Жаңалық

Астанада республикалық жыршылар байқауы өтті

Фото: Арман Мұхатов

Елімізде дәстүрлі жыр термелерді орындауда әр өңірдің өзіндік мектептері қалыптасқан. Солардың арасында жырдың нағыз отаны, қаймағы ретінде Маңғыстау мен Сыр бойның жыраулық мектебі ерекшеленіп тұрады.

Сыр бойындағы жыраулық өнер – қазақ халқының рухани қазынасының маңызды бөлігі, ұлттық мәдениет пен әдебиеттің терең тамыры. Бұл өнер ежелден қазақтың көшпелі өмір салтына тән болып, Сырдария өзенінің бойында өркендеді. Жыраулық дәстүр тек жыр ғана емес, сонымен бірге халықтың тарихи жады, философиясы және дүниетанымы болды.

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында елордадағы Ұлттық музейде мәдениет саласының үздіктері, Сыр өңірінің ақын, жыршы-жыраулары Тәңірбергенов Айбек Жақсанұлы мен Рахметов Айдос Сәндібекұлының шығармаларына арналған «Жампоз жырдың айбозы...» атты республикалық жыршылар байқауы өтті. Онда екі ақын-жыраулардың қаламдарынан туған жыр-дастандары мен толғау-термелері насихатталады.

Республикалық жыршылар байқауына Қазақстанның барлық жыршылық мектептерінен Қызылорда, Маңғыстау, Алматы, Ұлытау, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Шымкент, Жамбыл облыстарынан 25 үміткер  қатысты.  Байқау екі кезеңнен тұрды. Ал жас жыраулардың орындау шеберлігіне Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Алмас Алматов, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Елмұра Жаңаберген, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Амандық Көмеков, Жетес Сейтов сынды жыраулар қазылық жасады.

Бұл байқаудың мақсаты тəуелсіз ел тарихындағы жыраулық өнердің дамуын талқылау. Мəдени мұраны насихаттау және оның дамуындағы сабақтастықты қамтамасыз ету, орындаушылардың арасынан жаңа есімдерді анықтау, олардың кәсіби шеберліктерін жетілдіру. Өмірден өтіп кеткен кісілердің конкурстарын, өмірден өтіп кеткен кісілердің кештерін өткізу қаншалықты қиын болса, өмірде бар тірі адамның конкурсын жасау, шығармаларын насихаттау ол екі есе қиын екенініне бүгін көзіміз жетіп отыр. Жүлде қоры бас жүлде 1 миллион теңге. 500-500 мыңнан екі ағаның атына бөліп бердік, - дейді ұйымдастырушылар.

«Жыр керуені» республикалық жыршылар байқауында Қызылорда облысы Шиелі ауданынан қатысқан Мұхаммедәлі Бекпейісов Айбек Тәңірбергеновтың шығармаларын орынауда бас жүлдені жеңіп алды.

Ал Айдос Рахметов атындағы бас жүлдені Хасенхан Кішкенеев қанжығасына байлады.

Сондай-ақ 1 орынды маңғыстаулық Есназар Эльвира, екінші орынды  Бектұрұлы Ниязтұрлы, ұшінші орынды қызылордалық Әлішер Мырзағалиев иеленді.

Арнайы жүлдені  Жамбыл облысынан келген Бекарыс Көштай мен Маңғыстау облысынан қатысқан Айсұлтан Есенғалиұлы еншіледі.

Жалғас Ернар (Астана), Жасұлан Есімхан (Шымкент), Ербақ Құрметжан (Алматы) сынды қатысыушыларға ынталандыру сыйлығы берілді.

Арнайы сыйлық: Азамат Базарбай (Павлодар), Сейіт Гүлназ (Маңғыстау), Әбдімәжит Жансұлу(Маңғыстау), Қуаныш Балғынай (Астана)

Сонымен қатар, барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.

Бұл екі азамат та өздерінің жанынан толғау, терме, мысал, дастан, қиссалар жазып жүрген жігіттер. Негізінен бүгін беріп отырған 30-ға дейінгі балалар. Екеуінің де шығармашылығына екеуіне де 500 мың, 500 мыңнан бас жүлде қойылып отыр. Қалғандары түгелдей дерлік жүлдесіз қалмайды, - деді белгілі жырау Алмас Алматов.

Сыр бойы – ежелден-ақ қазақтың байырғы мәдени орталықтарының бірі болды. Бұл өңірдің жыраулық дәстүрі сонау Қорқыт Атадан бастау алады. Ал Қорқыт Ата – түркі халықтарының ортақ тұлғасы, оның мұрасы философиялық ойларды, музыканы және поэзияны тоғыстырған.

Жырау – тек қана ақын емес, ол елдің рухани жетекшісі, ақылгөй тұлғалары бола білген. Олар елдік мәселелерді көтеріп, халықты бірлікке, әділдікке, ерлікке шақырған. Жыраулар өз шығармаларында заманның оқиғаларын жырлап, болашаққа болжам жасап, халықтың рухын көтерген.

Сол сүлейлердің сара жолын үзбей жалғап келе жатқан жыраулар бүгін де аз емес. Қорқыттан қалған қобызды, қазақтың қасиетті домбырасын, әйгілі Нартайдың ізін жалғап сырнаймен орындаушылар да бар. Мақам мен сөздің үйлесімі тыңдаушыны баурап, жырдың мәнін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Жыраулардың шығармалары көбінесе философиялық, тірбиелік, адамгершілік бағытта айтылады.  

Қазіргі таңда Сыр бойындағы жыраулық өнерді зерттеу, жаңғырту және насихаттау маңызды. Ол қазақтың тарихи жады мен рухани мұрасын сақтап қана қоймай, ұлттық мәдениеттің әлемдік аренада танылуына ықпал етеді. Жыраулық өнер бүгінгі ақындар мен орындаушыларға шабыт беретін қайнар көзі ретінде өзектілігін жоғалтпайды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button