Жамбыл облысы

АСПАРА ҚАЛАШЫҒЫ (VIII-XVI ғғ.)

Орналасқан жері: Қазақстан мен Қырғызстанның шекарасы түйіскен жердегі Шу өзеніне келіп құятын Аспара өзенінің жағасындағы Андас батыр ауылының шетінде орналасқан. Қалашықтың қираған орны төртбұрышты төбе қалпында сақталған. Бұрыштары әлемнің төрт тарапына бағытталған құрылыстың аумағы 2,5 х 3,6 м.

Қаланың салыну тарихына қатысты деректерде Аспара қамалды бекініс болғандығы айтылады. Өңірдегі ортағасырлық өркениетті қалалар Баласағұн мен Таразға шабуыл жасауды көздеген жаулар көп болған. Солардан қорғану мақсатында Меркіден 15-20 шақырым жерде әскери бекініс ретінде Аспара қамалы тұрғызылған.

ХV ғ. екінші жартысында қалың елдің қамын жеп, жердің болашағын ойлаған Асанқайғы суы мол, алабында шағын көлдер мен бірнеше бұлақтан тұратын  Аспара өлкесін көргенде, «Ей, Аспара, көршіңмен тату бол, шөбіңе суың жетер» деп тамсанған екен.

Тараз, Меркі, Испиджаб (Сайрам) қалаларымен қатар аталатын Аспара туралы аңыз, жырлар да көп. Солардың бірінде қазіргі күні Түркияны мекен еткен хан Аспарухтың арғы тегі осы өлкеден шыққандығы айтылады.

Жазба деректерде Аспара қалашығы VІІ ғ. бірінші жартысынан белгілі. Қытай деректерінде ол «Осуболай» атауымен белгілі. Ал VІІІ ғ. өмір сүрген Ибн Хордадбек деректерінде Аспара қаласы Меркі елді мекенінен 4 фарсах жерде, Жібек Жолының бойында орналасқандығы баяндалады.

ІХ ғ. арабтардың Жібек жолының бойындағы елді мекендер мен жер-су аттарының картасында Аспараның орналасқан жері, оның Тараздан қанша қашықтықта орналасқаны көрсетілген.

Мырза Фазыл Чорас өз шығармасында 1513-14 жылдың қыс мезгілінде Қасым ханның Аспара қаласына кеткендігі жайында баяндайды. Бұл деректі Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегі толықтыра түседі. Онда 1513 жылы қыста Шаһ Исмаил Сұлтан Сәлімге қарсы соғысуға ат басын Иракка бұрып, ал Қасым хан өз иеліктерін басқару үшін Аспараға қарай жол жүргендігін жазады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button