Астанада «Қазақ әдебиеті» газетінің 90 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті
Елорда төріндегі Ұлттық академиялық кітапханада «Қазақ әдебиеті» республикалық әдебиет, мәдениет және өнер газетінің 90 жылдығына арналған «Әдебиет. Рух. Қоғам» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Ruh.kz.

Ұлтымыздың рухани айнасы, еліміздің әдеби, мәдени өмірін өрнектейтін басылым – «Қазақ әдебиеті» газетінің жарық көргеніне биыл 90 жыл. Газет қазақтың талай қабырғалы қаламгерінің қолтаңбасы қалған беделді басылым. Тұңғыш редакторы – Ғабит Мүсірепов. Ал әдебиет әлеміндегі үш бәйтерек – Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин және Ілияс Жансүгіровтер де дәл осы гезеттің ақылдастар алқасында болды. Сол 1934 жылдан бері газет елмен бірге жасап келеді. 90 жыл бойы қазақтың тарихымен біте қайнасып, бірге жасасып келе жатқан басылым ұлттың даму тарихын бедерлей білді.
Мемлекет басшысының бастаған реформалары мен халық үшін маңызды руханият жаңалықтарын қалың оқырманына талмай жеткізіп, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғыртуда. Басылым қоғамымыздың рухани азығына айналып, жас қаламгерлердің шығармашылығын шыңдайтын абыройлы алаңға айналды. Алғашқы жарық көрген санынан бастап еркін шығармашылық ойдың жаршысы болуға ұмтылды. Халақтық мәні, ұлттық сипаты бай өзекті мәселелерде өз пікірін астарлап та, ашып та жариялауда. Газет мінберінен қаламгерлер қоғамға салмақты ой тастап, пікірлерін ашық білдіру дәстүрі әлі де жалғасып келеді.
Дөңгелек үстелдің модераторы ақын, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы жиынның мән-мағынасына тоқталып, баба басылымның тарихынан сыр шертті.
Алғашқы сөзді алған ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы бүгінгі қазақ газеттерінің жай-күйін сараптап, баспасөзге қатысты келелі мәселелерді көтерді. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары - Бауыржан Жақып қасиетті қарашаңырақтың атынан қаламгерлер қауымына алғыс білдірді.
Мазмұнды шарада әдебиет пен мәдениеттің жауһарын теріп, құндылықтың қазығы мен тілдің тазалығын сақтап отырған іргелі басылымның өткені, бүгіні жайлы қазақтың қабырғалы қаламгерлері Әлібек Асқаров, Жарылғап Бейсенбай, Роза Мұқанова, Қуаныш Жиенбай, Баянғали Әлімжанов, Сұраған Рахметұлы өзекті әңгіме өрбітті.
«Оқырманын ойлы, тарихи, мәдени, рухани азықпен қамтамасыз ететін замана жаршысының мерейтойлық мерейін өсіріп, тәуелсіз елдің табысты жылдарының шежіресін тасқа бастыруда талайларға үлгі болған басылымның 90 жылдық торқалы мерейтойын ел көлемінде жыл бойы мағыналы шаралармен атап өтетін боламыз» - деп түйіндеді сөзін кештің тізгінін ұстаған белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы.