Жаңалық

Астана тұрғындары Оразкүл Асанғазымен кездесті

Астана қаласының тұрғындары белгілі қайраткер, руханият жанашыры Оразкүл Асанғазықызымен кездесті. Кездесу Астана қаласы әкімдігінің «Руханият» орталығының ұйымдастыруымен өтті.

Кездесу барысында экс-депутат, қайраткер қазақ қызы Отанды сүю, Ана тіліміздің мәселесі және отбасы құндылығы, қазақ жігіті мен қызының тәрбиесі, ұлттық намыс пен болмыс хақында өзекжарды ойларын ортаға салып, оқырман қауымның сауалдарына жауап берді. Жиын аясында намысты нәзік жанның Елбасы Н. Назарбаевтың мемлекеттік идеологиясы, «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларының мемлекеттік сипаты туралы ойлары оқырманның бойына қуат сыйлады десек, артық айтпаған болар едік. Оразкүлдей қайраткер намысты жанның әңгімесін тыңдауға ақ жаулықты аналарымыз бен ақсақалдар, студент жастар арнайы келіпті. Кездесуге қатысқан Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты Г. Теміртас: «Оразкүл апамыздың бүгінгі рухты сөзі – қалқып бара жатқан намысымды, рухымды оятып, елімді сүюге, болашақ ер азаматымды сыйлауға, ұлтымның тағдырына алаңдауыма деген көзқарасымды оятты» десе, «Руханият» орталығының маманы Е. Мадиев: « О. Асанғазының тіл туралы толғанысы жүрекке жылы тиді. Тілімді сыйлауға, ана тілімнің қолданыс аясын кеңейтуге, латын әліпбиін таяу жылдары қолданысқа енгізуге филолог маман ретінде өз үлесімді қосуым керектігін және маман ретінде өзімді дамытуға, ұлттық көзқараста ойлауға түрткі болды» деп әсерлерімен бөлісті.

«Рух Тime» жобасының қонағына мекеме қызметкері, белгілі айтыскер ақын Тоба Өтепбай жырдан шашу шашып, арнауын білдірсе, орталық басшысы, қазақтың үміт күтер жас азаматы Ержан Еңсебай аяулы апамыздың деніне саулық тілеп, гүл шоғын табыстады. Орталық мамандарының айтуынша, бұл жоба үнемі өзінің жалғасын тауып, қала тұрғындары үшін салиқалы әңгіме-дүкен өткізуді ниет етіп отыр екен.

Елдос Тоқтарбай,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button