Жаңалық

Армат Амандықов: Тәуелсіздігіміздің баяндылығы біздің қолымызда

Биыл Қазақ елінің тәуелсіз мемлекет атанғанына 30 жыл. Ондаған этнос өкілдері бүгінгі таңда «Қазақстан» атты шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешуде, оның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосуда. Осы ретте 1991 жылы дүние есігін ашқан жас азаматтардың да еңбегі елеулі. Ruh.kz порталының тілшісі елордамызда жуырда ғана ашылған Музыкалық жас көрермен театрының әртісі Армат Амандықовпен кездесіп, егемен елдің құрдасы деген абыройлы атақты арқалаған өнерпаздың шығармашылығымен танысып қайтты.

30 жастағы Армат Амандықов өз өмірін сахнасыз елестете алмайды. Әкесі – оралдық әнші, термеші Мереке Есқайыров ұлына әуенге, өнерге деген махаббатты жастайынан ұялатса керек. Бала күнінен Ақанның, Естай мен Мәдидің әндерін тыңдап өскен жігіт әке жолын қуып, өз өмірін музыкалық театрмен байланыстырған. Ол өз мамандығын адам бойынан жан-жақтылықты талап ететіндігі үшін ұнататындығын айтады.

«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Менің өскен ортам, әкемнің достарының бәрі де өнер адамдары. Кішентайымнан көргенім, бойыма сіңгені – өнер. Әкемнің салған жолын жалғайтынымды бала кезімнен-ақ білдім.

Оқушы кезімде өнер мектебінде домбыра сыныбында білім алдым. Одан кейін Орал қаласындағы колледжде де музыкалық бағытта оқыдым. Кейін жоғары білім алу үшін арман қуып елордаға келгенімде Қазақ ұлттық өнер университетінде вокалдық эстрада мамандығы бойынша білімімді жетілдіремін деп ойладым. Алайда, музыкалық театр әртісі деген мамандықтың бар екенін біліп, оған талапкерлерді іріктеу емтихандарының қалай өтетіндігін көрдім. Бұл мамандыққа деген қызығушылық сол тұста оянған еді. Музыкалық театрдың әртісі болған соң, әнді де жоғары деңгейде орындап, актерлік шеберлігіңді де көрсетуің керек. Бұл мамандық сонысымен тартымды. Өнерді таңдамай, басқа жаққа бұрылып кеткенімде кім боларымды да білмейді екенмін», – дейді жас әртіс.

 

Армат Амандықов еңбек жолын елордадағы «Астана Мюзикл» театрында бастады. Айналдырған бес-алты жылдың ішінде ол ондаған рөлді сомдап үлгеріпті. Кейіпкеріміз қазақ әдебиетінің бай мұрасын насихаттау арқылы мемлекетіміздің атын әлемге танытып жүрген жас таланттардың қатарында да бар.

«Бүгінге дейін музыкалық қойылымдарда рөлдерді сомдаумен қатар, көркем фильмдердің, сериалдардың түсіріліміне қатысып жүрмін. Осы уақыт аралығында ойнаған рөлдерімнің ішіндегі ең ірілері – «Қыз Жібек» спектакліндегі Шегенің, «Ромео-Джульетта» трагедиясындағы Лоренцоның, «Абай – Тоғжан» спектакліндегі Ерболдың, «Notre-Dame de Paris» мюзикліндегі Пьер Гренгуардың бейнелері. Сүйікті жұмысымның арқасында Еуропаны шарлап шықтым. Шетелдік көрерменнің алдында біз қазақтың «Қыз Жібегін» сахналадық.

Бір қызығы, маған өзіндік ұқсастығы бар рөлдерді сомдау бұйырады. Сондай рөлдерді ойнаған өзіме ұнайды да. Мысалы: «Абай – Тоғжандағы» Абайдың жақын аға досы Ербол да, «Қыз Жібектегі» Төлегеннің досы Шеге де, «Notre-Dame de Paris» мюзикліндегі Пьер Гренгуар да ақындардың образы. Лирикалық рөлдерге қарағанда өзіндік миссиясы бар рөлдер жаныма жақын сияқты», – дейді ол.

 

«Париж Құдай анасының соборы» мюзиклі жайлы сөз қозғағанда кейіпкеріміздің көзінен ерекше жалынды байқадық. Мұнда сомдалған образы турасында айтқанда Арматтың жүзі де жадырай түсті. Ол студенттік шағының өзінде Виктор Гюго жазған романның желісімен қойылатын туындыдағы Гренгуардың бейнесі арқылы көрерменге өнерін паш етуді армандаса керек.

 

«Шынымен де армандар орындалады екен. Пьер Гренгуардың рөлін сомдау – менің студент кезімдегі арманым. 2015 жылы оқуымызды бітірерде тобымызбен «Париж құдай анасының соборы» мюзиклін дипломдық жұмыс ретінде қорғағымыз келген. Мен ақын Гренгуардың рөлін ойнаймын деп ойладым. Өкінішке орай, тобымыздың құрамы кейіпкерлердің санымен сәйкес келмеген соң, біз ол мюзиклді қоя алмадық.

