Редакция таңдауы Сұхбат

Асқар аға биігі аласармайды

Қазақ өнері мен сатирасында ойып тұрып орын алған ерекше сайгүлігі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқар Наймантаев дүниеден өтті. Өмірін өнермен байланыстырған Асқар Әбдіғалымұлы елімізге актер, сатирик, режиссер ретінде мәлім. Қазақ өнерінде, еліміздің тарихында аты алтын әріптермен есте қалатын тұлға жайлы Ruh.kz тілшісі өнердегі әріптестерімен пікірлескен еді.

Фото: жеке архивінен

Сағаділдә Үсібәлі: Асекең туралы айтатын нәрсе көп қой. Оқуды менен бұрын бітіріп, Мұхтар Әуезов театрында жұмыс істей бастады. Онда «Көшеде жүрген пақырды, әкім бол деп шақырды» деген спектакльде ойнап, өзін жақсы көрсете білді. Одан кейін шығармашылық жұмыстармен интермедия жазып, «Тамаша» ойын-сауық» отауына қабылданды. Ұлықпан Есенов басшылық етіп отырған ұжымға біраз уақыттан соң менде қосылдым. Кейін Асекең жігіттермен бөлініп «Терісқақпай» театрын ашты. Редактор әрі актер болып жүрген кезімде Асекең күліп «Әй Сағи, сен «Тамашада» жүрген кезде Асқар Наймантаевтың жарнамасы жүре береді» дейтіні бар еді. Екеуміздің түріміз келеді ғой. Екеуміз де көп ізденіп, оқитынбыз. Бір интермедия жазып келсек, оны отыра қалып талқылайтынымыз да бар. «Азиз Несинді екеуміз де оқиды екенбіз ғой» деп таңғаламыз. Шетелдік сатириктерді көп оқып, қызықты сәттерін бір-бірімізге айтып күлетінбіз. Асекеңнің жаны жәннатта болсын!

Асқар аға биігі аласармайды

«Тамаша» тоқырап жатқан кезде Асқар ағамыздың көмегі көп тиді

Асылбек Боранбаев: Біздің таныстығымыз 1989 жылы басталған еді. Бәріміз КСРО Халық әртісі Хадиша Бөкееваның шеберханасынан шыққанбыз. Асекеңдер театр институтын бітірер кезінде мен оқуға енді түсіп жаттым. Сол кезден бастап таныстығымыз, араласуымыз басталды. Ол кісі М.Әуезов атындағы «Ұлттық Драма театрына» қызметке орналасты. Кейін мен сол театрға орналасып жатқанда, ол кісі белгілі бір себептерге байланысты жұмыстан ауысып жатқан болатын. Кейін қайта келіп, сахнада бірге ойнап жүрдік. Бір күні «Тамаша» ойын сауық» отауының актері Тоқсын Құлыбеков ағамыз шығармашылық кешін өткізуі керек болды. Сол кезде маған «Асылбек, жазатын жас сатириктер болса қарап жүрші, маған керек болып тұр» деген еді. Бірден Асқар ағамызды айттым. Сөйтіп Асекеңді Тоқсын ағамызбен таныстырдым. Кейін Ұлықпан Есеновпен танысты. Осылайша, «Тамаша» ойын-сауық» отауына келуіне себепкер болдым. «Тамаша» тоқырап жатқан кезде Асқар ағамыздың көмегі көп тиді. Жақсы тың дүниелер жазды: интермедиялар, сатиралар. Сол кезде «Тамашаның» өсіп-өніп, еңсесінің көтерілуіне Асқар ағамыз мұрындық болды. Жалпы ол кісі көп ашыла бермейтін, көп көсіле бермейтін, томаға тұйық, адамға еш зияны жоқ ағаларымыздың бірі еді. Актерлік шеберлігі өте мықты болып, театрдағы ең жақсы рөлдерді сомдады. Өзі арагідік режиссерлік жұмыспен айналысты. Ол қабілеті де жоғары болды.

