Жаңалық

«ASTANA HUB» халықаралық IT – стартаптар технопаркі

Технологиялар дамыған сайын адамзат алға басқан қадамын ширақ басуда. IT – саласындағы роботтар қызметінің түрленуі, блокчейн технологиясымен қаржылық операцияларды жасау, электронды қосымшалар арқылы қолма-қолсыз төлемдерді аудару, той жасау үшін электронды қосымшаны жүктеп алу, компанияның болашақ серіктесінің қарыздарын тексеру және басқа да цифрлық қызметтердің түрлері қазақ елінде қаншалықты дамыған. IT – саласының кәсіпкерлерін кім қолдайды және олардың дамуына қандай жағдайлар жасалған? Болашақ бизнестің бүгінгі бизнесмендерімен танысу үшін «ASTANA HUB» халықаралық IT – стартаптар технопаркіне бардық.

Технопарк елдордамыздың сол жағалауындағы EXPO-2017 көрме павильонының аумағында орналасқан. Бұл жерде қазақстандық және шетелдің компаниялардың  дамуына жағдай жасалған. Технопарк «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының бесінші бағыты шеңберінде, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша құрылған.

   IT – саласындағы стартаптарға қолдау көрсететін технопарк территориясы ерекше. «ASTANA HUB» аумағы футуристикалық стильде жасалған. Жан-жағыңызға көз жүгіртсеңіз, металл мен әйнектерден бой көтерген ғимараттар тамсандырмай қоймас. Ауыр шыны есікті ашып, технопарктың ішіне кірдік. Алдымыздан технопарктың PR менеджері Айгүл Шерниязова шығып, бізді күтіп алды. Әлемнің әр тілінде жазылған «Қош келдіңіз!» бен заманауи интерьер бұл ғимараттың болашаққа қатысы барын ескерткендей болды.  Кіреберістің өзі инновациялық құрылғылардан басталады. Айгүл Тұрсынбекқызы бізді «Клокстер» отандық стартаптың жобасымен таныстырды:

 «Бұл тексеріс құрылғы Биометрия сервисі арқылы жұмыс орнына келген қызметкерлерді бақылайды. Жоба нарықта өз орнын алған, яғни «Клостерге» сингапурлық инвесторлар қызығушылық танытса, елімізде американдық тамақтану компаниялары жұмыс жасауда. Еліміздің үкіметі де жобаға қызығушылық танытып, Нұр-Сұлтанның әкімдігі мен Азаматтарға арналған үкімет мекемелерінде пилоттық жоба ретінде енгізген.  Жұмысқа келген қызметкердің бет-әлпетін сканерлеп, базаға енгізеді. Бұл дегеніміз қызметкерлер қағаз рұқсатнамалардан арылады, жоба қоршаған ортаға да зиян келтірмейді. Бұндай «Клокстерлер» елордамыздың 160-тан астам локацияларында орналасқан».

Құрылғыдан кіруге рұқсат алғаннан соң технопарктің бірінші қабатына енесіз. Оң жақ бетте бизнес-галерея орналасқан. Бір-біріне қарама-қарсы қойылған экрандар арқылы келушілер технопаркте жасалған стартаптарды тұлғалармен көреді және  «ASTANA HUB» қамтитын бағыттар туралы ақпаратпен таныстырады. Ақпараттардың қатарына Z – journal, off line академиясы, стартаптар қоғамдастығы, R&D center: онлайн және прототиптері бар (қолмен ұстап көруге болатын) стартаптардың орталығы, IT – стартаптар мен компанияларға арналған салық және виза режимдерінің тізімдерімен таныса аласыз. Технопарк төрт қабаттан тұрады. Келушіні ерекше стилімен қарсы алатын алғашқы қабат идеялар мен білімге арналған. Бизнес-галереядан алшақтаған соң ұзын дәліздің бойында орналасқан class romm мен lecture room назарыңызға ілігеді. Шыны қабырғалардың ар жағында орналасқан бөлмелерде IT-саласындағы түрлі сабақтар, семинарлар мен мастер-кластар тұрақты түрде өткізіледі. Бұл оқуларды стартап деңгейінде келіп бизнестің жолына нақты түскен азаматтар өткізеді. Өз тәжірибелерімен, жобаларымен бөліседі. Сабақ бөлмелерін артқа тастап, тура жүре берсеңіз алдыңыздан Co-working кеңістігі шығады.

   Жақын болашақта бұл кеңседе бизнес аналитиктердің мектебі ашылады. IT-технологиялар мен IT-бизнестің дамуы бизнес аналитик мамандарға сұранысты күн санап арттырып келеді. Co-working кеңсесінен шығып 3D принтерлері қаз-қатар орналасқан жарық бөлмеге көзіңіз түседі. Бұл оқу классының атауы «Шеберхана». Арнайы сервистік алаңды «100 жаңа есім» жобасының қатысушысы Санжар Мырзағалым ашты. «Шеберханада» оқушылар, студенттер мен стартаптар өз идеяларын 3D принтерлерінде, лазерлік қондырғыларда, фрезерлік машина құралында және басқа да қажетті электроникада дүниеге алып келе алады. «Шеберхананың» аясында курстар да жұмыс жасауда. Оқу сабақтарына қызығушылық танытқандар азаматтар қатыса алады. Технопарктың бірінші қабаты орындықтары тізілген конференциялық зонамен аяқталады.

  Айгүл Тұрсынбекқызы: «Бұл зонада түрлі мемлекеттік мекемелер, министрліктер ІТ- саласына, цифрландыруға қатысты іс-шараларын тегін өткізеді. Осындай кездесулердің барысында ұйымдастырушалыр стартаптармен тікелей тілдесіп, олардың жұмыстарын, ойларын және қажеттіліктерін біліп отырады. Сондай-ақ, Рамиль Мухоряпов, Алексей Ли, Арман Сүйлейменов сияқты танымал ІТ-кәсіпкерлер тегін түрде жастарға семинарлар өткізіп тұрады. «ASTANA HUB» ашылу салтанаты да осы залда өткен. Жиналған жастардың алдында Елбасымыз сөз сөйлеп, бұл іске сәттілік тілеген еді».

Орындықтары бір ізбен қойылған залды қарағанда, мынадай ой келеді, бұл залға келген министр, вице-премьер немесе ірі бизнесмен жастармен тікейлей байланыс орната алады. Себебі залдың мақсаты да сол сияқты.  Сөз сөйлеуші мен тыңдаушылардың арасында кедергі жоқ. Іргеректе тұрған кофеханадан шыққан жаңадан пісірілген кофенің иісі бұл атмосфераны растайтындай. Айтып кеткеніміздей, бірінші қабат идеялар мен білімге арналған. Ағаш баспалдақтармен екінші қабатқа көтерілдік. Бірінші деңгейде жас стартап оқулар, семинарлар мен мастер-кластарда үйренгенін идеяға тоғыстырып, білікті мамандардың көмегімен және өзінің күш-жігерінің, табандылығының арқасында идеяны келесі сатыға алып келеді. Технопрактың жобасы секілді идеядан туындаған жаңа кәсіп екінші қабатта дүниеге келеді. Стартап жобаларын дамытуға арналған акселераттау және инкубациялау деген бағыттар бар. Инкубациялау бағытында стартап идеяны ойлап, оның прототип түрін шығарады. Бизнестің прототипін немесе моделін жасауда көмекші болатын кәсіптік құралдардың барлығы да технопарктың бірінші қабатында орналасқан. Бизнес-идеяны инкубациялау аумағынан екінші қабатқа, бизнесті акселераттау деңгейіне көтерілдік. Бұл аумақта идея қалпында

   «ASTANA HUB»-қа енген стартаптар дамудың сатылым, инвестиция тарту жолына түседі. Өткен жылы акселераттау бағыты бойынша ағымдық үш кезең өткен болатын . Әр акселераттау кезеңінің ұзақтығы үш ай. Нақтырақ айтсақ, өткен жылы қырық жеті стартап жобасының тұсауы кесілді. Ал, инкубациялау бағыты бойынша жүзден аса жоба жарыққа шықты. Осы жылдың акселераттау бағытына отыз екі бизнес жоба қабылданды.

   Іріктеу жұмыстары жалғасуда. Іріктеліп, назарға іліккен стартаптарға технопарк тарапынан жұмыс кеңселері ақысыз түрде беріледі. Ал, дүниеге алып келген жас бизнес идеяны кәсіпкер одан әрі дамытып, күнделікті тыңғылықты жұмыс жасап, одан жақсы нәтижелер шығып жатса, «ASTANA HUB» басшылығы берген кеңселердің ақысыз жалға беру шартының мерзімін ұзарта алады. Мерзімі ұзартылған шарттардың қатарына «ToiDriver.kz», «СТОgramm» жобаларын жатқызуға болады.  Бұндай стартаптар бір жылдың ішінде жақсы көрсеткіштер көрсетіп, инвестициялар тартқан және еліміздің IT-саласының дамуына өз үлестерін қосты.

  «ASTANA HUB»-тың екінші қабаты өзара жабық кеңселерімен көзге түседі. Баспалдақтың екі жағында да кеңселер орналасқан. Кірсеңіз ұзыннан жайғасқан ақшыл үстелдер, творчестволық тәртіпте орналасқан түрлі фотолар, статуялар, сертификаттар мен компьютерлер. Жинақылық шеңберіне енбейтін бұл атмосферада өзіндік бір заңдылық бар сияқты. Себебі осының барлығы жас кәсіпкерлердің жұмысына кедергі емес, керісінше жұмыстың алға басуына септігін тигізетіндей.

