Астанада «Ruh camp» көшпелі оқыту семинары өтті
Ағымдағы жылдың 13-14 қазан күндері Астана қаласында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырумен «Ruh camp» көшпелі оқыту семинары өтті.
Семинарға Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстары мен Астана қаласының идеология саласына жауапты жергілікті атқарушы орган өкілдерінен құралған 30-дан аса қызметкер қатысуда. Дәріскерлер құрамында танымал коуч жаттықтырушылар, республикалық сарапшылар қауымдастығының өкілдері, Институт қызметкерлері бар.
Оқыту семинары қызметкерлердің коммуникативтік қасиеттері, аналитикалық дағдылары мен сыни ойлау қабілеттерінің дамуына, ауқымды деректермен жұмыс істеудің жаңа әдіс-тәсілдерін меңгеруге, ЖАО қызметкерлерінің біліктілігінің артуына және БАҚ саласында сапалы ақпараттық-имидждік сүйемелдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Оқыту семинарының бірінші күнін «Data Insight» тәуелсіз агенттігінің және Dataisight Academy онлайн мектебінің директоры, әлеуметтік, бизнес және ғылыми зерттеулер жүргізудегі 12 жылдық тәжірибесі бар, 50-ден аса аймақтық, республикалық және халықаралық ауқымдағы жобалардың авторы, әлеуметтік психология және зерттеу әдіснамасы бойынша жаттықтырушы – Ілияс Тілеубергенов жүргізді.
Екі күндік модульдің алғашқы күні дәріскер Ілияс Тілеубергенов «Мемлекеттің идеологиялық жұмыстары: аймақтарда іске асыру жолдары» тақырыбында сөз алып, идеологияның маңыздылығы, идеологияның әсері, идеологиялық жұмыстарды қаражатсыз өткізу, идеологиялық жұмыстың тиімділігін бағалау мен мониторинг жасаудың тәсілдері бойынша кеңінен тоқталды.
« Қоғам үш деңгейге бөлінеді: социум, отбасы, индивид. Бұрындары индивид социумға бағынышты болатын. Яғни, социумның ықпалымен индивид шешім қабылдайтын. Қазір керісінше ең алдымен индивид өзіңе не керегін ұғып барып, отбасыға содан кейін социумға қатысты шешім қабылдайды, пікір білдіреді»,- деп адам өзімен жұмыс жасау керектігін негізгі тақырыпқа көшпес бұрын айтып өтті.
Семинар соңында қатысушылар сұрақ-жауап форматында өзара пікір аламасып, көкейдегі сауалдарына жауап алды.
Оқыту семинарының екінші күні «Идеологиялық қызметті тиімді іске асырудың әдіс-тәсілдері» тақырыбында жалғасады. Институт қызметкері, халықаралық сарапшы Риззат Елюбаев «Ақпараттық ілгерілетудің әдіс-тәсілдері/БАҚ және әлеуметтік желі арқылы позитивті имидж қалыптастыру» тақырыбында тәжірибесімен бөлісті.
«Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет аясында, бұл салада жұмыс атқаратын азаматтардың ақпараттық ілгерілетудің әдіс-тәсілдері мен БАҚ және әлеуметтік желі арқылы позитивті имидж қалыптастыру жолдарын мемлекеттің саяси-стратегиялық бағыттарымен үлестірумен қатар бұл технологияларды жетік игеріп, қызметте қолдануы аса маңызға ие. Өйткені ақпараттық соғыстар дәуірінде біз өз тарихымызда біреудің ойынының құрбаны болмауымыз керек», – деді Риззат Елюбаев.
«Қызметкерлердің көшбасшылық қасиеттерін дамытуда жобалық менеджменттің заманауи тәсілдерін қолдану» тақырыбында Жақсыбек Жиеналиев сөз алып, мазмұнды ақпараттармен бөлісті.
«Жобаларды іске асырудағы үздік шетелдік тәжірибелер» тақырыбында Институттың жоба менеджері Рүстем Қанапиянов дәріс жүргізді.
«Қоғамдық сананы жаңғыртудың озық шетелдік тәжірибелерін зерделеу осы саладағы отандық тәжірибені жетілдіруге көмектеседі. Дегенмен, біреудің тәжірибесін көшіріп қоюмен шектелмей, ұлттық өзіндік ерекшеліктерді де ескерген абзал. Қазіргі қалыптасқан рухани-мәдени формаларды қарастыра отырып, ұлттық бірегейлікті сақтайтын дербес рухани және интеллектуалдық бағытты дамытуға көшуіміз керек» – дейді Рүстем Қанапиянов.
Семинар соңында қатысушыларға сертификттар табысталды.
Естеріңізге сала кетейік, «Ruh camp» көшпелі оқыту семинарлары осыған дейін 24-25 тамыз күндері Көкшетау, 7-8 қыркүйек күндері Ақтөбе,
21-22 қыркүйек Шымкент, 5-6 қазан Аламаты қалаларында өтті.