Жаңалық

АСТАНА АТАУЫ ӨЗГЕРДІ

Бүгінгі күннің басты тақырыбы: Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Президенттіктен кетуі, Президент қызметіне Қасым-Жомарт Тоқаевтың келуі және Астана қаласы атауының «Нұр-Сұлтанға» ауысуы.

Соның ішінде, қала атының өзгеруі халық арасында талқыға түсіп отыр. Біз де өз тарапымыздан халық қалаулылыры-депутат мырзалардан осы туралы өз пікірлерімен бөлісуді сұраған болатынбыз. Сіздер де, оқырман, назар салыңыз…

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері,  Коммунистік Халық партиясы Орталық Комитетінің хатшысы:

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты бүкіл ел біледі. Мемлекетімізді халықаралық аренаға шығаруы, ел үшін атқарған талай істері тек қана ел бірлігін сақтап қалу емес, экономиканы көтеру емес, сонымен қатар, көршілес елдер арасындағы шекараны дәл айқындап, мәңгілік өзінің елі – жері барын айқындап берді. Бұл ең үлкен мәселе деп қаралады. Стратегиялық жағынан алып қарасақ, бүкіл Еуропа елдерінің, Шығыс елдерінің, Орталық Азия елдерінің, көршілес алып Ресей мен Қытайдың ортасында өзіміздің бұрынғы астананы Астананы Нұр-Сұлтан қаласына өзгертуінде стратегиялық мәні зор. Халқымыздың әл-ауқатын көтеру, олардың тұрмысын жақсарту, халқымыздың өзін осы мемлекеттің азаматы екеніне мақтан етуі үшін Елбасының атқарған еңбегі орасан зор екені барлығымызға мәлім. Барлығымыз мойындаймыз. Елбасының кешегі мәлімдемесі ұлы шешім деп айта аламын. Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін елеп, халық қолдайтыны белгілі. Жаңа барлық Парламент депутаттары да қолдады. Астана қаласының атын өзгеру үлкен қолдауға ие болды. Елбасының мәртебесін елеп, «Халық Қаһарманы» атағын беру өте керемет дүние. Бұл қазақстандықтардың ойынан шығатын дүние деп ойлаймын. Елбасының атын мәңгілік сақтап қалу үшін бүкіл облыс орталықтарындағы көшелерге Н.Назарбаев атын беру, Астана қаласында монумент тұрғызу ұсынысы қолдау тапты. Еліміздің өскелең ұрпақтары Тұңғыш Президенттің атқарған ісін кең бағалайды деген сезімдеміз. Өз басым осы шаралардың барлығын құптап отырмын. Елбасымызды елдің ақсақалы, ұлт атасы деп те атауға болады. Бұл атаулардың мағынасы өте терең.

      

Азат ПЕРУАШЕВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясының төрағасы: Елбасымыздың өкілеттігін тоқтату жөніндегі шешімі ел тарихы үшін  маңызды деп ойлаймын. Біз бұндай жаңалықты естуге дайын болмадық. Кешеден бері халық арасында әріптестерімнің, достарымның арасында да өкініш, қимастық сезім де бар. Елбасымыздың жұмысына, оның атқарған қызметіне барша қазақстандықтар алғыстарын білдіріп отыр. Тәуелсіз Қазақстан мен Нұрсұлтан Назарбаев деген ұғымдары өзара синонимге айналған деп айтуға да болады. «Ақ жол» партиясы үшін, әрине Елбасымыздың ең алғашқы экономикалық реформалары ерекше маңызға ие. Тәуелсіздік алғаннан бері қашан да жеке кәсіпкерлерге, жеке бизнеске назарын аударатын. Мысалы, 1991 жылдың желтоқсан айында «Тәуелсіздік» туралы Деклорация қабылданса, көп уақыт өтпей келесі жылдың шілде айында бұрынғы КСРО мемлекеттірі арасында ең алғашқы жеке меншік кәсіпкерлікті қорғау туралы заңға Елбасымыз қол қойған еді. Содан бері шет елдік ірі инвесторлармен жұмыс жасау, мемлекет меншігінде болған завод, нысандарды жекешелендіру, ұлттық валютаны енгізу, еліміздің астанасын көшіру, шикізат саласына серпіліс беру және басқа да ел үшін өте маңызды бастамалардың басы-қасында жүрді. Оның жұмыстары, істері әрі қарай да жалғасады. Елбасының мәлімдемесін естіп, барлығымыз да қобалжыдық. Бірақ, ол әрі қарай да өз қызметін Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде жалғастырмақ. Республикамыздың тағдырына әрі қарай да қатысады деп үміттенеміз. Ел тағдырына қатысты күрделі мәселелердің барлығы Елбасының назарында болады деген сенімдеміз. Жерімізді сақтау, этносаралық татулықты сақтау, ұлттық рухты, ұлттық бірегейлікті сақтау мәселелері ол үшін қашан да актуальды. Ол біздің Елбасымыз болып қала береді. Оның ел тарихындағы орнын, еңбегін салыстыруға келмейді. Сол себепті, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана қаласының атауын «Нұр-Сұлтан» атауына ауыстыру пікірін құп көремін. Өз атымнан, замандастарымның және әріптестерімнің атынан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ризашылығымызды, алғысымызды білдіргім келеді.

