Арал мен Орал арасы…
Ұлттық кодтың өзегі ретінде тарихи сананы қайта жаңғырту тәуелсіздік жылдарындағы ең басты мақсат-мұраттарымыздың бірі болып келеді. Осы орайда тарихқа үлкен жауапкершілікпен қараған ата-бабаларымыздың бізге қалдырып кеткен баға жетпес мұрасы — Ұлы даладағы алып кесенелер, мүлгіген тыныштық құшағындағы қорымдар, көне мешіттер, ежелгі ғибадатханалардың, керуен-сарайлардың, тұрақтар мен қыстақтардың орындары, мыңдаған құлпытастар сынды ескерткіштерді зерттеп-зерделеудің маңызы өте зор.
Серік Әжіғали – Ақтөбе жеріндегі ескерткіштерді 40 жыл бойы зерттеп келе жатқан ғалым. Ол 1979 жылдан бері біздің облыс аумағында алдымен Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігінің «Қазреставрация» бірлестігі, Қазақстанның ескерткіштерді қорғау қоғамы, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты, соңғы жылдары аталмыш институт пен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бірігіп ұйымдастырған ұзын саны 32 далалық экспедицияға жетекшілік етіпті. Айталық, 1979-80 жылдардағы экспедициялар барысында ұзақ уақыт бойы жойылып кетті деп саналып келген Абат-Байтақ ескерткіші ғылым үшін қайта ашылып, айналымға енгізілді. Сондай-ақ 1983 жылы Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласы» қорымын зерттеуге барған алғашқы экспедицияға да, 1998-2010 жылдар аралығындағы Әбілқайыр хан зиратын анықтау үшін жүргізілген жұмыстарға да Серік Әжіғали жетекшілік етті, т.б.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор, этнолог, археолог, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының бөлім меңгерушісі Серік Әжіғалимен бүгінгі әңгімеміз Ақтөбе жеріндегі көне ескерткіштер, оларды зерттеу, қорғау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар төңірегінде болды.
«Кейінгі ғасырлар мұрасы назардан тыс қалмауы тиіс»
– Серік Ескендірұлы, сіз әрдайым Ақтөбе аймағындағы тарихи ескерткіштердің сан алуан түрлілігімен тамсандыратынын атап айтасыз. Сөзімізді осыдан бастасақ.
– Ақтөбе – жер көлемі жағынан еліміз бойынша екінші орында тұрған облыс. Байғанин, Шалқар секілді ірі аудандардың жеріне Еуропаның тұтас бір мемлекеттері сыйып кетеді. Өткенге көз жіберсек, массагеттік Тұранның, ғұндардың қуатты тайпалық бірлестіктерге бірігуінің, қыпшақ мемлекетінің, Алтын Орда, яғни Жошы ұлысының, Ноғай Ордасының тарихы Арал мен Орал арасындағы осы аймақпен тікелей байланысты екенін көреміз. Мұнда Қазақ хандығының тарихындағы ең бір тағдыршешті кезеңдердегі ең маңызды оқиғалардың іздері де сайрап жатыр.
Тарихы осынша бай өлкенің көне ескерткіштеріне келсек, мысалы, архитектуралық ескерткіштерінің саны жағынан облыс, Маңғыстау, Қарағанды, Қызылорда және Түркістан облыстарымен бірге, еліміздегі алдыңғы орындардағы өңірлер қатарында тұр. Ақтөбеде, әсіресе, халықтық сәулет өнері мен тас қашау өнері ескерткіштерінің сан түрлі және қайталанбас үлгіде болып келетінін айрықша атап айту керек. Ал бұл ерекшеліктің түп-төркінін, себептерін облыстың ұлан-ғайыр аумақты алып жатқанымен ғана байланыстыруға болмайды, сонымен қатар Ақтөбенің Қазақстанның ірі үш аймағының – Сарыарқа, Оңтүстік Қазақстан және өзі құрамына енетін Батыс Қазақстан, яғни Арал-Каспий аймақтарының тоғысқан жерінде орналасқанын да ескеру керек. Осының әсерінен мұнда екі архитектуралық бағыт – бастауын Маңғыстау, Үстірт жағынан алатын батысқазақстандық тас қашау және далалық дәстүрдегі мемориалдық сәулет өнері (күйдірілген кірпіштен салынған мавзолейлер құрылысы) – қатар дамыған.
