Жаңалық

Арамен емдеу әдісі жайлы естідіңіз бе?

Соңғы жылдары елімізде арамен емдеу әдісі кеңінен қолданылып келеді. Оның адам ағзасына тигізер пайдасы ғылыми түрде XIX ғасырда  дәлелденген.

Порталымыздың тілшісі апитерапевт, «Balshifa» ағзаны тазарту орталығының негізін қалаушы Мергенбай Алмабекұлымен тілдесіп, апитерапияның қандай ауруларға ем екенін сұрап білді.

Ruh.kz:Апитерапия деген не?

Мергенбай Алмабекұлы: Бұл ұғым медицинаға грек тілінен енді. Қазақ тіліне аударғанда «ара терапиясы» деген мағынаны білдіреді. Жалпы алғанда дәл осы жәндік уының адамға тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Бал арасы токсин арқылы ағзаға аса қажетті элементтерді жібереді. Оның уы – аналогы жоқ қоректік заттардың, яғни ферменттер мен аминқышқылдардың ерекше концентрациясы.

Ruh.kz:Қандай аурулардан айығуға көмектеседі?

Мергенбай Алмабекұлы: Ринит, ларингит, артрит, ревматизм, жүрек-қантамыр аурулары, остеохондроз, импотенция секілді ауруларды емдейді. Бұл тізімді әлі ұзақ жалғастыруға болады. Жалпы апитерапия қандай ауруларға ем дегеннен гөрі, қандай ауруларға ем емес деген сұраққа жауап беру оңайлау болады. Бауыр циррозы мен қатерлі ісіктің 4-сатысына шалдығып, оны асқындырып алған науқастар үшін арамен емдеу әдісі қауіпті болып келеді. Яғни, 2-3 ауруға ғана қарсы көрсеткіші бар. Ара уы қабынуға қарсы әсері ең күшті дәрілер болып саналатын гормоналды препараттарға қарағанда 100 есе күшті болып келеді.

Ruh.kz: Адам қанша араның шаққанына шыдай алады?

Мергенбай Алмабекұлы: Әр адамның организмі әртүрлі. Кейбіреулер бір курста 100-120 араның шаққанына шыдауы мүмкін. Негізінен емдеу циклына шаққандағы араның жалпы саны 200-ден аспауы қажет. Ол 1-ден 20 процедураға дейін болуы мүмкін. Яғни, өзіндік дозасы бар. Бастапқыда екі арадан бастап, әрі қарай санын көбейте береміз. Егер адамды бір күнде 100 ара шағатын болса, оның арты улануға әкеледі. Сондай-ақ, адамдарға өз бетімен емдік шараларды жасауға болмайтынын ескерткім келеді. Ол үшін білім мен тәжірибе керек. Араның кез келген жерге емес, белгілі бір нүктелерге салынатынын ескерген жөн. Бұл жәндіктің шағуы анафилактикалық шокты тудырып, өлімге әкелуі мүмкін. Сол себепті аса абай болу қажет.

Ruh.kz: «Balsifa» ағзаны тазарту орталығы араларды қайдан алады?

Мергенбай Алмабекұлы: Араларды өзіміз өсіріп, баптаймыз. Оларды 12 ай бойы қолдану үшін арнайы жағдай жасау керек. Мысалы, қыс мезгілінде жәндіктер ұйықтайды. Біз 30 жыл ізденудің нәтижесінде бұл мәселенің алдын алатын авторлық методиканы ойлап таптық.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button