Соңғы жылдары «Қарадала» театрын құрды. Өз өлкесінде театрдың қайтадан қалпына келуіне оразан зор үлес қосты.

Сатирик ретінде ерекше бағалаймын, барлық шығармаларында ойнадым десем де болады. Өзі жан-жақты кісі болатын. Монолог оқудың шебері еді. Хабарласып, ағалы-інілі араласып тұрдық. Ағамыздың өмірден өткені барлық өнер адамдарының қабырғасын қайыстырып кетті. Жатқан жері жайлы, иманы жолдас болсын!

Асқар аға биігі аласармайды

Тауымды сағынып отырмын

Сая Қасымбек: Асқар Наймантаевпен мынау өмірде кездеспесек те, жүздеспесек те телефон арқылы хабарласып тұрдық. Ол кісі маған алғаш рет Гогольдың «Жындының жазбасын» аударып беруді өтініп, хабарласқан еді. Негізі екеуміздің достығымыз фейсбукте басталған. Ол менің драматургиямның тілін зерттепті. Осыдан үш жыл бұрын «Сәке, менде Гогольдың «Жындының жазбасының» аудармасы бар, бірақ маған сіздің тіліңіз ұнайды, аударып беріңізші. Осыны дәл өзім орындағым келіп жүр, осы жазбаның ішінде жүрмін», - деді. Бірден келісе кетіп, аударып бердім. Ол кісіге қатты ұнады. Фейсбукке таңғы жазбаларымды жазып жүрдім, ол кісі міндетті түрде пікір қалдыратын. Біз өте тығыз шығармашылық пікір алмасып отырдық. Екі бірдей ауылда «Қарадала» халық театрын құрған тұста, қатты қиналса да, көп еңбек етті. «Қарадала» театры бас көтеріп, қойылымдары қойыла бастағаннан кейін, ол кісі маған қоңырау шалып «Сәке, маған театрдың сметалық құны мен штаттық кестесі көрсетілген құжат тауып бере аласыз ба? Мына екі театрдың қайсысы икемге келеді, соны мемлекеттік театрға айналдырғым келеді» деп хабарласты. Сонымен мен оған штаты жүз адам көлеміндегі кішігірім театрдың кестесін, сметалық құнын тауып бердім. Ол кісі қатты қуанған еді.

Ауырғанын білмей қалдық, фейсбуктен жоқ болып кетті. Беймезгіл уақытта хабарласа алмайсың, өнер адамы болған соң көп мазалағың келмейді. Хабар естіген соң әлеуметтік желі арқылы хабарласқан едік. Отадан шыққаны жайлы айтты. Ұлы мен қызын кезінде жетелегенін, ендігі олардың жетелейтінін айтып әзілдесті. Әңгіме барысында маған:  «Сәке, мен сізге Гогольдың жазбасын  аударғаныңызға қаламақы қарызбын ғой»,- деді. Мен ол кісіге отадан кейін шауып кеткеніне көрімдік ретінде сол қаламақыны кешетінімді айттым. «Ой, онда сіздікі тіпті оңай болды ғой» деп біраз көңілді әзілдестік. Сөз соңында: «Сәке, тіршілік деген негізі жақсы екен ғой. Тауға жиі шығушы едім, әсіресе, соңғы кездері көп шығып едім. Тауымды сағынып отырмын. Тау баласы тауға қарап жылайды деген рас екен ғой», - деген еді. Мен: «Сіз таудың әдемі жерлерінде үнемі жалғыз жүресіз ғой, тауға шығар кезде маған телефон шала салыңызшы, жетіп барайын. Сіз жүрген жолды Асқар Наймантаевтың соқпағы деп мен де жүрейін. Екеуміз шығармашылық шерімізді бір ақтарайық», - деп жауап қаттым. Жауап бере алмаса, ренжіп алаңдамауымды сұрады «демек менің шамамның болмай қалғаны» деп өксік дауыспен айтты. Менің де көңілім түсіп қалды, бірақ «жұбатып атыңыз Асқар! Асқар тауға шығармыз әлі» дедім.

