Жаңалық Арнайы жобалар Фото Редакция таңдауы

Астанада ақын Бауыржан Жақыппен кездесу өтті

Астана төріндегі Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Кәусар» шығармашылық бірлестігінің ұйымдастыруымен ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жакыптың жыр кеші өтті. Алпыстың асқарына шыққан ақын жырларын елордалық оқырман сағыныпты. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Кенжеғали Мыржықбай тізгіндеген кездесуде өлең оқылып, әсем әндер шырқалды.

Кеште әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық Өнер университетінің профессоры Айтбек Нығызбаев Ақан серінің «Маңмаңгерін» шырқаса, әнші, композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Сарина ақын Бауыржан Жақыптың сөзіне жазылған өз әні «Әсем қоңырды», Төлеген Айбергеновтың сөзіне жазылған өз әні «Сағынышты» орындады, белгілі күйші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай Тәттімбеттің «Бес төресін» шертті.

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің талантты студенттері ақынның әр жылдары жазған өлеңдерін жатқа оқыды. Ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай ақын досына ақжарма тілегін білдіріп, соңын жырмен өрнектеді. Белгілі журналист, әдебиеттанушы ғалым, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омарұлы ақынның студент кезіндегі өлеңдерінен үзінділер келтіре отырып, ерекше естеліктерімен бөлісті. Жиылған жұртшылық жылы қабылдады.

Қазақ әдебиетінде фантастика жанрының бастауында тұрған қалам иесі, жазушы Медеу Сәрсекенің інісі елдің ықыласын жеткізіп, ақынның иығына шапан жапты. Жазушы, ақын, журналист Есенгелді Сүйінов өзінің жүрекжарды тілегін білдіріп, құрмет көрсетті. Филология ғылымдарының докторы, академик Уәлихан Қалижанұлы шәкіртіне батасын беріп, жақында жарық көрген «Жамбыл» романын сыйға тартты.

Жазбаша нұсқада келіп жатқан түрлі оқырман сұрақтарына жауап бере отырып, ақын өлеңнің де шоғын маздатты. Өмірдің әр белесіндегі естеліктерімен де бөлісіп отырды. Сағынышпен ағаларын еске алды. Екі сағатқа созылған кештің қалай өте шыққанын да аңдамай қалдық.
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып Халықаралық «Абай» атындағы мәдениет пен өнерді қолдау қорының басқарма төрағасы А.Ғафуровтың Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай мерейтойлық медалімен марапатталды.

Кеш соңында Евразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Ерлан Сыдықов ақынға алғысын білдіріп, иығына шапан жауып, кеудесіне «Күлтегін» медалін тақты.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button