Жаңалық

Ақтөбеде «Ер Едіге» жыр мектебі ашылды

Ақтөбеде енді ұлы өнер иелерінің көшін жалғайтын талантты жастар жыраулық дәстүрдің көрнекті өкілдерінен оқып, үйренетін болады деп хабарлайды Ruh.kz порталы өңірдің «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесіне сілтеме жасап.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және «Наурыз шуағы» облыстық іс-шаралар жоспарының «Шежіре күніне» орай ұйымдастырылған шараны Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова ашып, есімдері елге танымал бірқатар жыршы-жыраулар, дәстүрлі өнер өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары мен жыр сүйер қауым қатысты.

«Ер Едіге» жыр мектебінің ашылуына арнайы маңғаз өлке Маңғыстаудан ат арытып келген белгілі жырау, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Жеткзіген Сейтовке Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова қазақы дәстүрмен шапан жауып және елордалық, “Қобыланды” жырынан үзінді жырлаған, көмейінен жыр төгілген 16 жасар жыршы, Қазақ ұлттық өнер университеті колледжінің 2 курс студенті Абдуррахман Естайұлына да Алғыс хат, «Ер Едіге» музыкалық альбомын және «Едіге» қорының арнайы төсбелгісін табыстады.

Жыр кешінде  «Едіге», «Қобыланды» тарихи-қаһармандық эпостарынан үзінді жырларды Демеубай Жолымбетов, Ғазиза Әбдірова,  Абдуррахман Естайұлы, Мырзағұл Жұмағалиев жырласа, ал «Кіші жүздің ерлері» толғауын жыршы Әділбек Сарин, Сарышолақ Боранбайұлының «Жыр бастауын»  Жаңбырбай Әбдірайым жырлады.

Облыстық халық шығармашылығы орталығы негізінде жұмыс істейтін «Ер Едіге» жыр мектебіне белгілі жыршы Демеубай Жолымбетов жетекшілік етеді. Жырдың түрлі бағыттары бойынша Әділбек Сарин, Нұрбек Сансызбаев сынды жыршылар жас өрендерді саф өнерге баулитын болады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button