Жаңалық Редакция таңдауы

Астанада студенттер жатақханасы бойынша жиын өтті

Сәкен Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ  кіші мәжіліс залында университет Басқарма төрағасы – ректоры, академик Қанат Тіреуов Астана қаласының әкімшілігі өкілдерімен, қалада бірнеше жатақханалары бар инвесторлармен (бизнес өкілдерімен) және балалар омбудсменімен ресми кездесу өткізді.

Кездесуге Ғылым және жоғары білім министрлігінің Балалар және жастар обмудсмені Аяужан Бахытова, Астана қаласы әкімдігінің Оқушы және студент жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Бағдат Атымтай, инвесторлар Ардақ Сұлтанова, Қанат Алин, Рамзан Азимжанов, Гүлнар Нұрғожанова, университеттің проректорлары мен департамент басшылары және бірқатар жауапты қызметкерлер қатысты.

Кездесу – студенттер жатақханасы бойынша зәрулік мәселесін шешуге арналды.

Сәкен Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ  Басқарма төрағасы – ректоры академик Қанат Тіреуовтың айтуынша, университет қабырғасында білім алып жүрген 13 000 студенттің 5 мыңында жатақханаға сұраныс бар.

«Санаулы күндерден соң, студенттер үшін жаңа оқу жылы басталады. Оған дейін алыстан келетін студенттер жатақханаларға жайғасып үлгерулері тиіс. Студенттеріміздің баспана емес, білім  іздеуі үшін жатақхана мәселесін мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, жергілікті бизнес өкілдерінің ұсыныстарын қарастыра шешуіміз керек. Бизнес өкілдерінің ұсыныстарын қарастырғанда жатақхананың университетке жақындығы, ондағы қауіпсіздік пен студенттер үшін жасалған жайлылық ескеріледі», – деді Қанат Тіреуов.

Жүздесу барысында Астана қаласы әкімдігінің Оқушы және студент жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Бағдат Атымтай университет пен бизнесс өкілдерінің ортақ ісіне табыс тіледі.

Университет маңында жатақханалары бар бизнес өкілдерінің бейне таныстырылымынан соң Сәкен Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ  Басқарма төрағасы – ректоры академик Қанат Тіреуов «Фон и краски» ЖШС басшысы Гүлнар Нұрғожанова, «Сұлтанова»ЖК басшысы Ардақ Сұлтанова, «Алин Т.А.» ЖК Қанат Алин және «Романовские бани» ЖК Рамзан Азимжановпен университет студенттерін жатақханадағы орынмен қамтамасыз ету аясындағы ынтымақтастық бойынша меморандумға қол қойды.

Жиын соңында Университет басшысы қатысушыларға жатақханаға деген сұраныстың өсуіне сәйкес Елордадан жер телімі алынып, осы орайда 2 жобаның қолға алынатынынан хабардар етті.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button