ескерткіш ашылғалы отыр. Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, рухы көрініс тауып келеді. Биылғы мерейтой елге ой салатын, тағылымы мол нақты шаралармен жалғасуда. Әлемге танымал бас ақынымыздың еңбегін халық болып ұлықтау мемлекетіміздің мерейін арттырады. Ұлы ойшылдың асыл мұрасын ардақтау және жан-жақты дәріптеу – баршамыздың міндетіміз. Ол үшін бүгінгі буын Абай мұрасынан нәр алып, рухани кемелденуі қажет. Бұл үрдіс Абай жылынан кейін де жалғасын табатын болады» – деді.

Аталмыш шара барысында Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары М. Шермағанбетов, басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Халық кеңесі» ескерткіш-белгісі ашылды. Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының мәліметі негізінде Ақтөбе қаласының батыс жағындағы Жіңішке өзені бойында Сырым батыр Датұлы жетекшілігімен 1785 жылы Қазақстан тарихындағы тұңғыш «Халық кеңесі» құрылтайының өткендігі расталды. Осыған байланысты Қазақстан еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қажығали Мұхамбетқалиұлының ұсынысымен Сырым Датұлы жетекшілік еткен «Халық кеңесі» құрылтайы өткен жерге ескерткіш-белгі орнатылды.

Қажығали Мұханбетқалиұлы – Ақтөбенің киелі Байғанин топырағынан шыққан қаламгер, қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар танымал жазушы. Сөз зергері Қажығали Мұханбетқалиұлының есімі оқырманға жақсы таныс. Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар жазушының туындылары өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап танылды. Оның «Жұлдызды түндер», «Тоғай сыбдыры», «Жаңғырық», «Қайдасың, сен махаббат» кітаптары жарық көрді.

Кеш барысында жазушының шығармалары кеңінен таныстырылды. Оның әйгілі «Тар кезең» тарихи романын оқырман қауым жақсы біледі. Онда Сырым батыр бейнесі, сол кездегі күрделі кезең толығымен сипатталған. Суреткер осы туындысы арқылы 2016 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. Бұл Тахауи Ахтановтан кейінгі мемлекеттік сыйлықты алған екінші ақтөбелік жазушы болды.

Рәсімге ақын-жазушылар мен оқырман қауым түгел жиналды. Шараның өскелең ұрпаққа берері мол болды.  Іс-шараға ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері, жақын туыстары қатысты.
Салтанатты жиында Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары  Мейрамбек Шермағамбетов жиылған жұртшылықты жаңа оқу кабинетінің ашылуымен құттықтап, өскелең ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосып отырған университет ұжымының жұмысына сәттілік тіледі.

Оқу кабинетінің ашылуында профессор Бауыржан Ердембеков қабырғалы қаламгер, университеттің құрметті профессоры Қажығали Мұханбетқалиұлының оқу ордасында өткізілген айтулы шараларға қатысып, салмақты ойларымен және зерделі естеліктерімен жас ұрпақ санасына руханият уызын сіңіре білгенін жеткізді.

Сонымен қатар Жұбанов университетінде Ақтөбе өңірінен шыққан әйгілі тұлғаларды  насихаттау мақсатында «Ақтөбе ақтаңгерлері» деген жоба бастау алған болатын. Соның бір қадамы ретінде бүгін университет мерейтойы аясында  ақын Төлеген Айбергенов атындағы конференц-зал ашылды.

Салтанатты шараға Төлеген Айбергеновтің қызы Салтанат Айбергенова, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбетов, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын Ақұштап Бақтыгерева, Байбота Қашым-Ноғай, Жанат Әскербекқызы бастаған белгілі қаламгерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ардагерлер, меценаттар, ғалымдар қатысты.

Тұсаукесер рәсімін кіріспе сөзімен ашқан ректор Бауыржан Ердембеков ақынның құрметіне ашылған залдың Ақтөбе өңірінен шыққан әйгілі тұлғаларды насихаттау мақсатында «Ақтөбе ақтаңгерлері» ауқымды жобасының нәтижелі жұмыстарының бірі екендігін тілге тиек етті. Өз кезегінде университет басшысы ақиық ақынның қызы Салтанат Айбергеноваға «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне 85 жыл» мерекелік медалін табыстады.

