Ақтөбеде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың жүйелі тәсілдері аталды
Ақтөбе облысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару орталығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың пәрменді тәсілін ұсыну, облыстық салалық және оларға қарасты мемлекеттік мекемелердің, ЖОО-ның жауапты мамандарына әдістемелік көмек көрсету мақсатында семинар-практикум өткізді деп хабарлайды Ruh.kz порталы өңірлік орталыққа сілтеме жасап.
Семинар аясында ҚР мәдениет қайраткері Е.Құрманбек «Мен жыршы елдің ұрпағымын» жобасы аясында Ақтөбе музыкалық колледжі жанындағы мектеп оқушыларына арналған жыршылар мектебіне Н.Байғаниннің есімін беру, дарынды балаларға арналған инновациялық жобаларды әзірлеу, Ы.Алтынсариннің 180 жылдығы, Ә.Бөкейханның 155 жылдық мерейтойларын тиісті дәрежеде атап өтуді ұсынды. Өлкетанушы Б.Мырзабай бағдарлама аясында облыста «Ұлттық асхана» жобасын қолға алу қажеттігін алға тартты.
Кездесу барысында сондай-ақ, қазақ әліпбиінің латын графикасына ауыстырылуы, Ақтөбе облысында бағдарлама аясында 2021 жылы жүзеге асырылатын шаралар мәселелері қозғалды.Мұнымен қоса, жиында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «30 жыл – 30 нақты іс», «30 жетістік», «30 жаңа есім», «30 қайырымды іс» және «Тәуелсіздікке тағзым» жобалары аясында жүргізілетін іс-шаралар туралы айтылды.
Онлайн форматта өткен шараға онлайн ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын үйлестіру департаментінің «Жобаларды жоспарлау және дамыту басқармасы» басшысының м.а. Т. Тусупов және «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ сарапшы-менеджері С. Молдағалиев, облыстық басқарма басшылары, жоғары оқу орындарының бағдарламаға жауапты мамандары қатысты.
Іс-шара соңында семинар-практикумға қатысушыларға сертификаттар табысталды.