Astana Musical Еуропа мемлекеттерінің астаналарына гастрольдік турнесін бастады
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы Еуропа мемлекеттерінің астаналарында өткізуді жоспарлаған үлкен гастрольдік турненің шамылдығын ашты.
«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының «Astana Musical» театры «Ұлы Дала театры» атауымен “Қыз Жібек” этно-фольклорлық мюзиклін Франция мемлекетінің Париж қаласының “Le Trianon” театрының сахнасында еуропа жұртшылығының назарына ұсынды.
«Қоюшы-режиссері және жоба авторы – «Astana Musical» театрының көркемдік жетекшісі, «Қазақконцерт» МКҰ директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. Сонымен қатар, қойылым барысында «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті. Аталмыш мюзиклге Қазақстанның Франциядағы елшісі Жан Сержанұлы Ғалиев арнайы келіп тамашалап, жас театрдың өнеріне бағасын беріп, гүл шоғын табыстады», – делінген хабарламада.
Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін «Қыз Жібек» туындысы – қазақтың лиро-эпостық жырының жауһары. Трагедия кейіпкерлері – Жібек пен Төлеген әлемге әйгілі Ромео мен Джульетта сияқты қазақ халқы үшін махаббаттың символы іспеттес. Оқиғалар негізінен жас батыр Төлеген, Қыз Жібек және ел арасында ержүректігімен, күш-қайратымен аты шыққан батыр Бекежан арасындағы қарым-қатынастар төңірегінде өрбиді де, ақыры Төлеген қызғаныштың құрбаны болады. Сүйгенінсіз Жібекке де өмір жоқ. Ел бірлігі мен тұтастығы идеясы қатар өріліп, халықтың ой-арманы мен аңсары танылатын, бояуы жарқын қойылымда ұлттың өмірі мен тығыз байланысты дәстүрлер де, бата сөз, қарғыс, жоқтау, зар, көңіл айту, қоштасу және т.б. жақсы көрініс тапқан. Жібек бейнесі – сұлулық пен әсемдіктің нышаны, қазақ халқының мақтанышы, рухани ескерткіш. Дала театрының негізінде сахналанған «Ұлы дала театры» этнофольклорлық мюзиклінен көрермен қазақ халқының ұлттық танымымен етене танысуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, спектакльде қос ақынның сөз тартысы, ой қақтығысымен қатар суырыпсалмалық қабілетін дәріптейтін қазақтың ұлттық өнері ақындар айтысы орын алған.
Қазақ халқының ұлттық құндылықтарын насихаттайтын мюзикл көпшіліктің көңілінен шығып, театр мамандары мен өнерсүйер көрерменнің жоғары бағасына ие болды. “Қазақ халқының өте бай ұлттық мәдениетіне куә болып, қазақ еліне сапар шегіп қайтқандай әсер еттік. Әртүрлі аспаптарда орындалған әсерлі әуендер мен табиғи дауыста шырқалған әндер жүрек тебірентті дейді – Сарбон университетінің профессоры, белгілі театртанушы Мари Кристин Сирижол. Ал Режиссер, театр сыншысы Давид Чхавлис “Басты кейіпкерлерді сомдаған артистердің кәсіби актерлік шеберліктері мен вокалдық мүмкіндіктері тәнті етті. Осындай керемет мюзиклді сахналаған режиссерге шығармашылық табыстар мен сәттілік тілейміз” – деп жоғары баға берді. Театртанушы Лаша Чхартишвили: “Мен “Астана Мюзикл” театрының болашағы зор деп ойлаймын. Себебі оларда үлкен потенциял бар. Әртүрлі бағытта өнер көрсететін мүмкіндігі мол екенін аңғардық. Бұл спектакл Астана театрларының деңгейін, әсіресе жас ұжымның қарым қабылетінің өскендігін көрсетеді” дейді. Айлар бойы үлкен дайындық пен толассыз еңбекті талап еткен қойылым аншлагпен өткен екі сағат пен Еуропа жұртшылығының қошемет көрсеткен сәтімен есте қалды.
Гастрольдік турне келесі кезекте Канн қаласының “Theatre Croisette” театрында өзінің жалғасын табады.