Шарада қазақтың біртуар қаламгерлерінің бірі Төлеген Айбергеновке арнап ашылған конференц-залдың лентасын көрнекті ақындар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегерлері Ұлықбек Есдәулет пен Ақұштап Бақтыгереева қиып, ақтөбеліктерге ақжарма тілегін айтты.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет қазақтың руханиятын, әдебиеті мен қаламгерлерін қолдау мақсатында университетте қолға алынған бастамаларға ризашылығын жеткізді.

Одан кейін ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері  Ақұштап Бақтыгереева Төлеген Айбергенов жайында ағынан жарыла сөз сөйлеп, қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасын қалдырған замандасының сыр-сипатына ерекше тоқталды. «Төлеген Айбергенов 1967 жылы Қаскелеңге келгенде мен 22 жаста болатынмын. Қаскелеңде  филологиядан практика өтіп жатқан кез еді. Көп студент. Бәріміз мектепте араласып тұрамыз. Сабақ бітіп, үш қыз жалдаған пәтерге кетіп барамыз.  КазПИ-дің студент жігіттері: «Қыздар, келіңдер мұнда, ақын жігітпен танысасыңдар!» деп айқайлады. Ондай тәрбие жоқ бізде. Мойнымызды бұрдық та, кетіп қалдық. «Анау сары қыз, өлең жазады, Оралдың қызы» дейді біреуі. Содан Төлеген намыстанып, «Оралдан ұшқан көк қаршыға» өлеңін жазды. Мен де ақын өлеңіне жауап бердім, – деді А.Бақтыгереева.

Сөз соңында А.Бақтыгереева Төлеген Айбергеновтің  қазақ поэзиясында алар орны ерекше екенін айтып, ақынның туған жерінде оның есімін ұлықтап жатқан азаматтар мен университет басшылығына  алғысын білдірді.

Айта кету керек, кабинетке ақынның еңбектері мен портреттері қойылып, ол туралы жазған қаламгерлердің ұлағатты сөздері ілінген.

Кеште ақынның перзенті әрі ақын шығармашылығын зерттеуші ретінде Салтанат Айбергенова әкесі туралы  естеліктермен бөлісті.

«Талантты ақын – ұлттың болмысы. Бірақ бұл бақыт кез келгеннің қолына түсе бермейтіні баршамызға аян. Көбіне таланттар өнермен ғана өмір сүріп, ғұмырын соған қияды, оның да нәтижесі аян: шеккен шынайы азап, жан құлшынысы бекерге кетпейді – мұраң мәңгілік сөресіне қойылады.  Менің әкем Төлеген Айбергенов те  сондай мұрасы  келер ұрпаққа аманат болып қалған ақындардың бірі. Ақын өмірі уақытпен, замана екпінімен өлшенбейді. Олар әр ұрпақпен бірге жасайды. Мен мұны әкем болғандықтан емес, артында қалдырған шағын болса да салмағы зор шығармашылығы арқылы айтып отырмын», – деді Салтанат Төлегенқызы.

Тұсаукесер рәсімінде ақынның қызы Салтанат Айбергенова әкесінің жейдесі мен фотосуреттерін, «Айбергенов әлемі» журналын табыстады.

«Айбергенов әлемі» журналын  ашудағы діттегенім де осы әкем жайында мен білмейтін дүниелерді іздеп табу, жарыққа шықпаған өлеңдері табылып қалады-ау деген ниетпен тың туындыларын толықтыру болды. Бұл басылымда әкем жайындағы сыни пікірлер, арнау өлеңдер, бүгінгі жас толқын ақындардың сатиралық, прозалық еңбектері жарық көреді. Меңзеп отырғанымдай, дәл осы «Айбергенов әлемі» арқылы қолдауға зәру жас таланттар жырлары жұртшылыққа кеңінен дәріптеліп, танылмақ», – дейді С.Айбергенова.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button