Жаңалық

Ақылды роботтар адамды алмастыра ала ма?

Әлем бойынша алдағы онжылдықта еңбекке жарамды жастардың 40 па­йызына ғана жұмыс бұйырмақ. Демек технология дамыған дәуірде тиісті мамандарды «темір адам» алмастырады деген сөз. Халқы көп Қытайдың өзінде 70 пайыз­дан астам жұмыс орнының қысқартылу қаупі бар.

Бүгінде роботтар Apple өнімдерін шығаратын кәсіпорындардың 60 мың қызметкерін жұмыссыз қалдырған. Ал Amazon компаниясы кассасыз супермаркеттер желісін ашуда. Бұл аз уақытта роботтандыру ғасырына аяқ басатынымызды аңғартатындай.

Жер ғаламшары 2025 жылы адам танымастай өзгеруі мүмкін. Дүниежүзілік экономикалық форумның анықтамасы бойынша, біз төртінші өнеркәсіптік революцияны бастан өткеріп жатырмыз. Бұл жүйе тауар өндірушілерді, дистрибьюторларды және тұтынушыларды бір желіге біріктіруді көздейді. Яғни, өндірісті роботтандыру процесі баста­лады деген сөз. Бүгінде өндіріске кибер­физикалық жүйелер жаппай енуде. Жыл сайын роботтехниканың пайыздық мөл­шері артып келеді. Тіпті кейбір  елдер өнеркәсіпке тиімді 10 жұмысшыға татитын бір роботты құрастырып, іске қос­қан.

Бүгінде жұмыс орны көпшіліктің екінші үйіне айналғаны белгілі. Шын­дығында, кез келген кісіге жалақы таңер­тең ерте тұрып, жұмысқа баруға, одан қалса белсене еңбек етуге стимул бере­ді. Егер төртінші өнеркәсіптік революция толықтай іске асса, еңбек табысымыз немен өтелмек? Қарапайым тілмен айт­қанда, біз қалай және немен өмір сүре­міз? Бұл қазір әлемді алаңдатып отырған күрмеуі қиын мәселенің бірі.

Еуропа елдері өндірістің роботтанды­рылуын ынталандыратын бағдарла­маларды кезек-кезегімен қабылдап жатыр. 2027 жылға қарай 10 мың жұмысшыға арналған 30 автоматтандырылған механизм қызметке араласады. Бұл салада АҚШ нарығы 2018 жылы 20%-ға дейін өскенімен келер жылы 16%-ға құл­дырады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, былтыр Солтүстік Америка кәсіпкерлері тек 23 758 ғана өнеркәсіптік робот сатып алған. Бұл президенттік сайлау алдында ойлап тапқан Дональд Трамптың саяси қулығына ұқсайтындай. Ол сайлауалды бағдарламасына сәйкес, болашақта халыққа жұмыс орындарын қайтарып беруге уәде еткен еді. Екінші жағынан, АҚШ-тың Қытаймен сауда соғысы және Еуропамен текетіресі себеп. Өндіріс денуацияны күткендей баяулады.

Алайда жекелеген секторлар бәз баяғы қалпында екен. Мысалы, жуырда АҚШ-тың ең ірі автомобиль өндіруші компаниясы «General Motors Co» электр және өздігінен басқарылатын автомобильдер мен жүк көліктерін шығаруға 2,2 млрд АҚШ доллары көлемінде инвес­тиция салатынын мәлімдеді. Кон­вейерлік желілерді шығаратын «Hytrol Conveyor Co Inc» компаниясы да робот­техниканың өсуінен бас тартпақ емес.

Бұдан байқайтынымыз, роботтехниканы енгізудің негізгі локомотиві автомобиль өнеркәсібі болып отыр. Бірақ одан электроника, металлургия салалары да қалар емес. Логистикада айтарлықтай өсім байқалады.

Жеке пайдалануға арналған роботтар өз алдына дербес кәсіпке айналғалы қашан? Мәселен, үй қызметіне пайдалы шаңсорғыштар, шөп шабатын машиналар, ойын-сауық құрылғылары статис­тикаға енбегенімен бүгінде үл­кен сұранысқа ие. Ол ол ма, алдағы уа­­қыт­та өнеркәсіптен басқа, пилотсыз жолау­шылар көлігінің де күрт да­муы күті­луде. Жеке көмекшілер, тұ­­тыну­шы­ларға қызмет көрсетуге ар­нал­ған роботтар, экзоқаңқалар, ком­мер­ция­лық кеңістіктерге және ауыл шаруа­шы­лығына арналған роботтар және басқа да түрлері жарық көрмек. Ең қызығы, бірлескен роботтар яғни саналы роботтар өмірге келмек. Олар – адаммен бірге жұмыс істейтін және кез келген жағдайға бейімделе алатын жасанды интеллект элементтері бар машиналар. Қиналсаңыз көмектеседі, ауырсаңыз емдейді.

Зерттеушілер жоғары технологиялық машиналар мен компьютерлер адамдарды еңбек нарығынан ығыстырады деп санайды. Жүргізушілердің орнын роботтар басады, банкирлерге деген қажеттілік жоғалады, дәрігер мен қызмет көрсететін персонал мамандықтар қажет болмайды. Компьютерлік технологияға деген қажеттілік туындайды. Қала ішіндегі автобустар мен жеңіл көліктер өздігінен жұмыс істейді.

Жалпы, жақын шамада адам мен машинаның арасында үлкен симбиоз пайда болатыны анық. Енді кәсіп­керлерге кассирлер, даяшылар, банк қыз­мет­керлері, сондай-ақ өнеркәсіпте, құрылыста және ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін адамдардың көпшілігі қажет болмайды. Автоматтандырылған жүйелерді қолдау үшін шектеулі кадрлар жеткілікті болмақ.

Неге десеңіз, роботтардың жұмыс өнімділігі өте жоғары. Аз шығынмен көп нәти­жеге жетуге болады. Олар шығын­ды азайтады, ауырмайды, жұмыстан кешікпейді не сұранбайды, қателеспейді, тек берілген бұйрықты орындайды. Жалақы, әлеуметтік пакет, 1 айлық демалыс сұрамайды. Жұмыс берушіге ең қажет қызметкер сияқты. Ендеше компаниялар оны өз саласына неге енгізбеске?

«Робот адамдарды барлық ауыр жұмыстан босатады. Сонымен қатар адам­дарға бос уақыт сыйлап, күй­бең тіршіліктен басқа не істей алатын­дығына назар аудартады. Мысалы, шығар­машылық тапсырмалар. Нәтижесінде, ерекше формадағы жаңа адамдар мен роботтар командасы құрылады», дейді Мюнхендегі Messe München көрме орта­лығының басқарушы директоры Фальк Сенгер.

Айтпақшы, Азия өнеркәсіптік роботтарды қабылдау бойынша әлемдегі ең ірі нарық болып қала бермек. Тұтастай алғанда үш роботтың екеуі осы құрлыққа тиесілі. 2013 жылдан 2018 жылға дейін өнеркәсіптегі робот қондырғыларының жылдық өсімі орта есеппен 23%-ды құраса, былтыр күрт баяулаған.

Машина адамды ауыстырады деген қорқынышқа келетін болсақ, олар іс жүзінде өзін-өзі ақтамайды. Робот­техниканы енгізгенімен іс өнімді бола­ды деген жансақ пікір. Алайда McKinsey халықаралық консалтингтік компа­ниясы қазіргі кезде адам жасайтын опера­циялардың 60%-ы  болашақта автоматтандырылуы мүмкін екенін болжайды.

Келешекте әрбір адам еріксіз былай ойлауға мәжбүр болатындай: «Мен не істеймін? Неге ұмтылуым керек? Балаларды қалай тәрбиелеймін, оларға не үйрету керек?». Шын мәнінде біз жаңа формацияға қадам басып отырмыз. Сондықтан жаңа әлеуметтік инфрақұрылым құрып, бір-бірімізбен бұрынғыдан да тығыз қарым-қатынастар жасауға бейімделуіміз шарт. Ол үшін бізге адамзат тәрбиесінде бұрын-соңды болып көрмеген төңкеріс жасауға тура келеді.

Иә, сана революциясы оқудан басталады. Роботтандыру, жұмыспен қам­туды қысқарту біз үшін осындай зерттеулерге уақыт беруімен құнды. Сонымен қатар бұл тәжірибе адамзатқа маңызды ең үлкен идеялардың өмірге келуіне септігін тигізбек.

Әлемдік «Gartner» компаниясының ғылыми болжамдарына сенсек, биыл 50 миллиардқа жуық компьютер интернетке қосылады. Оның үстіне көп ұзамай «Ақылды қалалар» жүйесі көбейіп, байлар жаппай «Ақылды үйлерде» тұруды әдетке айналдырмақ. Бұл туралы Мартин Форд өзінің «Роботтар келеді: технологияның дамуы және жұмыссыз болашақ» атты кітабында да тұспалдаған еді. Түбінде роботтар барлық салада адамдарды алмастыратынын айтады автор өз еңбегінде. Автоматтандырылған және роботтандырылған жүйелерді енгізу экономиканың барлық саласына араласпақ.

Саясаттанушылар дүниежүзілік да­му тенденциясы бір ізге түспей, әлем кез келген жағдайда жаһандық жұмыс­сыздыққа ұшырайтынын хабарлауда. Адам табиғаты әлі күнге дейін өзімшіл. Мұндай мінез адамзатты екі түрлі таң­дау жасауға итермелейді. Біріншісі – социа­листік қамытын қайта кию болса, екіншісі – қатыгез нацистік режім.

Шындап келгенде, жаппай роботтандыру неліктен қоғамды сонша әуре-сарсаңға салуы тиіс. Былай қарасаңыз, барлық ауыр жұмысты роботтар жасап, оның зейнетін көру адамзатқа жақсы-ақ дүние ғой. Оларды керегіне жаратып, қажеттіліктеріне қол жеткізсе болды емес пе? Соның нәтижесінде  белгілі бір мөлшерде табыс та таба алады. Мұндай ұсыныстарды қазірдің өзінде көптеген экономистер мен мемлекет қайрат­керлері талқылап жатыр. Тіпті қарапайым азаматтар арасында сауалдамалар да жүргізілуде. 2016 жылы кейбір еуропалық елдер осыған байланысты негізгі кірістер туралы заң жобаларын ұсынған.

Жалпы, адамдар жұмыс істемейтін қоғам не болмақ? Ол қалай дамиды? Адам­заттың өмір сүру формуласы өзгер­ген жағдайда табиғат та құбы­латыны анық. Жұмыр жердің саналы пер­­зенті роботтардың құрсауында қал­са, экономика ілгерілегенімен, рухани кеңіс­тігіміз тарылмасына кім кепіл!? Ақыл­ды роботтар адамзатты ақымақ етпек пе?

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button