Араға екі апта салғанда суыт хабар естідім. Жан дүнием опырылып қалғандай сезімде болдым. Тілдесіп үлгергенім қандай жақсы болды деп ойладым. Біз осы өмірде мәңгі жүретіндей жүреміз.

«Қарадала»  мен «Хантәңірі» театрына Асқар Наймантаевтың атын береді деп ойлаймын. Екеуміз түйедей құрдас едік, сонда да бір-бірімізге «Сәке, Асеке» деп сыйластықпен сөйлесуші едік. Асекенің бір айтқаны бар «маған ауданның «Құрметті азаматы» атағын бергенге жеке куәлікті сұратқан, бермей қойдым» деп. Неліктен бермегенін сұрап, еңбегі сіңгенін айтқанымда: «маған бір жапырақ қағаз керек емес. Мен үшін осы ауылда туғаным, топырағында кіндік қаным тамғаны – құрмет. Неменеге кісімсінеді екенмін. Осы театрды мемлекеттік қылып берсе болғаны, шашырап кетпейтіндей. Сол маған берген бүкіл атағы», - деді. Асеке, Асқар десе асқардай ғой. Мына өмірде дидарласпаса да, сырттай бір-біріне тілектес, пейілдес, жанашыр болып жүретін адамдар болады. Біз Асекең екеуміз сондай жандардың қатарынан едік. Марқұмның жаны жәннәтта болсын!

Асқар аға биігі аласармайды

Асқар ағамыздың істегенін ешкім қайталай алған жоқ

Берікқан Төкенов: Негізі өнерлі адам көп қой, өнер адамдары одан да көп. Ал енді Асекең, олардың ішінде ешкімге ұқсамайтын, өзінің бағыт-бағдары бөлек, дара тұлға дер едім. Неге десеңіз, «адамның істегенін адам істейді» деген сөз дұрыс шығар, бірақ өнер адамдарының ішінде Асқар ағамыздың істегенін ешкім қайталай алған жоқ. Бұдан кейін де ешкім жасай алмайтын сияқты. Ол кісінің өнерге деген махаббаты, құрметі мүлдем ерекше. Ұстазымыз Тұңғышбай ағамыздың айтатыны бар: «Өнер білектің емес, жүректің ісі». Білегін сыбанып, жүрегін салып өнерде қызмет ететіндер сол Асекеңдей болсын. Қазақ өнеріне орасан зор еңбегі сіңді. Қайсарлығы, шындықты бетке айта білуі, ол екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние ғой. Театрда жұмыс істеп, танымал болу бір бөлек, онымен қатар театр ашу деген тіптен бөлек шаруа. Кешегі өшіп бара жатқан «Халық» театрын жандандырып, қайта гүлдендіруі ағамның тағы бір азаматтығы ғой. «Қарадала»  мен «Хантәңірі» театрын ағам өз ақшасымен екі ортада таксимен жүріп ашқанын мен өз көзіммен көрдім, қасында жүрдім. Сөйтіп жүргенде жол апатына да түсті. Сөйтсе де қайтқан жоқ. Бұл да алған бетінен қайтпайтын ағатайдың ерлігі, азаматтығы деп есепетеймін. Әзіл айтқанда да ешкімнің көңілін қалдырмай, қиып отырып жеткізетін. Өзі режиссер, актер, музыкант, гример қолынан келген барлық мүмкіндігін пайдаланып жұмыс істеген Асекеңдей адам жоқ қой.

