АРҚАҒА БЕСҚОНАҚ КЕЛДІ!
Ауа райының өзгеруі мен құбылуы. Халықтың табиғатты сипаттауы хақындағы ой.
– Синоптиктердің болжауынша сәуір айы жылы болмақ. Айдың ортасында аздап жауын-шашын болуы да ықтимал.
Отандық арналардың бірі осылай күн райын болжап тастапты. Ау, бесқонақ қайда қалды? Аздап жауын-шашын жауатыны қалай? Қазақша күн райын болжай білетін, Қазақстанда тұратын адам сәуір айының жартысы жауын-шашынмен, қара суық желмен, ызғармен өтетінін білмейтін бе еді? Бесқонақты білмейтін бе еді?
Сәуірдің алғашқы екі он күндігінде малды алысқа жаймайтын, жеңіл киіммен сапарламайтын. Себебі осы жиырма күннің ішінде бесқонақ келеді. Күннің күрт суытып, қарлы жаңбырдың жаууы, күні бойы ақжауындатып тұруы, қыстың соңғы қаһарын көрсетіп өңменіңнен өтетін қара суықтың болары да осы кез. Сәуірдің сегізінен бастап он сегізіне дейін (4-5 күндік айырмашылығы да болады) созылатын табиға құбылыс та осы.
Қыспен көктемнің таласы дерсің. Өлара кез. Қазақ екі мезгілдің тоғысар шегін, күннің осылай құбылуын қалайды да. Ауылдағы үлкендер қай жылы бесқонақ байқалмай өтіп кетсе алаңдап та қалатын еді. «Бесқонақ ырымдамады, жаз қалай болады екен», деп отыратын. Айтқандай-ақ аталмыш құбылыс байқалмай, бәсең өткен жылдары жаз жауынсыз өтіп, шөп ерте қатып, басы сынып кетеді. Егін де әдеттегіден аз шығып, мал баққан елді қыс бойы әуре-сарсаңға салып қояды.
Қазақ жылсанауы бойынша жыл төрт маусымға бөлінеді де, төрт маусымның әрқайсысы 90 күнге созылады.
Қыс – желтоқсан. Бұл мезгілде жерге ауа қожалық етеді. Қар жауады, боран соғады, аяз көтеріледі. Қыс түседі.
Көктем – жылтоқсан. Жылға сөзінен шыққандай. Су патшалық ететін, жыл алмасып, жер, дүние жаңарып, мезгілдің де, көңілдің де, даланың да жаңғырып сала беретін маусымы. Көктем туады.
Жаз – оттақсан. От маусымы. Отығатын, от шығатын маусым. Малдың жердің отымен әлденіп, адамның жаны жай табатын мезгіл. Жаз шығады.
Күз – күзтоқсан. Табиғаттың күзеліп, топыраққа айналар шағы. Жер бетіне топырақ иелік етеді. Күз келеді.
Табиғаттың осындай төрт түрлі маусымында төрт түрлі стихия қожалық етеді. Әр стихияның өзіне тән мінезін байқауға да болады.
Халық арасында «Көктем кезі ғой деп алысқа қыдырып кеткен бес қонақ суыққа тап болып, үсіп өліпті» деген аңыз айтылып жүреді. Бесқонақ бітісімен халық көктемгі тіршіліктің қамына кіріседі. Осы кезде қаратамақ, сарышымшық торғай келеді. Аталмыш құбылыстың соңынан «Қызыр қамшысы» ойнайды. Бұл сәуір айның екінші жартысында болатын күннің күркіреуі. Күн үш рет күркіреген (Қызыр қамшысын үш ойнатқан) соң жер бусанып сала береді. Сәуір болмай – тәуір болмас деген сөз осыдан қалса керек.
Сұлтан Мұстафин,
Ruh.kz