Сақталып қалған ескерткіштердің арасында: алуан түрлі кесенелер, кейбірі бірдей болып келетін, ал кейбірі басқаларына мүлде ұқсамайтын, әртүрлі типтегі мешіттер, діни-тұрғын кешендері, көне қорымдар, олардағы сағанатам мен «төртқұлақ» түріндегі қоршаулар, қойтастар, сан алуан құлпытастар бар. Осы ескерткіштер арқылы біз халықтық сәулет өнерінің бұл өңірде көне заманнан келе жатқанын, әсіресе Қазақ хандығы тұсында және берідегі ғасырларда қатты өркендегенін көреміз.
Бізге, негізінен, аса берік материалдардан, соның ішінде, мысалы, күйдірілген кірпіштен тұрғызылған кесене-мазарлар жетті. Бұлардың көпшілігі – жоғары билік өкілдеріне арнап тұрғызылған кесенелер. Мысалы, Абат-Байтақтағы кесенеде жоғары билікте болған әулеттің, яғни төре әулетінің өкілі жерленген деп есептейміз. Ал құрылысына шикі кірпіш пайдаланылған көне ескерткіштер, өкінішке қарай, бізге мүлде дерлік жеткен жоқ. Олардың көпшілігін уақыт мүжіп, жоқ етті, ал кейбірі кеңестік дәуірдегі дінге қарсы, тың игеру және басқа науқандар кезінде қиратылды.
Ақтөбе көне ескерткіштерге аса бай өңір болғанымен, тарихи сананы жаңғыртуға, мәдени туризмді дамытуға бағытталған жұмыстар барысында бүгінде тек алты-жеті нысан ғана насихатталып жүр. Бұлар – орта ғасырлардан қалған ғажайып кесенесі бар Абат-Байтақ қорымы, Әбілқайыр хан жерленген Хан моласы қорымы, Жиренқопадағы Қобыланды батырға арналған кешен, Мұғалжардағы Қарағұл, Ырғыздағы Жаныс би кесенелері, Жем бойындағы Қарасақал, Дәуімшар қорымдары…
Өңірдегі тарихи-мәдени мұраның бір бөлігінің зерттеусіз жатқаны, ал енді бір бөлігінің, соның ішінде көрнекті ескерткіштердің де зерттеле тұра, әлі күнге дейін көпшілікке белгісіз болып қалғаны қынжылтады.
– Дегенмен бұл мәселеде алдағы күнге үлкен үмітпен қарауымыз керек емес пе? Соңғы жылдары көне ескерткіштерді зерттеу жұмыстары тек біздің облысымыз ғана емес, бүкіл ел аумағында бұрынғыдан гөрі қарқын алғандай көрінеді…
– Әрине, қазба жұмыстары, түрлі зерттеулер, басқа да көптеген жұмыстар жүргізілуде Алайда осы жұмыстардың қайда бағыт алып бара жатқанын да саралап қою қажет. Тек қана сармат, ғұн дәуірлеріндегі ескерткіштерді шиырлай беруге болмайды. Бергі дәуірлердегі, соның ішінде қазақ ескерткіштерін басты назарда ұстау керектігін ұмытуға айналған секілдіміз. Биылғы күзде біз кешенді экспедициямен Доңызтау өңіріне барып қайттық. Доңызтау – басқа еш жерде кездеспейтін ерекше ескерткіштерге бай өңір. Бұл өңірде мен өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап зерттеу жүргізіп келемін. Бұрын өзім көрген, суретке түсірген, тіркеуге алған ескерткіштердің бір бөлігі қазір жоқ. Бүгін бар ескерткіштер де тіпті алдағы жақын жылдарда солай жоқ болуы мүмкін. Қорғандар астындағы сармат, ғұн дәуірінің жәдігерлерін енді жарты ғасырдан кейін қазсақ та таба аламыз. Ал біз тарихқа қазақ деген атпен енгеннен бергі ғасырларға тән әлі сақталып тұрған ескерткіштердің басым бөлігі — олардың арасында халықтық сәулет өнері мен тас қашау өнерінің қайталанбас ғажап үлгісі саналатын көптеген ескерткіштер барын жоғарыда айттым — енді жарты ғасырдан соң, тып-типыл жоқ болады…
Жоғарыда айтқанымдай, көшпелілердің сәулет өнері Жошы ұлысы тұсында ерекше серпіліс алып, кейіннен Ноғайлы дәуірінде де дамып, ал Қазақ хандығының құрылған кезінен бастап берідегі ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басына дейінгі аралықта барынша өркендеген. Міне, осының дәлелі, куәсі болатын көне ескерткіштердің қатары жылдан-жылға азайып барады. Зерттеуге, сақтауға келгенде біз нақ осы мұраға көзіміздің қарашығындай қараудың орнына, оны екінші қатардағы құндылық секілді, кейінге ысыра берер болсақ, соңы үлкен өкінішке ұласары анық.
