Жаңалық

Астанада «Рухани жаңғыру – гүлдену мен келісім жолы» атты конференция басталды

Астанада «Рухани жаңғыру – гүлдену мен келісім жолы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды. Іс-шара аясында Еуразия халықтары Ассамблеясы (ЕХА) отырысы өтті.

Жиынға ақын, Қазақстанның еңбек ері Олжас Сүлейменов, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі, композитор Төлеген Мұхамеджанов және бірқатар елдің ғылым және мәдениет қайраткерлері қатысты.

Т. Мұхамеджановтың айтуынша, конференция Рухани келісім күніне орайластырып ұйымдастырылып отыр. Алыстан ат терлетіп келген меймандар Қазақстанның ұлтаралық және конфессияаралық тәжірибелерін үйреніп, өз еліндегі бастамалармен бөліспек. «Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен жүзеге асқан Рухани келісім күні тойланып келе жатқанына 25 жыл толды. Айтулы мереке халықаралық және діни қарым-қатынасқа үлкен үлес қосып келеді.

Бүгінгі жиында өзара тәжірибе алмастық. Шетелден келген қонақтар Қазақстан үлгісін өз елдеріне жүзеге асыруға құлшыныс танытып отыр. Бұл – еліміз үшін үлкен мәртебе. Қазақстанда өтіп жатқан бастамаларды халықаралық ұйымдардың қолдауы және мойындауы еліміздің абыройы», – деді Т.Мұхамеджанов. Отырыста ең әуелі Рухани келісім күнін тойлау мәселесі қаралды. Онда Қазақстанда аталып өтетін айтулы мейрамды Еуразия халықтары Ассамблеясы тарапынан қолдап, оны ұйымның халықаралық мерекесі ретінде тойлау көзделген.

Сонымен қатар, жиын барысында Еуразия халықтарының хартиясы мен ЕХА жұмысының нәтижесі мен жоспары қабылданып, ұйым аясында өтетін кеңестер мен маңызды мерекелер, қауымдастыққа кіруге өтініш білдірушілер жөніндегі бірқатар мәселелер төңірегінде сөз болды. Конференцияны ұйымдастырушылар жиынның түрлі елден келген ғылым және мәдениет қайраткерлерінің, дінбасылар мен мемлекет қызметшілері бас қосып, пікір алмасатын алаңына айналуынан үміт күтеді. Іргелі жиындағы негізгі тақырып аясында Қазақстан мен Елбасы Н.Назарбаевтың заманауи күрделі мәселелерді ғылыми негіздерге сүйене отырып оңтайлы шешу бастамалары қарастырылды.

«Рухани жаңғыру – гүлдену мен келісім жолы» атты конференция аясында пленарлық отырыс та өтті. Іс-шарада жиынға қатысушылар атынан ұйымның Үндеуі қабылданды. Онда қазақстандық қоғамның рухани-адамгершілік жаңғыруы, гуманизм, мәдени өркендеу жолындағы әрекеттерді арттыру керек екендігі айтылған.

Астанада қабылданған Үндеуді жыл соңында Парижде өтетін ЕХА қорытынды жиынында таныстыру жоспарланып отыр. Екі күнге созылатын конференция барысында шетелден келген меймандар қазақстандық қоғам қайраткерлерімен жолығады. Арабтанушы және шығыстанушы, «Russia Today» телеарнасындағы «Дәуір куәгерлері» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі Халид әл-Рошд «Әлемдік ақпараттық майдан жағдайындағы заманауи журналистиканың рөлі» атты шеберлік сыныбын өткізді.

Сонымен қатар, жиынның екінші күнінде Дінтануды салыстырмалы түрде терең зерттеу институтының қызметкері Мэри Пэт Фишер мен білім ордасындағы Сыртқы байланыс департаментінің жетекшісі Гобинд Садана Еуразия Ұлттық университетінде арнайы лекция оқылады. Сондай-ақ, конференция қайырымдылық шараларымен жалғасады деп күтіліп отыр.

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен еріктілер әлеуметтік тұрғыдан тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік таратып береді. Бұдан бөлек, Қазақстанның Қызыл жарты ай қоғамының өкілдері шеберлік сыныбын өткізеді. Жиын соңында Рухани келісім күніне арналған гала-концерт өтеді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button