Астанада референдум күні 39 сәби өмірге келді
Астанада 2024 жылғы 6 қазанда сағат 00:00-ден 15:00-ге дейін 39 нәресте өмірге келді, оның ішінде 29-ы – ұл және 10-ы – қыз, деп хабарлайды Ruh.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Елорданың үш перзентханасында сәбилер өмір есігін ашты.
Нәрестелер мен олардың аналары жақсы жағдайда және тиісті күтім көрсетіліп жатыр. Референдум күні елорданың медициналық мекемелері акушерлік бөлімшелердегі әйелдерге дауыс беру мүмкіндігін ұйымдастырды. Арнайы сайлау учаскелері тікелей ауруханаларда ашылды, бұл жүкті және босанған әйелдерге медициналық мекемелерден шықпай-ақ таңдау жасауға мүмкіндік берді.
Астанада таңертеңгі сағат 7-ден бастап 460 учаске жұмыс істейді, оның 352-сі – ашық, 34-і – жабық, 74-і дипломатиялық өкілдіктер мен елшіліктерге бөлінген.
Естеріңізге сала кетейік, Астана тұрғындары өздерінің учаскелерін 4 тәсілмен онлайн біле алады:
- Ресми веб-қызмет: https://referendum.astana.kz/
- Telegram-да чат-бот арқылы: https://t.me/referendum_astana_bot
- IKomek бірыңғай байланыс орталығы арқылы, 109 нөмірі бойынша;
- «Smart Astana» мобильді қосымшасында «New» бөлімінде – «Референдум учаскесін іздеу». Қолданбаны App Store немесе Google Play арқылы жүктеп алуға болады.