Араб шығанағының ең ірі нарығына 75 отандық өнімді экспорттау жоспарланып отыр
Бұл туралы Қазақстанның сауда миссиясы шеңберінде Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшілігінің, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің, «Qaztrade» АҚ компаниясының және Ар-Рияд Сауда-Өнеркәсіп палатасының бірлескен күш-жігерімен өткізілген Қазақстан-Сауд бизнес-форумында айтылды, деп хабарлайды Ruh.kz.

Іс-шараға Қазақстан тарапынан Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын, ҚР Сауда және интеграция министрінің орынбасары Қайрат Төребаев, сондай-ақ «Qaztrade», «MERKE-et combines LLP», «Advanced Business Technologies LLP», «Shathabar IE», «SH Group Partners LLP», «Kaiyp-ata LLP», «AiMap LLP», «ENEGIX LLP» және т. б. 30-дан астам қазақстандық компаниялардың басшылары мен өкілдері қатысты.
Сауд тарапынан Ар-Рияд Сауда-өнеркәсіп палатасы төрағасының орынбасары Наеф Әл-Раджхи, Сауда министрлігінің, Инвестициялар министрлігінің, Сыртқы сауда Бас басқармасының (GAFT) өкілдері, сондай-ақ 40-тан астам Сауд Арабиясы мен араб компанияларының басшылары мен өкілдері, олардың арасында «Alpha Horizons Company», «Arube», «Commercial Lamb Butchery», «Quality E-Business inc» болды.
Елші Б. Арын өз сөзінде ҚР мен САК арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы ынтымақтастықты дамытудың оң динамикасын атап өтті. Атап айтқанда, Б. Арын екі елдің үкіметтері қабылдаған визалық режимді жеңілдету, тікелей тұрақты авиарейстерді іске қосу, экспорттық компаниялардың қатарын ұлғайту және т.б. осы іспеттес шаралар екіжақты сауда көлемін және өзара туристік сапарлар санын едәуір арттыруға мүмкіндік бергенін айтып кетті.
ҚР Сауда және интеграция министрінің орынбасары Қ.Төребаев өз кезегінде қатысушыларды Қазақстанның сауда-экономикалық әлеуетімен және еліміздің экономикасының өндірістік базасын кеңейту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстырды. Осы тұрғыда ол қазақстандық тауар өндірушілер Араб шығанағының ең ірі нарығы - Сауд Арабиясына 75 атаумен отандық өнімді жеткізе алатынын атап өтті. Оның айтуынша, металлургия және тамақ өнеркәсібі өнімдері экспорттық мүмкіндіктерге ие.
Өз кезегінде Ар-Рияд Сауда-өнеркәсіп палатасы төрағасының орынбасары Н. Әл-Раджхи Сауд Арабиясы үшін Қазақстан маңызды әріптес екенін атап өтіп, қазақ тарапының екіжақты ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі ұсыныстарына толық қолдау көрсетті, сондай-ақ ҚР мен Корольдіктің бизнес-топтары арасындағы жаңа байланыстарды орнату және кеңейту үшін барлық қажетті күш-жігерді жұмсайтынын қуаттады.
Бизнес-форум барысында B2B алаңдары ұйымдастырылып, онда САК бизнес-қоғамдастығының қазақстандық компаниялармен практикалық келіссөздері өтті. Іс-шара қорытындысы бойынша агробизнес, IT және коммуникациялық технологиялар салаларындағы Қазақстан және Сауд Арабиясы компаниялары арасында жалпы мөлшері 18,4 млн АҚШ долларды құрайтын 4 келісім-шартқа қол қойылды.
Жалпы іс-шараға қатысқан саудтық кәсіпкерлер бизнес-форумның ұйымдастырылуын жоғары бағалап, оның барысында Қазақстанның сауда-экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктері туралы қажетті ақпаратты ала алды.
Қазақстандық сауда миссиясы шеңберінде ҚР Сауда және интеграция министрінің орынбасары Қ. Төребаевтың САК Сыртқы сауда Бас басқармасы (GAFT) губернаторының міндетін атқарушы Мұхаммед әл-Абдулжабармен, Ар-Рияд Сауда-өнеркәсіп палатасы төрағасының орынбасары Наеф Әл-Раджхимен және Джидда Сауда-Өнеркәсіп палатасының Төрағасы Мұхаммед Юсуф Әл-Нагимен жеке кездесулері ұйымдастырылды. Аталған кездесулер барысында сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты жандандыру жолдары талқыланды.
Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы тауар айналымы 2023 ж. 8 ай көрсеткіштері бойынша 13 млн АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 71,8% - ға жоғары, оның ішінде ҚР-дан САК-қа экспорт 2 есеге өсіп, 7,2 млн АҚШ долларына жеткен.