Әрине, жаппай консервациялау, қайта қалпына келтіру жұмыстарын дереу қолға ала қою да қиын болар, дегенмен, тым болмаса олардың өлшемдерін, суреттерін, жоғарыдан түсіретін құрылғылар арқылы бейнекөріністерін, құлпытастардағы жазбаларын алып, жинақтап, құжаттарын жасау күн тәртібінде ең алдыңғы кезектегі мәселе болып тұруы тиіс.
Ал қайта қалпына келтіру жұмыстарына келсек, бұл істі алдымен Темір ауданындағы Досжан ишан мешіті, Ырғыздағы Алмат тамы мен Дүйсенбі ақын мешіті, Қобдадағы Шәкен ишан мешіті, Ойылдағы Қызыл мектептің ғимараттарынан бастауды ұсынар едім.
– Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланған жылы сіздің «Ақтөбе облысының аса көрнекті архитектуралық ескерткіштері» атты фотокөрмеңіз ұйымдастырылған еді. Облысымыздың әр түкпірінен түсірілген 133 фотосуреттен, негізінен, өзіңіз айтқан қазақ ескерткіштері тарихтың бір-бір тарауындай болып, көз алдымызда қаз-қатар қалды. Ал тұтастай алғанда, көрме маған Ақтөбе өңірі туралы ешбір қаламгер не суретші жеткізе алмайтын тылсым бір сырды жеткізіп тұрған ғажап туынды секілді әсер етті.
– Академик Радловтың: «…қайта қалпына келтіргеннен гөрі фотосурет арқылы сақтап қою маңыздырақ» — деген сөзі бар. Мамандар бұл жерде «фотофиксация» деген терминді қолданады. Көне мұраны зерттеп-зерделеуде осы «фотофиксацияға» айрықша мән берген дұрыс. Көне заманнан қалған ескерткіштер бүгін бар, ертең жоқ болады, ал суреті сақталып қалса, ол нақты мәлімет, нақты дәлел ретінде ғасырлар бойы пайдаға аса бермек.
Бұл айтылған фотокөрмедегі суреттер 1979-2010 жылдар аралығындағы зерттеулер барысында түсірілген. Суреттердегі көне ескерткіштердің бір бөлігі қазір жойылып кетті, бір бөлігі сол кездегі қалпымен салыстырғанда, жартылай ғана сақталып тұр. Мысалы, Белқопа ауылы маңындағы Құлтас мешітінің суреті 1983 жылы түсірілген еді. Мешіттің өзі 1905-1910 жылдар аралығында тұрғызылған. Құлтас — рудың аты. Күйдірілген кірпіштен салынған, биіктігі 11 метрден асатын, алып мұнара тәрізді мешіттің бір бөлігі Кеңес заманында құлатылған. Дегенмен 1983 жылы біз оның мұнара тұрған бөлігін сақталған қалпында таптық. Ал бүгінде бұл ескерткіш қираған. Ендеше, одан қалған белгі тек сурет қана екен. Егер кейінгі ұрпақ ниеттеніп жатса, сол сурет, мешіттің қай жерде орналасқаны, өлшемдері сынды маңызды деректер жазылған құжаттар арқылы оны қалпына келтіре де алады. Тек осы мешіт емес, суреті, дерегі сақталған басқа да ескерткіштерді солай етуге әбден болады.