Асқар аға биігі аласармайды

Ешқашан атақ-даңққа ұмтылған емес

Қуандық Қыстықбаев: Асқар аға біздің алдыңғы буын ағамыз ғой.  Ең алғаш еңбек жолын Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында актер ретінде бастады. Одан кейін «Тамаша», «Терісқақпай», «Аққу-Гәкку» деген сатиралық театрлардың негізін қалаушылардың бірі. Ол кісінің сценарий жазатыны бар, фильм де түсірді. Қазақ мәдениетіне қосқан үлесі зор десек артық айтқанымыз емес. Асаға әкесі Әбдіғалым ағаның жолын қуып Нарынқол ауданында «Нарынқол» халық театрын жаңартып, оның атын «Хантәңірі» деп қойды. Мен  Ұйғыр ауданының азаматымын. Асаға «Хантәңірі» театрының ашылуына барғанда, Ызғарбек деген ақсақал ауданға «Қарадала» театрын ашып беруін сұрап еді. Ақсақалдың сөзін, қолқасын жерге қалдырмай біздің ауданда да театр ашып берді. Ол жерде  «Әлиханның аманаты» деген ең үлкен қойылым қойылды. Сол қойылым шетелдерге де жетіп, жүлделі орындар алып келді. Көптеген республикалық, халықаралық  фестивальдерде жүлделі орындарға ие болған. Еңбекшіқазақ ауданындағы театрдың ашылуына Асқар аға себепкер болды. Қапшағайда облыстық театр ашамын деген жоспары болатын. Ешқашан атақ-даңққа ұмтылған емес. Сол Нарынқол, Ұйғыр ауданының «Құрметті азаматы» деген атақты берейік дегенде ат-тонын ала қашып, бастартқан еді. Ағамыздың жаны жәннатта болсын!

Асқар аға биігі аласармайды

«Жұмыстан осылай ләззәт алуға болады екен ғой» деп таңданатынмын

Айзат Қадыралиева: Асқар ағаны «Тамаша», «Аққу-Гәкку» арқылы білетінмін. 2006 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының колледжіне жұмысқа келдім. Асқар аға қателеспесем 2007-2008 жылдары келді. Ағамыз  актерлік шеберліктен, мен театр тарихынан бір курсқа бірге сабақ бердік. Жұмыс барысында ағаның сабағына қатысатынмын. Ол кісінің сабақ беру әдіс-тәсілдерін үйреніп, студенттермен қалай жұмыс жасайтынын көру үшін сабағынан қалмауды әдетке айналдырдым. Көргенім, ол кісі белгіленген жоспар бойынша сабақ өте салмайтын. Студенттерге бар жан-тәнімен беріле отырып жұмыс жасайтын. Тапсырмаларды студенттер ойдағыдай орныдап келсе, Асқар аға балаша қуанатын. Орнынан атып тұрып, ол сахнаны одан әрі қалай дамытуға болатынын айтып, өрбітіп одан сайын дамытатын. Сабақ уақыты бітсе де, кей кездері студенттермен қалып жұмыс істейтін. «Жұмыстан осылай ләззәт алуға болады екен ғой» деп таңданатынмын. Кейбір ұстаздар дәрісті бағдарлама бойынша құр оқып кетсе, Асаға жоспардан тыс, өзінің тәжірибесімен қосымша энергиясын бөліп, әр сахнаны бүге-шігесіне дейін толтырып, үтір-нүктесіне дейін түсіндіретін. Сабақты дұрыс оқытуды Асқар ағадан үйрендім деп толықтай айта аламын. Курс кураторы болғаннан кейін, олардың біліміне, тәрбиесіне терең мән беріп, қадағалайсың ғой. Әсіресе, тәртіп жағына қатты қарайтынмын. Сол кезде Асқар аға өтінішпен келіп айтатын: «Айзат, қатты қатал болмашы, еркіндік берші, қиялына тежеуіш қоймашы, кішкене тізгінді босатып отыршы», - деп қиылып айтқан кезде өзім біртүрлі болып қалатынмын. Кейде үзіліс кезінде түскі асқа бірге баратынбыз. Осы өнер, шығармашылық жайлы көп әңгімелесетінбіз. Сол кезде өзімнің ішімдегі өнерде болып жатқан кейбір мәселелерге қатысты күйзеліп айтатыным бар еді: «Аға, неге осылай болып жатыр, бұған тоқтау бар ма өзі, бұл не деген сұмдық?» деп. Сол кезде Асаға «Еее» деп терең күрсініспен тыңдап, әрі қарай өз ойымен бөлісетін. Бізде пікір таласудан қарағанда, пікір алмасу көп болатын. Айтарыңды тыңдап, одан әрі жалғап кету екінің бірінің қолынан келмейді ғой. Сол қасиет ағада бар болатын. Ол кісімен сөйлесу маған өте жеңіл еді. Кейде тыңдайтын құлақ іздеп, ағаға айтқан кезде кәдімгідей жеңілденіп қалатынмын. Мен 2012 жылы Астанаға көшіп кеткеннен кейін байланыс азайды. Әлеуметтік желідегі ойыма пікір жазып, қолдайтын. Өзінің жазған пьесаларын маған жіберіп, менің де пікірімді сұрайтын. Бұл дегеніміз – ол кісінің кішіпейілділігі, көрегендігі және парасаттылығының биіктігі. Ағамыздың жаны жәннатта болсын!

