Астанада Алашорданың 100-жылдығына арналған кітап жарық көрді
Астанада Алаш қозғалысы мен Алаш автономиясының 100 жылдығына орай «Алаш жолы» атты кітап жарық көрді.
Алаш қайраткерлеріне арналған жаңа кітаптың авторы – ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, мәдениет қайраткері, ф.ғ.к Болатбек Төлепберген. Ол туындысында Алаш қозғалысы мен Алаш идеясы туралы пайымдарын, яғни қазақ елінің ұлттық мұрат-мүддесін қорғау жолында өмірге келген қоғамдық құбылыстарға байланысты тұжырымдарын оқырман назарына ұсынды.
Аталған кітап – ХХ ғасырдың түрлі кезеңіндегі ұлт-азаттық қозғалыстар арасындағы өзара логикалық байланысты ұтымды баяндауымен бағалы.
Төрт тараудан тұратын еңбектің «Алаш қозғалысы hәм Алаш идеясы» деп аталатын бірінші тарауында тақырып ғылыми-публицистикалық тұрғыдан талданады. Ал «Алаш идеясы: Қандай идея?» деп аталатын екінші тарауда Алаш идеясы философиялық тұрғыдан зерделенсе, «Алашқа қызмет» атты үшінші тарауда Алаш арыстарын зерттеу кезінде табылған хаттар, құжаттар т.б. топтастырылған. Сондай-ақ «Ұлтым деп соққан жүректер» атты соңғы тарауда автор кешегі Алаш қайраткерлерінен үлгі алған, бүгінгі ұлт ісіне бей-жай қарай алмайтын азаматтар туралы мақалаларын ұсынды.
Кітап 1000 данамен шығарылды. Аталған туынды Алаш идеясына қызығушылық танытқан барша оқырманға, жастарға студенттерге арналады.
Ақбота Күзекбай