«Астана Опера» қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшті
Театр ұжымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың телевизиялық үндеуімен мұқият танысты.
– Театр әртістері мен қызметкерлері коронавирус пандемиясымен байланысты Қазақстанда енгізілген шараларды толықтай қолдайды. Мәдени-бұқаралық іс-шараларға қойылған тыйымды өте орынды деп санаймыз, – деп атап өтті театр әкімшілігі.
Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты, «Астана Опера» МОБТ ұжымы 16 наурыздан бастап қашықтан жұмыс жасау тәртібіне көшеді. Театрда жедел штаб құрылды.
– Қазақстан азаматтарын өкілетті органдардың қызметіне қолғабыс көрсетуге шақырамын. Осындай кезде бәріміз сабыр сақтап, тәртіпке бағынуымыз керек. Дерттің алғашқы белгілері пайда болған жағдайда бірден тұрғылықты жердегі дәрігерге қаралу қажет, – деді өз үндеуінде Қасым-Жомарт Тоқаев.
Театр кассаларынан сатып алған билеттерін қайтарып үлгермеген адамдар оны Қазақстанда төтенше жағдай режимі алынғаннан кейін жасай алатындығын атап өткен жөн. «Тикетон» арқылы билеттерді онлайн сатып алған көрермендер оларды ағымдағы уақыт режимінде қайтара алады.
Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз. Қымбатты көрерменмен жақын арада қайта қауышуға үміттенеміз!
#бізбіргеміз
«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі