Елордада жаңа жылдық іс-шаралар қалай өтіп жатыр
Астанада жаңа жылдық мерекелік іс-шаралар өтіп жатыр, деп хабарлайды Ruh.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жаңа жыл қарсаңында Нұра ауданының «Жағалау» ықшам ауданында Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының әртістері елорда тұрғындары мен қонақтарына мерекелік концерт ұсынды.
«Мереке қарсаңында біздің қысқы қоғамдық кеңістіктерімізде мерекелік концерттер өткізіледі. Олар қала орталықтарында және шағын аудандарда да өтіп жатыр. Іс-шара бағдарламасында тек концерттер ғана емес, спорттық жарыстар да бар. Мерекенің кішкентай қонақтарына Аяз атадан сыйлықтар дайындалды», - деді Нұра ауданы әкімдігінің Ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің маманы Мұса Әубәкіров.
Сығанақ пен Ш.Айтматов көшелерінің қиылысындағы скверде өткен іс-шараға ересектер мен балалар жиналды.
Мерекелік іс-шараға немересімен келген елорда тұрғыны Лунара Нығметова жаңа жылдық ойын-сауықтың қаланың әр ауданында өтіп жатқанына ризашылығын білдірді.
«Бүгін театр әртістері керемет өнер көрсетті. Әдетте мұндай қойылымдарды тек театр сахнасынан тамашалауға болады деп ойлайтынмын. Жаңа жылға орай осындай мерекелік іс-шаралар тек қаланың негізгі орындарында өтетін, ал қазір осындай шағын аудандарда ұйымдастырып жатыр. Бұл қала тұрғындарына жақсы көңіл-күй сыйлайды»,- деді елорда тұрғыны.
Айта кетейік, елорданың алты ауданында мұз айдындары, сырғанақтар, безендірілген шыршалар, концерттік бағдарламалар мен фотоаймақтар қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.