Ал, жаңадан Президент лауазымына тағайындалған, халыққа ант берген Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа депутат ретінде, ел азаматы ретінде ақ жол тілеймін!

Шет елдік азаматтар да жарыса пікірлерін білдіруде. Карлтон университетінің жəне Канададағы CIGI талдау орталығының аға-ғылым қызметкері, Қазақстандағы Канаданың бұрынғы елшісі болған Маргарет Скок та өз ойын қосты:

1992 жылы Қазақстан мен Канада арасындағы дипломатиялық қарым қатынастарды орнатуда, кейін екі ел арасындағы байланысты дамыту процессіне 2006 жылдан бастап 2009 жылдар аралығында елші ретінде етене ат салыса алғанымды бағыма балаймын.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен бірнеше мәрте  өткен мемлекет құрылымы мен әлеуметтік-экономикалық реформаларға қатысты бас қосуларда өз пікірімді білдіріп, ауқымды жұмыстардың жүзеге асуына ат салыстым.

1992 жылдан бері Канаданың ресми өкілдері мен іскер азаматтар қауымы Қазақстанға жиі келе бастады. Әсіресе, Канаданың батысында орналасқан аграрлық аймақтардан келемін деушілер аз болмады. Назарбаев мырза әрқайсысымен жеке, саясаткерлермен де, өнеркәсіп қондырғыларының өндірушілерімен де, біздің шаруалармен де кездесіп, сөйлесіп отырды. Сол кісінің көрсеткен қолдауының арқасында Қазақстан мен Канада арасындағы ауылшаруашылық саласындағы әріптестік өрге басты.

2003 жылы Назарбаевтың Канада еліне премьер-министр Ж.Кретьеннің шақыруымен алғашқы ресми іссапары болып өтті.

Бізге Назарбаев мырзаның тәуелсіз Қазақстанның өсіп-дамуына қаншалықты үлес қосқанын ешкім айтпаса да белгілі. Осы елдің негізін қалаушы десем, қателеспеймін. Сол себепті Елорданың сол кісінің есімімен аталауы өте орынды деп санаймын. Атап айтсам, Назарбаевтың басшылық етуімен Қазақстанның ата заңы – Конституциясы қабылданды, мемлекет шекарасы нақтыланды, Қазақстан әлемдегі ядролық қарумен күресуді бастаған әлемдік көшбасшыға айналды.

Қазақстанның халықаралық қатынастардағы өлшеусіз ролі Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне қабылдануымен айшықталды. Ұлан ғайыр жеріңіздегі аймақтарды дамыту мен жекешелендіру жұмыстарында да ауқымды іс-шаралар жасалғаны белгілі.

«Болашақ» бағдарламасына ерекше тоқталар едім. Бұл мемлекеттік бағдарлама аясында мыңдаған қазақстандық азамат шет елдердің бірегей, алдыңғы қатардағы жоғары оқу орындарында біліммен сусындай алды.

Мемлекеттік қауіпсіздік бағытында, терроризммен күресте, инвестиция тартуда, халықты әлеуметтік қорғау мен жұмыспен қамту мәселелерінде, экономикалық диверсификацияда айтарлықтай жұмыстар жалғасуда. Әрине, алға қойылған мақсаттың барлығы орындалмаған да шығар, дегенмен, бір ұрпақ үшін бұл зор жетістік.

Назарбаев мырза қазір ел президенті болмаса да, ол қалай болғанда да қыз-қыз қайнаған оқиғалар ортасынан шыққан жоқ. Ол өте маңызды. Себебі оның Орталық Азиядағы аймақтық кооперация жұмыстарын алға бастыруда жасап жүрген жұмыстары жалғасуда, бұрыннан келе жатқан және жаңа әріптестермен, халықаралық ұйымдармен қарым-қатынастар орнатылуда.

Тоқаев мырзаны мен қойған мақсатынан таймайтын, талапшыл, салмақты, дамуды көздеген тұлға ретінде жақсы танимын. Дариға Назарбаева да мықты көшбасшы деп айта аламын. Себебі өз басым онымен бейресми кездесулер барысында да біраз уақыт танысып, біліскен едім. Оның алдында да қазір Сенат қабырғасында өте жауапты міндеттер тұр. Қайсысын алсақ та, екеуі де елін сүйген Отанының патриоты. Бірлігі жарасқан Қазақстанға, даму жолын көздеген жаңа Елордаңыз Нұр-Сұлтан қаласына да, ел басшылығына да талмас қанат пен биік белестердің бағындырылуын тілеймін.

PS: Бүгінгі күн – ертеңгі тарих! Еліміздің бас қаласында қабылданған салмақты шешімдер халықтың қамы үшін және игілікті болашақ үшін жасалған деген ойдамыз. Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы сенімін, әрі халық үмітін ақтайды деп сенеміз.

Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button