Бірақ үш жыл өткен соң сол мюзиклді елімізде қою мақсатымен Франциядан авторлардың өздері келіп, іріктеу өткізген болатын. Сол кастингке қатысу маған да бұйырыпты. Мені арманымдағы рөлге мюзикл авторларының өзі бекіткенде, қуанышымда шек жоқ еді. Олардың менің әлеуетімді көріп, рөлге бекітуі мен үшін үлкен мәртебе», – деп естеліктерімен бөлісті Армат Амандықов.

 

Ия, жер жүзіне әйгілі «Notre Dame de Paris» мюзиклінің қазақ тіліндегі нұсқасын алғаш рет «Астана Мюзикл» театры 2018 жылы қойған болатын. Әлемдік мәдениеттің жауһары болып саналатын мюзикл бұған дейін 9 тілге аударылыпты. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қолдауының арқасында Қазақстан атақты мюзиклді өзінің мемлекеттік тіліне аударған оныншы ел атанды.

«Notre Dame de Paris» мюзиклі барлық елдерде композитор Риккардо Коччанте мен қоюшы режиссер Роберт Марьеннің жетекшілік етуімен ғана сахналанатындығын атап өтейік.

 

Ата өнері – балаға мұра. Бүгін Армат Амандықов музыкалық театрдың әртісі болумен қатар, асыл жар, асқар тау – әке. Арматтың әкесі Мереке Есқайыров ұрпағын жалғаушы немересі үшін «Әміре» есімін таңдапты. Атасы Әміренің өрге жүзер өнер иесі болуын қалайтындығы осыдан-ақ байқалса керек.

 

«Осыдан екі жыл бұрын шаңырақ көтердім. Қазіргі таңда бір ұлым бар. Есімі – Әміре. Оның есімін бұлай деп қою – әкемнің қалауы. Әміре Қашаубаевқа ұқсасын, үлкен әнші болсын деген ниетпен Әміре деп қойды. Францияда қазақтан тұңғыш боп Әміре Қашаубаевтың домбырамен ән салғанын өзіңіз де жақсы білесіз ғой. Менің де «Астана Мюзиклдің» ұжымымен Францияға барып, өнер көрсеткенім бар. Осының бәрін сәйкестендіріп, әкем немересінің есімін Әміре деп қоюды ұйғарды, Әміре Мереке.

Менің әкем – дәстүрлі әнші. Қаратөбеде Мереке Есқайыровты танымайтын кісі де жоқ шығар. Маған да өнерпаздық қанмен берілген қасиет. Ұлым да өнер жолын қуса, жаман болмайды деп ойлаймын», – деп жымиды жас әке.

Арматтың кішкентайы Әміренің «алғашқы қадамдары» ауыз толтырып айтарлықтай. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемировтың мұрындық болуымен ашылған Музыкалық жас көрермен театрымен бірге Әміренің де тұсауы кесілген екен. Бүлдіршін қазақ драма театры мен киносының ең танымал тарланы, Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтың қолынан тәй-тәй басып, Алаш ардақтысының батасын алған. Өмірін өнерімен өрген жас ата-ана үшін бұдан асқан бақ бар ма?!

 

Армат Амандықов тәуелсіздік құрдастарының алдында ортақ міндеттің барын алға тартады. Ол – талайдың тезінен қаймықпаған халқымыздың татулығын сақтау, ұлы ұлтты ұлықтау, тәуелсіздігімізді баянды ету.

«Тәуелсіздік әр елге бұйырмаған бақ. Мұндай бақтың біз дүниеге келген жылы басымызға қонғанына өте қуаныштымыз.

Егемендігіміз – жас буынға берілетін қасиетті аманат қой. Сол аманатты ары қарай арқалап, сүрінбей, келесі ұрпаққа тәлім-тәрбие арқылы табыстауымыз керек.

Біз жастарға дұрыс үлгі болуымыз керек. Осы ретте біз аянбай еңбек ететін боламыз.

Тәуелсіздігіміз нығая берсін, еліміз аман болсын. Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!», – деді жас әртіс.

30 жастағы азаматтың алға қойған мақсаттары да аз емес. Болашақта жас өнерпаздарға ұстаздық еткісі келеді оның. Армат Амандықов қазіргі таңда Чернышевский атындағы Саратов мемлекеттік университетіндегі магистратурада музыкалық бағыттағы мамандық бойынша педагогикалық білім алуда. Ол бүгін «Балалар мен жасөспірімдерге тәрбие берудегі театрдың ықпалы» тақырыбындағы дипломдық жұмысын қорғау үшін Қазақстан театрлары саласын, сахнадағы өнерінің өскелең ұрпаққа қалай әсер ететіндігін теория жүзінде зерттеп жүр. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, өнерге ғана емес, ғылымға деген құштарлығын құптап, тәуелсіздік құрдасы Арматқа жаңа бастамаларында жаңа жарқын жеңістерді тілейік.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button