Жаңалық

Астанада «Үздік жас отбасы-2024» байқауы өтті

Фото: Астана әкімдігі

Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «Үздік жас отбасы-2024» конкурсы өтті, деп хабарлайды Ruh.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Аталған байқауға қатысып, сөз сөйлеген Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжанова Отанның тұтастығын сақтау әр отбасының татулығымен тығыз байланысты екенін атап өтті.

«Отбасы – кез келген мемлекеттің тірегі, ұрпақ тәрбиесінің негізі. Туған елге, жерге деген сүйіспеншілік те, патриоттық сезім де отбасынан бастау алады. Бүгінгі байқау да қажырлы еңбек, өнегелі тәрбие, ізгі дәстүрлер сабақтастығын лайықты жалғастырып келе жатқан отбасыларды үлгі етуді көздейді. Бұл байқауға қатысушылардың барлығы – түрлі салада жетістікке жетіп, әулет абыройын асырып, құрметке бөленгендер. Олар қашан да қоғамның айнасы бола алады деп сенеміз», - деді Назгүл Сейітқожақызы.

Байқауға қатысу үшін 60-тан астам отбасы өтінім берген. Отбасылық жұптарға арналған зияткерлік турнирден іріктеліп шыққан 10 отбасы ақтық кезеңге жолдама алып, «Үздік жас отбасы» шығармашылық байқауында бағын сынады.

Байқауға Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжанова, «Жайна Астана» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұхтар Еркетаев, «Үздік жас отбасы-2023» байқауының жеңімпазы Гаухар Сәдуақасова және жастар ұйымдарының жетекшілері қазылық етті.

Қазылар алқасының шешімімен Көшеновтер отбасы жеңімпаз болып танылып, 700 мың теңгенің сертификаты мен бас жүлдеге ие болды. Ал екінші орын алған Ендібаевтар отбасы 450 мың теңге, үшінші орындағы Сәметовтер отбасы 350 мың теңгені қанжығасына байлады. Өзге қатысушылардың әрқайсысына 100 мың теңгеден ақшалай сыйлық пен алғыс хат табысталды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button