Ақтоты Райымқұлова «Қазіргі балалар әдебиеті» атты онлайн-конференцияға қатысты
Бүгін Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова еліміздегі балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы жəне 23 сəуір – Дүниежүзілік кітап пен автор құқығын қорғау күніне орай ұйымдастырылған «Қазіргі балалар әдебиеті» атты онлайн-конференцияға қатысты деп хабарлайды Ruh.kz порталы ведомствоның ресми сайтына сілтеме жасап.
Мәдениет және спорт министрі конференцияға қатысушыларды Дүниежүзілік кітап және автор құқығын қорғау күнімен құттықтап, өткен жылы пандемия кезінде қолға алынған «Ұлағатты ұрпақ» жобасының нәтижелеріне тоқталып өтті.
«Бұл ретте мақсатымыз – білімдіден шыққан сөздің қадірін түсінетін саналы ұрпақ тәрбиелеу, балаларымыз бен жасөспірімдеріміздің мәдениетін көтеру. Әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы»,-деген қанатты сөзін әрбір азамат өзінің бой түзер бағдары етуіне ықпал ету. Министрліктің бұл жылы жоспарланған мәдени-танымдық, оқыту шараларының барысы алуан түрлі. Соның ішінде, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мақсатында министрлік 2020 жылы жалпы білім беретін мектеп оқушыларына арналған «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру жобасын (онлайн платформа) іске қосқан еді. Бүгінде сайтта 5 бағыт бойынша (бейнелеу, театр, музыка өнері, кинематография, «Қасиетті Қазақстан») 300 бейнесабақ жүктелген.
Айта кетейік, бүгінгі таңда «Ұлағатты ұрпақ» жобасы балалар мен жасөспірімдер арасында сұранысқа ие. Бұл жоба жайлы әлеуметтік желіде пікір білдірген аға буын өкілдері де біршама. Биыл 1 сәуірдегі мəлімет бойынша жобаның бейнекөрсетілімін тамашалағандар саны 2 млн, 900 мыңнан асқан болса, 12 000-нан астам оқушы арнайы тест тапсыру үшін сайтқа тіркелген»,-деді.
Осыдан кейін Ақтоты Райымқұлова Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылының маңыздылығы жайлы айтты.
«Министрлік осы жылы заманауи балалар әдебиетінің жаңа өкілдерін ынталандырып, үздік балалар әдебиетін қолдау шараларын жүргізуді қолға алып отыр. Биыл «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бюджеттік бағдарламасы аясында шығатын балаларға арналған шығармалардың саны артады.
Мысалы, соңғы он жылда Министрліктің қолдауымен 169 атау бойынша балалар әдебиеті 384 000 дана таралыммен басып шығарылып, кітапханаларға тегін таратылған. Осы 10 жыл көлемінде республикалық бюджеттен 424 млн.теңге қаражат бөлінген болса, биыл бөлінетін қаражат 227 млн.теңгені құрап отыр.
Яғни, 2021 жылы балалар мен жасөспірімдерге арналған 40 атау бойынша әдебиет 120 мың дана таралыммен басып шығарылып, кітапханаларға тегін таратылады. Бұдан басқа өздеріңіз білесіздер, балаларға арналған мультфильм, көркем фильм, қуыршақ театры, жасөспірімдер театрында қойылатын пьесалардың бәрі де көркем әдебиеттен бастау алады.
Осыған орай министрлік жанынан құрылған қоғамдық маңызы бар әдебиеті сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясы балалар мен жасөспірімдердің талғамы мен қажеттілігіне қарай заманауи шығармаларды іріктеуге ерекше талаптар қойып отыр. Айта кетейік, бүгінде оқырмандар арасында сұранысқа ие авторлар мен әдеби шығармаларды анықтау мақсатында аталған комиссия құрамына еліміздің көпшілік кітапханаларының өкілдері алынды. Яғни, комиссия құрамының 50% кітапханашылар.
Олар өз кезегінде комиссия қарауына түскен әрбір әдебиет түрін оқып, әдеби-мазмұндық жағынан оқырман қызығушылығын туғызатын шығармаларды анықтайды.
Сонымен қатар министрлік Ұлттық кітап палатасымен бірлесіп қазіргі балалар әдебиеті саласындағы жаңа авторларды ынталандыру мақсатында «Жылдың үздік кітабы», «Үздік балалар шығармасы» атты республикалық байқаулар ұйымдастырады. Өткен жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан бұл байқауларға биыл да республикалық бюджеттен қаржы қарастырылған. Бұдан бөлек, биыл отандық жазушылар мен ақындарды қолдау мақсатында Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына» фестивалі аясында «Бердібек Соқпақбаев атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік кітаптың авторы», «Кітап оқу мен кітапты жылжыту жөніндегі үздік медиа жоба» атты арнайы номинация қарастырылып отыр»,-деді министр.