Доңызтауда Ұлттық саябақ-қорық құру қажет.
– Доңызтау өңіріндегі ескерткіштерге сіз әрдайым айрықша тоқталасыз. Мұндағы ескерткіштер несімен тартымды? Олардың ерекшелігі неде?
– Ақтөбе аймағында халықтық сәулет өнері мен тас қашау өнерінің ғажайып ескерткіштері бар екенін айттық, ал Доңызтау — осы ескерткіштердің қайталанбас үлгілері тұнып тұрған өңір. Негізінен, Үстірттің солтүстігіндегі Шаған өзені алқабының төменгі бөлігін Доңызтау өңірі деп атайды, бұл — шөбі шүйгін, жайылымға өте-мөте қолайлы жер.
Бірақ, тарихи-мәдени аудан ретіндегі Доңызтаудың аумағы одан гөрі кеңірек, бұған Үстірттің солтүстігінен бөлек, Шағырай үстірті, батыста Желтау, ал оңтүстікте Асмантай-Матай да кіреді. Өзіндік ерекшеліктерге ие архитектуралық ескерткіштердің кең таралуы Доңызтауды өз алдына жеке тарихи-мәдени аудан ретінде қарастыруға негіз болды. Әрине, мұндағы кешендер қазақтың сәулет өнерінің үлкен бір тармағы — маңғыстау-үстірт мемориалдық-діни дәстүрінің бір бөлшегі екені сөзсіз, дегенмен олардың өзіндік ерекшеліктерін де жоққа шығара алмаймыз. Бұл өзгешеліктер пайдаланылған құрылыс материалдарынан, ескерткіштердің сыртқы пішіндерінен, ою-өрнек, түрлі әсемдік нақыштарды салудағы әдіс-тәсілдерден айқын аңғарылады. Ал айрықша атап өтетін сәулет ескерткіштері — діни-тұрғын кешендері. Бұлар — осы өңірдегі ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы жартылай отырықшылық өмір салтының айғағы, соның бір-бір орталығы болып табылатын ғажап ескерткіштер. Бұл діни-тұрғын кешендеріндегі мешіттердің жанында мектептер болған. Мысалы, Сұлтан ахун кешеніндегі мешіт жанында екі кластық мектеп болған және бізге жеткен кейбір ауызша деректер бойынша онда 500 балаға дейін оқыған.
Доңызтаудағы діни-тұрғын кешендері тек Қазақстан ғана емес, бүкіл Еуразияның далалық бөлігінің мәдениеті мен архитектурасында бірегей құбылыс болып табылады. Соған қарамастан, олар ғалым-зерттеушілер арасында да, қалың көпшілік арасында да әзірге белгісіз боп қалып отыр…
Сондай-ақ бұл өңірдегі ХVІІІ ғасыр мен ХХ ғасырдың басына дейінгі аралықтағы кезеңдерден қалған көне қорымдарда да сәулет өнері мен тас қашау өнерінің айрықша айтуға лайық керемет ескерткіштері сақталған: кесенелер, сағанатамдар, қойтастар, сандықтастар, құлпытастар… Әсіресе, Құрсай қорымын, шағын да болса, қазақтың тас қашау өнерінің мұражайы атауымызға болады. Ал Сәңкібаймола мен Қошқар ата қорымдарында біз антроморфты мүсіндер кезіктірдік. Мысалы, маңғыстау-үстіртте сирек саналатын күйдірілген кірпіштен тұрғызылған ескерткіштерді (сағанатам, мавзолейлер) Доңызтау жағынан көбірек кездестіреміз.
– Доңызтаудан табылған діни-тұрғын кешендерінің саны қанша? Осы ескерткіштерге кеңірек тоқталсаңыз.
– Сонау 80-жылдардан басталған зерттеулер барысында ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басына дейінгі аралықтағы 30-ға жуық кешеннің орны анықталды. Әр кешеннің құрамында мешіттер мен мектептер (кейде медресе), тұрғын үйлер мен қора-жайлар және жанында үлкен қорымдар болған. Құрылысқа, негізінен, өңделген тастар мен шикі және күйдірілген кірпіштер пайдаланылған. Діни-тұрғын кешендер жайлау мен қыстау аралығындағы жолдар бойындағы ық жерлерге, негізінен сайларға орналасып, маңында құдық немесе бұлақ болған. Кейбір ірі кешендердің құрамында 500-ден 1 мыңға дейін ескерткіштер бар.
