Жаңалық

Астанада өскелең ұрпақтың қаржылық сауаттылығын арттыру үшін арнайы жиын өтті

Фото: Астана әкімдігі

Елорданың №101 орта мектебінде балалардың қаржылық сауаттылығын арттыру және қауіпсіздікті нығайту мақсатында жиын өтті. Қалалық Білім басқармасы және Экономикалық тергеу департаментінің ұйымдастыруымен өткен кеңеске білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтар қатысты, деп хабарлайды Ruh.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта үлкен де, кіші де білместіктен алаяқтықтың құрбаны болып жатыр. Бұл туралы жиын барысында Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев атап өтті.

«Балалар интернет пен мобильді құрылғыларды белсенді пайдаланады. Бұл бір жағынан жаңа мүмкіндіктер ашса, екінші жағынан, оларды әртүрлі қауіптерге, мысалы, «дропперлер», интернет алаяқтық және қаржылық қылмыстарға ұшыратуы мүмкін. Сондықтан оқушыларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі аспектілерінің бірі – олардың цифрлық кеңістікте хабардар болуы және қорғалуы. Осы бағытта 5-11-сынып оқушыларына арналған сыныптан тыс ашық сабақ бағдарламалары әзірленді, олар тәуекелдердің алдын алуға және пайдалы дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деді басқарма басшысы.

Ал Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті Тергеу басқармасының басшысы Мэлс Ақылбаев бүгінде оңай жолмен ақша тауып, бәс тігіп, құмар ойынға және қаржылық пирамидаларға құныққан жастардың саны, өкінішке қарай, артып келе жатқанын атады.

«Елде заңсыз ойын бизнесінің зардабын жоюға бағытталған түрлі шара қолға алынғанмен, жымысқы әрекетін жасырын түрде жүзеге асыратындар азаматтарды сан айламен арбайтын болған. Тірнектеп тапқанын құмар ойынға құрбан қылғандардың дені – жастар. Сондықтан да жас ұрпақпен кешенді жұмыс жүргізу өзекті. Мәселен, республика бойынша қаржы пирамидаларына 2 500 азамат алданып, 3 млрд теңге көлеміндегі қаржысынан қағылды. Сондықтан жасөспірімдер үшін маңыздысы – ата-анасының айтқанына құлақ асу және жеңіл ақшаға құнықпау», - деді М.Ақылбаев.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button