Жаңалық

«Астана Опера» театрының жетекші солисі мемлекеттік стипендияға ие болды

«Астана Опера» театрының жетекші солисі Медет Шотабаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы Мемлекеттік стипендиясына ие болды.

Алматы қаласындағы марапаттау рәсімінде жетекші солист әртістердің шабытты шығармашылығы үшін барлық жағдайдың жасалғанын атап өтті.

Оның пайымынша, осының бәрі Тұңғыш Президент – Елбасының арқасында мүмкін болды, оның бастамасымен керемет «Астана Опера» театры салынды, әртістер тыңдарман қауымды жаңа қойылымдарымен қуантып, ұлттық және әлемдік музыкалық классиканың бас қаһармандарының жарқын бейнесін сахнада жүзеге асыруда.

«Шетелдік көрерменді бай ұлттық мәдениетіміздің жетістіктерімен таныстырып, гастрольдік сапарда жүрген кезде ауқымды күш-қуат алып, шығармашылық шабыттанамыз. Қазақ музыкалық өнері әлемде үлкен қызығушылық тудырып, көпшілікті ерекше ықылас пен шаттыққа бөлейтінін нық сеніммен айта аламын. Біздің театрымыздағы қойылымдар мен концерттерде де ине шаншар жер болмайды. Қазіргі таңда бәріміз – қазақстандық музыкалық өнердің асқақтап, гүлденуінің куәсіміз. Мәдениет саласындағы Мемлекеттік стипендияны табыс еткендеріңізге тағы бір мәрте алғыс айтуға рұқсат етіңіздер және қазақстандық өнердің мәртебесі үшін жаңа күшпен өнер көрсетемін деп сеніммен айтамын», – деді Медет Шотабаев.

Еске сала кетсек, стипендия жыл сайын Қазақстан Республикасының құрметтi атақтары мен мемлекеттiк марапаттарына ие болған шығармашылық өкілдері мен мәдениет қайраткерлеріне, сондай-ақ ел мәдениетін қалыптастыруға, сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін айрықша дарынды шығармашыл жастарға мемлекеттік қолдау көрсету мақсатымен берiледi.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button