Доңызтаудағы діни-тұрғын кешендерінің ішіндегі ең ірілері қатарына Үлкен Жыбысқы, Ащы айрық, Сүлікті, Қайнар, Сұлтан ахун, 1-ші Ақсай, 2-ші Ақсай, Беспай, Тасқабақ және басқа кешендер жатады. Мысалы, Ащы айрық кешені Үстірттің солтүстік шоқысынан батысқа қарай, үлкен сайдың бас жағында орналасқан. Кешен сайды бойлай салынған бес ескерткіштер тобынан құралады: үшеуі — қорымдар, екеуі — тұрғын жайлар, олардың бірінде мешіт бар. Бұл жерде 1892 жылы геоморфолог Сергей Никитин жетекшілік еткен экспедиция болып, суретке түсірген. Суреттен мұнда тастан салынған үйлерден бөлек, киіз үйлердің де тұрғаны көрінеді. Ал қорымдарда күйдірілген кірпіштен салынған екі күмбезді кесене, алып сағанатам, темірден құйып жасалған қоршаулар болған.
Доңызтау ескерткіштерін зерттеу ісін жалғастыру тек этноархитектуралық, ескерткіштану тұрғысынан ғана емес, этномәдени тұрғыдан да маңызды екенін айта кету керек. Өйткені бұл ескерткіштер қазақ даласында исламның идеология ретінде бекуі, жартылай отырықшы өмір салтына көше бастау, тұрғын үй салу мен шөп шабудың тарала бастауы секілді ХІХ ғасырдағы ел өміріндегі үлкен өзгерістерді айғақтайды. Бұл кезеңде Батыс Қазақстанда діни-рухани ағартушылардың белсенділігі артып, жер-жерлерде мешіттер көптеп салынды. Соның бір орталығы осы Доңызтау болды. Әйгілі Досжан ишан Қашақұлының діни қайраткер ретіндегі қызметі осы өңірмен тікелей байланысты, мұнда оның ізбасарлары да көп болған.
Сондықтан бұл — облыс аумағында Ұлттық табиғи және тарихи-мәдени саябақ құруға сұранып тұрған өңір.
– Сөзіңізге қарағанда, бұл өңірде туризмді дамыту бағытында нақты ұсыныстарыңыз бар секілді?..
– Доңызтау өңірінде дәстүрлі туризмді де, тікұшақпен, атпен серуендеуді ұйымдастыру арқылы экстремалды туризм түрлерін дамытуға да әбден болады. Жоғарыда айтылған халықтық сәулет өнері мен тас қашау өнері ескерткіштерінен бөлек, мұнда археологиялық нысандар да аз емес. Мысалы, Қызылүйік обасы — өте көне заманғы ғибадатхананың орны.
Өңірдегі ескерткіштерді аралап шығу үшін екі туристік бағыт ұйымдастыруға болады. Шығыс бағыттағы нысандар қатарына — жоғарыда айтылған Құрсай қорымы, 1-ші Ақсай, 2-ші Ақсай, Көк үй, Үлкен Жыбысқы, Кіші Жыбысқы діни-тұрғын кешендері, Арыс әулие, Қыздаршыққан, Қошқар ата қорымдары, батыс бағыттағы нысандарға Қызылүйік обасы, Беспай, Сүлікті, Ащы айрық, Сұлтан ахун, Қайнар, Төлебай діни-тұрғын кешендері мен Сәңкібаймола, Тасастау, Ақсаймола қорымдары енеді.
Қазір Доңызтаудың оңтүстігінен Шалқар-Бейнеу теміржолы да өтіп жатыр. Тарихи ескерткіштерге бай бұл өңірде енді инфрақұрылымдар жеткізу, жол, кемпингтер салу ісі қолға алынса, құба-құп. Әрине, бұл ойымыз болашақта жүзеге асып жатса, туризм өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор серпін берері сөзсіз.
Ақтөбе облысы,
«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі