Astana Media Week 2023 бірінші күні қалай өтті?
Елордада Astana Media Week 2023 апталығы басталды, деп хабарлайды Ruh.kz.

Медиаапталықтың басты мақсаты – отандық медиа индустрияны дамыту және іскерлік қатынастарды күшейту.
Шараның бірінші күні «Цифрлық жауапкершілік және масс-медиа қауіпсіздігі: сын-қатерлер, реттеушілер, заңдар мен бастамалар» атты пленарлық отырысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау сөзімен ашылды.
Өз сөзінде министр Astana media week елімізде ғана емес, жалпы медиа кеңістікте маңызы зор шара екендігін атап өтті.
Биыл жетінші рет өткізіліп отырған бұл шара – арнайы шақырылған шетелдік беделді тұлғалардың, сарапшылар мен білікті медиа мамандарың қатысуымен өтеді. Мемлекет бұқаралық ақпарат құралы саласындағы заңнаманы жетілдіруге ерекше көңіл бөліп отыр. Сонымен қатар биыл мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асырудың негізгі бағдарын айқындайтын тұжырымдамалық құжат қабылданды. – ақпараттық доктрина қабылданды. Медиа саласы қоғамдық өмірдің барлық салаларына әсер ететіні белгілі. Салада үздіксіз трансформация мен цифрландыру, жаңа платформалар, коммуникация құралдары мен хабарламаларды беру әдістері жаңартылып отырады. Бұл БАҚ-ты жаңашылдыққа бейімдеуге, үнемі дамып, жаңғырып отыруға жетелейтіні анық, – деді Аида Балаева.
Сондай-ақ министр Аида Балаева дәстүрлі шараның өткізілуімен отандық медиаиндустрия жаңа қарқын алып жатқандығын атап өтті.
Astana Media Week бірінші күні шеңберінде медиа трансформация, қазіргі телевидениенің цифрлық контурындағы жарнама бойынша панельдік сессиялар, «Сыни тұрғыдан ойлау: неге біз енді көргенімізге, естігенімізге, оқығанымызға сенбейміз?» атты медиа талқылау, подкасттар тақырыбында жаңа медиаға арналған ашық питчингтер және Қазақстан РТРК, Хабар Агенттігінің қатысуымен жабық пичингтер өтті. Сонымен қатар авторлық шеберлік сабақтары да болды.
Естеріңізге сала кетейік, медиаапталық 20-22 қыркүйек күндері Қазмедиада ұлттық ведомстволар мен телеарналардың басшылары, Түркия, Корея, Əзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан жəне Ресейден арнайы шақырылған танымал журналистер мен продюсерлердің қатысуымен өтіп жатыр.