  Өз жұмыс орнында отырған жастардың барлығы да әлемнің ең мықты оқу орындарын тәмамдап, сол елдің жақсы тәжірибелерін бойына сіңіріп келгендер. Тілдесіп көрген едік, сөзі қазақша, бірақ терминдер мен ерекше сөздерге келгенде қиналып қалдық. Жастар әлемдік тілде сөйлейді және айтқан әр сөзінің ар жағында жанып тұрған жалын бар. Қуантатын жағдай. Екінші қабатта кеңселер бір-бірінен жабық болса да, жас кәсіпкерлер бұл кедергілерге қарамастан, бір-бірімен тілдесіп, тәжірибе алмасып, ой бөлісіп, түрлі бас қосуларды жүргезе береді. Медицина, блокчейн, виртаулды кеңістік, робототехника, 3D, білім беру салаларына ІТ-бағытын енгізіп жүрген жас кәсіпкерлердің басым бөлігі «ASTANA HUB»-тың инкубациялау және акселераттау бағдарламаларының түлектері. Идеямен келіп, оны жан-жақты зерттеп, одан әрі дамытып, инновациялық ІТ-әлеміне және елге қажетті бизнесті технопарктің бірінші және екінші қабаттарында дамытқан стартап одан әрі корпоративтік инновацияларды дамытуға арналған деңгейге көтеріледі.

   Үшінші қабатқа көтерілген бойда PR менеджері Айгүл Тұрсынбекқызы сөзін былай жалғады:

 «Үшінші қабаттың мақсаты стартаптарға арналған корпоративтік сектор тапсырмаларын шоғырландыру және осы жұмыстарды толыққанды зертхана шеңберінде жүйелеу.  Бұл деңгейге жеткен стартаптар нақты мәселелерді шешіп, корпорациялармен ұзақ мерзімді негізде жұмыс істейді. Технопарктың үшінші қабатында орналасқан компаниялардың арасында Senim.kz., Rakhmet.kz мобильді қосымшалары, R&D лабораториялары, блокчейн hab (блокчейн технологияларымен, олардың қызметтерімен таныстырады, қызығушылық танытқан тұлғалармен қатынас орнатады) бар.  IT-бизнестің белгілі бір даму деңгейіне жеткен корпоративтік компаниялар  қашанда біздің жас стартаптармен өздерінің білген-түйгенімен бөлісіп, оқулар өткізіп, менторлік жасап тұрады».

Үшінші қабаттың қортындысы ретінде «ASTANA HUB»-тың шағын медиа-орталығын атауға болады. Бұл зонаға кірген кезде алдыңыздан шағын медиа зал шығады. Медиа залда да өз үлесіне тиесілі түрлі кездесулер, шаралар және акселераторлардың оқулары өткізіліп тұрады. Семинарлар барысында стартаптар роликтердің жасалу және оларды интернет кеңістігінде тарату тәсілдерімен танысады. Жалпы, IT-медиа кеңістігіне қатысты барлық құрал-жабдықтармен танысады. IT-бизнестен келесі сатыға өту дегеніміз – IT- компания деңгейіне көтерілу деген сөз.

Төртінші қабатта сондай  IT-компаниялар орналасқан. Өткен жылы «ASTANA HUB»-қа жеке адамдардың қарыздарымен жұмыс жасау идеясымен келген компания инкубациядан өтіп, акселераттауды бітірді. Жылдың басында 200-мың АҚШ доллары инвестицияны тартып,бүгінгі күні еліміздің ірі IT-бизнестерінің қатарына қосылды. Медицина мен білім беру саласында 3D кеңістікпен, виртуалды кеңістікпен жұмыс жасайтын компаниялар орналасқан технопарктың төртінші қабаты елімізде виртуалды бизнестің дамып келе жатқанына куә.

   Роботтар әуежайда күтіп алып, дүкендерде кеңес беретін уақыттың келгенін, қалтаға салынған смартфонның қабілетінің шексіздігін, интернет желісінің шегінің жоқтығының ел жастары жақсы түсінуде. Оқығаны көп, идеялары одан да көп жастарға мемлекеттің тарапынан қолдаудың бар болуы қуантатын жағдай. Сондай қолдаулардың бірі «ASTANA HUB» халықаралық IT – стартаптар технопаркі. Технопарктің ресми түрде есік ашқанына жыл толмаса да, ауыз толтырып мақтанып айтатын жаңалықтар баршылық және де алдағы уақытқа жоспарланған істердің басы бірталай. Стартаптар технопаркіне мүше болыңыз, өз идеяңызды дүниеге алып келіп, іске асырыңыз!

   P.S. «ASTANA HUB»-тың заманауи ғимаратында болған экскурсиямызға қолдау көрсеткен баспасөз қызметіне алғысымызды білдіреміз!

Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ, Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button