Ақыл ағыны және ғылымдағы теңсіздік
АҚШ-қа ХІХ ғ. бастап Англиядағы өнеркәсіп төңкерісінен кейін ағылшын ғалымдарының көбі, әсіресе жастарының ағыны басталды. Осылайша Франция мен Англиядан негізінен діни қудалудан қашқан немесе жаңа өмір іздеп келген жас өнертапқыштар АҚШ ғылымының негізін қалады. Осы кезеңде АҚШ-та ашылған өнеркәсіп жаңалықтары бұрынғы метрополия Англияны басып озып, әлемдегі ғылымның орталығына айнала бастады. Англия мен Франциядан ақылдың ағуы ХХ ғ. ортасына дейін жалғасты.
ХХ ғасыр ортасынан бастап АҚШ-ты ғалымдармен Германия қамтамасыз ете бастады. Фашизмнің қудалауынан қашқан көптеген ғалымдар АҚШ-қа қоныс аударды. Олар АҚШ ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Германиядан келген ғалымдар АҚШ ғылымын жаңа сатыға көтерді. Осылайша АҚШ-ты ғалымдармен қамтамасыз етуші елдердің басын Алмания алды.
ХХ ғасыр соңында социалистік жүйе күйрегеннен кейін алғаш Шығыс Еуропалық, кейінірек Ресейлік ғалымдар АҚШ-қа ауа бастады. Әсіресе орыс ғалымдарының екі мыңжылдықтың түйісуіндегі АҚШ ғылымына қосқан үлесі зор. Осының арқасында АҚШ өзін ғылыммен қамтамасыз етуші жаңа елдерді ашты. Оның өрмегіне бүкіл Еуропа түсті.
Алайда ХХ ғасыр басында Ресейдің орнын Үндістан алды десек қателеспейміз. Қазіргі таңда АҚШ-ты ғалымдармен қамтамасыз етуші бірден-бір ел Үндістан болып отыр. Үндістанның ғалымдары тек қана АҚШ-ты емес ХХ ғасырдан бастап ғалымдарды АҚШ-қа жібермес үшін оларға жасалатын жағдайды жақсартқан Батыс Еуропада да көптеп кездеседі. Үндістан ғылым мен білімнің дамуы жағынан алдыңғы орындағы елдердің бірі. Техникалық ғалымдарының саны жөнінен дамыған елдерді де артқа тастап отыр. Бірақ Үндістанда білімін алып, белгілі бір деңгейге жеткен ғалымдарды немесе талантын жас кезінде көрсеткен жеткіншектерді түрлі гранттар беру арқылы Батыс компаниялары өздеріне алып отыр.
Швейцария әлемде тек қана банкілер орталығы ғана емес, ғылымның да орталығы ретінде саналады. Бүкіл Еуропада өндірілетін дәрі-дәрмектердің жартысы мұнда өндіріледі. Тек қана бір фармацевтикалық компанияда 6000-дай ғалым жұмыс істейді. Олар ашқан жаңалықтар (ХХ ғасыр аяғынан бастап қандай да бір жаңалықты жекелеген адамдардың ашуы азайып, жаңалықтар негізінен ғылыми орталықтар арқылы ашылып отыр) дереу патенттеліп, басқа елдерге сатылады.
Қазақстанның да дамуы тек қана ғылыммен байланысты. Халқы аз Қазақстан ешқашан өнеркәсібі дамыған ірі елге айнала алмайды. Біз тек қана ғылымымызды дамыта отырып, озық технологиялар шығара алуымыз мүмкін, сол технологияларды сатып қана ірі елдермен бәсекелесе аламыз. Бұл мәселеде мынадай мысал келтіруге болады. Қазір Қазақстан ірі ұн экспорттаушы елге айналды, біз астығымызды ұн етіп сату үшін көптеген диірмендер салып жатырмыз. Алайда сол диірмендерге қойылатын аппараттар өзімізде жасалмайтын болғандықтан, бізге қарағанда ғылымы ілгерілеу Қытай мен Түркияның аппараттарын қолданып отырмыз. Бірақ ол аппараттарды жүргізу үшін компьютер бағдарламалары қажет, аталған елдер ондай бағдарламаларды өздері жасай алмағандықтан Германия мен АҚШ-тан сатып алып отыр. Бір диірменде жүзге тарта жұмысшы істейді және мұндай ірі деңгейлі диірменнің жылдық табысы 20 миллион доллар шамасында болып келеді, ал енді Қытай мен Түркияда диірмен аппараттарын жасайтын зауыттарда да жүзге тарта жұмысшы жасайды және мұндай шағын аппарат зауыттары жылына сол жиырма миллионға жуық табыс табады. Тек қана диірмен аппараттарына компьютер бағдарламаларын жасайтын орталықтарда да сол жүз қаралы адам жұмыс жасайды, олардың да табысы жоғарыдағыдай болып келеді. Бірақ біздегі және Түркия мен Қытайдағы зауыттардың жұмысшылары лас жерде жұмыс жасайды, ауыр жұмыс жасайды, денсаулығына зиян келтіреді, қаншама қалдықтар шығаратын экологияғы зияны тағы бар, ал ғылымы дамыған елдердегі орталықтар болса сол тап-таза күйінде келіп кетеді, табысы да әлдеқайда жоғары, мемлекетке пайдасы да біздегі зауыттардан кем емес, экологияға да залалсыз.
Бұл бір ғана сала. Басқа салаларда да осындай жағдай қайталанып отыр, Батыс технологияны ойлап табады, Қытайдың немесе сондай бір елдің зауыттарында оны миллиондап жасатады, сөйтіп оны басқа елдерге сатады. Табыстың да негізгі бөлігі өздерінде қалады. Голливудтың бір фильмінің табысы басқа елдердегі орта дәрежелі зауыттардың жылдық табысымен пара-пар. Бірақ дәл Голливудтағыдай фильм түсіруге біздің технология мүмкіндік бермейді.
Мұндай теңсіздіктің шығуына жоғарыдағы ақыл ағыны себеп болып отыр. Әзірге ешқандай ел ғалымдардың Батысқа ағынын бөгеудің жолын таба алмай отыр. Бірақ бұл жолды ішінара тапқан елдер де бар. Ғалымдарының АҚШ-қа кетуін шектей білген Германия мен Батыс Еуропаның басқа елдері, Шығыстың технологиясы дамығын елдері Жапония мен Оңтүстік Корея. Ал бұл жолды таппай тұрып ғылымды дамыту, басқа елдер үшін ғалымдар әзірлеу ғана болады. Бізге де соларды үлгі тұта отырып ғалымдарды ұстаудың жолын табу керек, техника ғалымдарының ашқан жаңалықтырын өндіріске енгізе отырып, (өзімізде жоқ болса амалсыз шет мемлекетке сатып, өйткені оны тез енгізбесе басқа бір ғалым енгізіп үлгереді) өндіріске енген жаңалығы көбейген сайын табысын да көтеріп отыру керек шығар.
Еркебұлан ӘЛІМХАНҰЛЫ