Асхат Аймағамбетовтің балалық шағына саяхат
Отбасы күнінде білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов балалық шағын еске алды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Ол естелігін Facebook желісіндегі парақшасында жазды
«Бүгін – Отбасы күні. Бұл мереке елімізде бірнеше жылдан бері қыркүйектің әр екінші жексенбісінде атап өтіледі. Әдетте жеке өмірім туралы айтпайтынмын, бірақ бүгін жазуды ұйғардым. Мен көпбалалы отбасында дүниеге келдім: менен бөлек отбасымызда тағы бес бала бар. Әкем 6 жасымда қайтыс болды, кейін анамызға барлық ауыртпашылықты еңсеруге тура келді. Сол кезде анам 40 жасқа да толмаған еді, бірақ маған жасы келген кісі сияқты көрінетін. Оны өзің сол жаста болғанда ғана жақсы түсінеді екенсің», – деді министр.
Ол анасының қалай қиындық көргенін жазды.
«Одан кейін қиын кезең, 90-жылдар басталды. Анамызға өте қиын болғанын білемін. Ауылда тұрдық, анамыз жұмыстан бөлек бізбен, шаруашылықпен айналысты. Бір-бірімізге көмектестік. Су тасыдық, шаруашылыққа араласып, малға шөп дайындадық, пеш жақтық. Үйдегі ересектер артынан ерген бауырларына үйретті, ал кішілер үлкендерге көмектесті. Бұл қиын кезеңнің маған үйреткені мол, әсіресе жақындарымның, отбасымның қаншалықты қымбат екенін ұғындырды», – деді ол.
«Мен – екі баланың әкесімін. Жұмыстан кейін балаларың мен жарың үйде қарсы алғанда барлық қиындықты ұмытасың. Әңгімелесіп, балалармен бірге ойнағаннан шаршағаның басылады, рақаттанып қаласың. Жігерлендіріп, күш-қайрат беретін де – отбасым. Жақындарымызды бағалайық. «Отан отбасынан басталады», – дейді дана халқымыз. Әр отбасының дамуы арқылы еліміз де гүлдене береді. Мереке құтты болсын, достар! Барлығыңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға береке тілеймін», – деп бөлісті білім министрі.
Еске салайық, Бүгін – Отбасы күні. 2013 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қыркүйектің екінші жексенбісін Отбасы күні деп бекiттi.