Жаңалық Редакция таңдауы

«Астана Опера» қаһармандық фэнтези ұсынады

Фото: Астана Опера

20 ақпан «Астана Операда» атақты композитор Еркеғали Рахмадиевтің музыкасы мен Кәукен Кенжетаевтың либреттосына «Алпамыс» ұлттық қаһармандық операсы көрермен назарына ұсынылады. Терең отансүйгіштік мәнге ие туынды қиын сынақтардан өтіп, халықтың басын біріктірген, туған жерін азат ету үшін күресті бастаған батыр туралы танымал эпосқа деген жаңа көзқарасты паш етеді, деп хабарлайды Ruh.kz театр баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елордалық театр сахнасында «Алпамыс» ауқымды операсының премьерасы екі жыл бұрын орын алды әрі ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылды. Спектакльдің қоюшы режиссері болып Ресейдің Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Юрий Александров еңбек етті. Музыкалық жетекшісі әрі қоюшы дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин. Ал кеңесші ретінде композитордың қызы Найля Рахмадиева шақырылды.

Түркі халықтарының көпшілігіне ортақ Алпамыс батыр туралы хикаяны желі еткен жаңа қойылымның айрықша ерекшелігі оның стилистикасы болды. Халық эпосы фэнтези түрінде сахналанып, көрнекі әсерлер арқылы жетілдірілген, осылайша қазіргі заманғы талғампаз көрермен керемет музыкадан ләззат алып қана қоймай, әрқашан зұлымдықты жақсылық жеңер ертегінің сиқырлы әлеміне терең бойлайды.

Спектакль режиссері Юрий Александровтың пайымдауынша, ғажайыптармен және түрленулермен қатар сахнада шекспирлік құштарлық та қыза түседі. Бұл ретте басты кейіпкер Алпамыс романтикалық тұрғыдан танылған. Ол бес қаруын сайлаған батыр ғана емес, сезімге берік, махаббатқа адал жан, бұл режиссердің пікірінше, ұлттық эпос кейіпкерлеріне ерекше тән қасиет.

Опера символизмге толы. Отанын жаудан азат етуде ерлік көрсеткен Алпамысқа Жер-ананың өзі ақ батасын беріп, қару-жарақ ұсынады. Жақсылық пен зұлымдықтың шайқасу  желісіне мифологиялық жаратылыстар: Мыстан мен оның жартылай адам, жартылай жануар ұлы Тазша тіреу болады.

Ауқымды батырлық-эпикалық операны елге танымал сахна майталмандарымен қатар жас әншілер де орындайды. Алпамыс партиясын Алтынбек Әбілда, оның сүйіктісі Гүлбаршынның партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова ұсынады. Ана – Салтанат Мұратбекова, Тайшық хан – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев, Қарақөз – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова, Жырау – Хайдар Мұстапин, Мыстан – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ, Кейқуат – Мерей Қадырханов, Қараман – Бейімбет Таңарықов, Ұлтан – Рамзат Балакишиев, Тазша – Аян Жаймағанбетов.

«Астана Опера» репертуарында ұлттық спектакльдер айрықша орын алатынын айта кеткен жөн. Театр сахнасында бірегей отандық мәдениетті паш ететін, қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрін баяндайтын музыкалық туындылар жылдан-жылға артып келеді. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады деп атап өтті елордалық театр дирекциясы.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button