Астана төрінде ақын Серік Молдабектің шығармашылық кеші өтті
Елордадағы қалалық кітапхананың үлкен залында Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен ақын, сазгер, ұстаз, сегіз қырлы, бір сырлы азамат, «Қазақстан авторлары қоғамының» мүшесі Серік Рысбекұлының Астана қаласының 25 жылдығына арналған «Жерұйығым-Астана» атты шығармашылық кеші өтті.

Сыр сұхбатпен өрілген рухани кешті ерекше шабытпен ақынның әріптесі, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, «Руханият» мекемесінің баспасөз қызметінің жетекшісі – Айжан Серікқызы жүргізді.
Алғашқы сөзді «Руханият» мекемесінің басшысы Әділ Орынбасарұлы сөйлеп, ақынның мәдениет саласындағы ұзақ жылғы еңбегіне тоқталды. Және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін табыстады. Ердің жасына келгенше талай биік белестерді бағындырған азаматтың еңбегінің жемісі деп бағалады.
Астана қаласындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Гүлбадан Мәдібаева да өз сөзінде ақынды шығармашылық кешімен құттықтап, кітапханамен үнемі тығыз байланыста екендігін жеткізді. Арнайы ақын шығармашылығына арналған «Жүректен өрбіген жыр» тақырыбындағы кітап көрмесі ұйымдастырылғанын атып өтіп, оқырмандарды жақынырақ танысуға шақырды. Авторға кітапхана атынан жеке шығармашылығынан жинақталған библиографиялық көрсеткішті сыйға тартты.
Талай айтыстарда бақ сынап жүрген талантты шәкірті Қуаныш Нұржанов ұстазына жырын арнады. Кенже шәкірттерінің бірі Нұрислам Бейсенбай екеуі айтысып, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
Сонымен бірге шығармашылық кеште А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп лицейінің оқушылары да өз өнерлерін ортаға салды. Автор арқаның төсіне кеп қаламынан туындаған «Есілдің бойы», «Есілмен сырласу» өлеңдерін оқыды.
Шәкірттері атынан сөз алған Біржан Ахмер «Ұстазға арнауын» оқыса, Балғын Қабденова мен Жолбарысова Мөлдір Айтқалиқызы қос шәкірті ұстазының екі өлеңін нақышына келтіре оқып, жиналғандарды тәнті етті. Шәкірттері атыннан ұстаздарының иығына шапан жауып, астына ат мінгізіп құрмет көрсетті.