Арқар туралы қызықты 15 дерек
«Туған жер» айдары. Мүйізіне қарасаң, табиғаттың кереметтілігіне тағы бір мәрте көзің жетеді. Жаратылыс тарту еткен сұлулығымен талайды тәнті етеді. Қазақы болмыстағы қарапайым ою-өрнек ол аңды көзге лезде-ақ елестетеді. Бұл қандай жануар болды екен? Әрине, жабайы қой – арқар.
Жұптұяқтылар қатарының қуысмүйізділер тұқымдасына жататын киелі жануар – арқар туралы қызықты 15 дерек:
1. Қазақстанда 16 мыңнан астам арқар қалған;
2. Арқарлардың негізгі қонысы – қазақ жері. Көбіне Азия континентінде, соның ішінде Тянь-Шань, Памир, Алтай тауларында тіршілік етеді. Барлық Орта Азия елдерінде оның он түрі болса, соның бесеуі қазақтың дархан даласына бейімделген. Қазақстанда оның алты түрі мекендейді: Алтай, Қызылқұм, Қазақстан, Тянь-Шань, Қаратау және Үстірт арқары;
3. Халқымыз оны қойға ұқсас жануарға балап, асқан мейірімділікпен қараған. Ол – қазақы сипатқа, қазақ табиғатына бір табан жақын аң;
4. Жабайы қойдың ең үлкенінің ұзындығы – 120-200 см, биіктігі – 90-120 см, ал салмағы – 65-180 кг;
5. Арқар – биік тауларда жүреді және аязға өте төзімді жануар;
6. Арқардың негізгі екі жауы бар: қасқыр және адамдар. Содан кейін – сілеусін мен аю;
7. Сақ дәуірінде арқар елдіктің рухты символы болып саналған. Есік қаласының жанынан табылған Алтын адамның бас киімінің ең жоғары бөлігіндегі алтыннан құйылған мүсіні соған айғақ бола алады. Сондай-ақ еліміздегі тастар мен жартастарда киелі жануардың петроглифтері қашалып салынған. Киіз, текемет, кілем, ұлттық киімдерде әлі күнге арқармүйізді ою-өрнектер бейнеленген;
8. Арқардың жасын мүйізіндегі сақинаға қарап анықтайды;
9. Табиғи жағдайда 12-14 жыл өмір сүреді;
10. Арқарды аулау саяхатының бағасы шамамен 25 мың АҚШ долларын құрайды. Ал нарықтағы бағасы – 55 мың АҚШ доллары
11. Бағалы аң көбіне күндіз жойылады;
12. Жойылып кету қаупінде тұрған түрі – Қаратау арқары. Олар тек Қаратау өңірінде кездеседі. Саны – 100 басқа жақын;
13. Деректерге сүйенсек, шетелден келген туристер арқардың мүйізін ғана еліне алып кетеді;
14. Мүйізіне қызығушылық көбейіп, сұраныс артқандықтан браконьерлік фактілердің тіркелуі тыйылар емес;
15. Қойдан айырмашылығы – дене тұрқы үлкендеу және ешкі секілді жылдам қимылдайды.