Астанада ақын Мұхтар Шахановпен кездесу өтті
Елорда төріндегі «Қаламгерлер аллеясында» Астана қаласы әкімдігінің Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана филиалының бірлесіп ұйымдастыруымен қазақ поэзиясының жарық жұлдыздарының бірі, халқының, ана тілінің тағдырын жырлаған қайсар ақын Мұхтар Шахановпен «Ақындығын азаматтығы, азаматтығын ақындығы көтерген...» атты кездесу кеші өтті, деп хабарлайды ruh.kz.
Кездесуді Астана қаласы «ОКЖ» кітапхана ісінің ардагері, мәдениет қайраткері Сейдахметова Сағыныш Дүйсенқызы тізгіндеді. Рухани шараның шымылдығы Алаш арыстары ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етумен ашылды.
Алғашқы сөзді ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы сөйледі. “Қара ормандай оқырмандарыңыздың ортасына қош келдіңіз!” -, деп ақынға құрмет көрсетіп, сахна төріне жайғастырды.
«Елорда билер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы және бас биі Әнуарбек Ералы Қайкенұлы және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері, № 16 Төлеген Айбергенов атындағы мектептің ұстаздары мен оқушылары, кітапхана оқырмандары, қала қонақтары, қаламгерлер, өнерпаздар қатысты.
Ақын өлеңдері мен поэмаларынан үзінділер оқылып, сөзіне жазылған әндер шырқалды. Қаламгер ел ағалары Оспан Сүлеймен, Ораз Қауғабаев сөз алып, ақынға ақ тілектерін білдірді. Е.Рахмадиев атындағы Астана мемлекеттік филармониясының әншісі Нұрай Танабаев ән шырқады. Кездесуге келген қонақтар қаламгер кітаптары қойылған көрмені тамашалап, автордың қолтаңбасын алу құрметіне ие болды.
Кеш соңында «Қаламгерлер аллеясына» Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының ұсынысымен, Байқоңыр әкімдігінің қолдауымен ақын Мұхтар Шахановтың есімі жазылған жерге қаламгер өз қолымен бір түп ағаш отырғызды.
Осындай мазмұнды кештің өтуіне мұрындық болған ҚР Мәдениет қайраткері Мұса Алтынбай Сәдуақасұлына ұйымдастырушылар алғыс білдірді.