Асқар аға биігі аласармайды

 Біз үшін Асқар ағамыз үлкен мектеп болды

Әділ Ахметов: Ағамызбен ең алғаш рет 2006 жылы таныстық. Біз Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітіріп жатқан уақытта үлкен кастинг болып, «Қымызхана» деген бағдарлама түсірілді. Сол жерде Асқар аға режиссер болды. Біз бір жылдай бірге жұмыс істедік, ағамыз сценарийді өзі жазып, барлық қойылымдарды өзі қойып, режиссер болды. Сол кезде Асқар ағамыздан көп дүниені үйрендік. Енді ғана академияны тәмамдаған біз үшін Асқар ағамыз үлкен мектеп болды. Камера алдында өз-өзін дұрыс ұстауды, әзіл айтуды қалай бастап, ортасын қалай келтіріп, соңын қалай түйіндеу керек, осының барлығын Асқар ағадан үйрендік. Ол кісі актерлік шеберліктің қыр-сырын өте жақсы білетін. Біздің жетпей тұрған жерімізді түгендеп, «жігіттер былай жасап жіберсеңдер» деп ешкімнің титығына тимей әдемі жеткізетін. Одан кейін біз де өзіміз бір дүниені тауып, қосып жіберіп, ол кісі ойламаған нәрсені жасап жібергенде кәдімгідей риза болып күлетін. Негізі ағамыз көп ашылып күле бермейді, бірақ өзі ойламаған дүниесін, өзіне ұнайтын нәрсе біздің тарапымыздан шығып қалған кезде сондай бір риза болып күлетін еді. Соны қайта-қайта айтып жақсылықты да көре білетін. Ағамыз жалпы қазақ өнерінде, театр өнерінде, қазақ сатирасында орны бөлек тұлға. Мәңгі жадымызда қалады. Асқар ағамыздың жаны жәннатта болсын!       

Асқар аға биігі аласармайды

             Өзі режиссер әрі өзі сценарий жазатын                                                                          

Дәурен Серғазин: Менің шығармашылық жолымда ол кісінің алатын орны ерекше. Асқар ағатаймен бір жыл жұмыс істегенім мен үшін үлкен абырой. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірген кезде телевизиялық «Қымызхана» деген бағдарламаға шақырылған болатынбыз. Сол кезде Асқар ағамыз режиссер болды. Камерада жұмыс істеуді үйретті. Телевизияға алғаш табалдырық аттағанда үлгі көрсеткен ұстазым. Ситком жанрында біраз дүниені үйретті, қалжың, юмор стилін Асқар ағадан үйрендік. Өзі режиссер әрі өзі сценарий жазатын. Шетелдік бағдарламадан алған тәжірибелерін қазақыландырып, көрерменге тәтті, жинақы күйінде жеткізе білетін. Өте сабырлы болатын, ұрысып, жанжалдасу деген мүлдем болмайтын. Бала кезден ағаны теледидардан көріп өстік қой. Кейін шығармашылық жолда Асқар ағамен жолыққаныма өте қуаныштымын. Асқар аға жайлы өте жылы естеліктер қалды. Жатқан жері жайлы болсын!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button