Жаңалық Редакция таңдауы

Арал бекіресін келесі ұрпаққа жоғалтпай жеткізу – үлкен арманым – Мейрамбек Пазылбеков

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз  болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз»,-деп адал еңбектің басты құндылық екеніне ерекше назар аударғаны белгілі.

Халқымыздың ұмыт бола бастаған қaзaқ кәciпшiлiгiн қайта жандандыруда ұрпаққа өнеге ретінде салт-дәстүрлер мен қолөнерді сақтап, зергерлерді, суретшілерді және ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында елеулі жетістікке жеткен қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу өте өзекті болып отыр.

Осыған орай, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ «Кәсіби шеберлерді таны» жобасы аясында «Halyk Balyk» компаниясы директорының орынбасары және бас технологы, ихтиолог Мейрамбек Жалғасбекұлы Пазылбековпен сұхбаттастық.

Мейрамбек Пазылбеков – балық шаруашылығы саласында жоғарғы білімі бар кәсіби маман. Ол осы мамандықты 2008 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бітірген. Кейін, 2011 жылы «Балық шаруашылығы» мамандығы бойынша магистратураны, ал 2019 жылы докторантураны тәмәмдаған. Сондай-ақ шетелде, яғни Чехияда тағылымдамадан өткен.

Оның балық өсіру мамандығына сүйіспеншілігін оятқан – атасы. Ол оқуын тәмәмдағаннан бастап балық шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келеді. Қазақстандағы ең үлкен шаруашылықтың бірі саналатын Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан «Halyk Balyk» балық өсіру компаниясы директорының орынбасары және бас технолог қызметінде жұмыс істейді.

Халық арасында Мейрамбек Пазылбековты «қазақтың балықбегісі» деп атайды. Еліміздің қай жерінде болмасын бір ерекше балық ұсталса немесе бір балық ауырса, халық оған телефон немесе әлеуметтік желі арқылы хабарласып, жағдайды жеткізуге тырысады. Себебі «балық» десе, азаматтардың ойына бірінші кезекте Мейрамбек түседі.

2022 жылдан бері «Halyk Balyk» балық өсіру компаниясында үлкен жобаның бастамасы ретінде жойылып бара жатқан балық түрін қайта қалпына келтіру және жандандыру мақсатында Қазақстанның Қызыл кітабына енген, Сыр өңірінің – Арал бекіресін өсіруді қолға алған. Сонымен қатар Қазақстанда бұрыннан өсірілетін бағалы балық түрлерінің бірі – тұқы (карп) тұқымдастар түрлерінен сазан, карп және Ақ амур мен дөңмаңдай өсірумен айналысады.

«Біз көптеген балықтың түрлерін табиғатта жойып алдық. Соның бірі – Арал бекіресі. Қазақтың Арал бекіресін сақтап, оны келесі ұрпаққа жоғалтпай жеткізу – үлкен арманым. 2022 жылдан бастап шаруашылығымызда елу данадай Арал бекіресі өсіп келеді. Мүмкін оған бес немесе жеті жыл керек шығар. Келесі уылдырықты алып көбейту мақсатында олар да көзді ашып-жұмғанша өсіп кетеді. Бес жыл көп емес, әрине. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, біз табиғаттан Арал-Сырдария су алабынан елу бес жыл бұрын бұл балық түрін түбегейлі түрде жойып алдық. Алайда оны Балқаш-Іле су алабынан аздап кездестіруге болады. Бүгінде Қызыл кітапқа енген бұл балық түрінің қазіргі жағдайы жойылу қаупінде тұр», – дейді Мейрамбек Пазылбеков.

Сонымен қатар оның айтуы бойынша, Қазақстаннан шетелге жылына 30 мың тонна көлемінде балық экспортталады. Бірақ олардың 99%-ы – табиғи қордағы жабайы, яғни өзінен-өзі көбейіп өсетін балық қоры. Оның басым бөлігі біздің көксерке балығы Еуропаға экспортталады. Көксеркенің құрамында холестирині мен қылтаны аз, деликатес ретінде еті ақ әрі дәмді болғандықтан, Еуропада үлкен сұранысқа ие. Себебі еліміздегі табиғи су айдындардың басым бөлігі таза және суды ластайтын өндірістер қатты дамымаған.

Мейрамбек Пазылбековтың алдағы жоспары – Арал бекіресі арқылы қазақтың балық шаруашылығын әлемге танытып, шетелмен өте тығыз байланыс жасау.  

 

#еңбекадамы #enbekadamy

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button