Астананың 20 жылдығы мен ТҮРКСОЙ-дың 25 жылдығына арналады
«Астана Операның» Камералық залында Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркия мен Татарстанның (Ресей) дарынды музыканттары ТҮРКСОЙ Жастар камералық хорының құрамында өнер көрсетті. Астананың 20 жылдығы мен ТҮРКСОЙ-дың 25 жылдығына арналған концерт 19-қазан күні өтті.
ТҮРКСОЙ Жастар камералық хорының өнер көрсетуіне «Мәдениет қайраткері», профессор Гүлмира Құттыбадамова дирижерлік етті.
ТҮРКСОЙ Жастар камералық хоры Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Д.Қ.Қасейіновтің бастамасы бойынша 2015 жылы құрылған. Ұжымның гастрольдері Азия және Еуропа елдерінде табысты өтуде. Хор репертуары түркі халықтарының әндерінен, түркі елдері заманауи композиторларының шығармаларынан және батыс еуропалық хор музыкасының жауһар туындыларынан құралған.
Камералық зал сахнасында ТҮРКСОЙ хоры «Қараторғай» қазақ халық әнін, сонымен қатар отандық композиторлардың шығармаларын, атап айтқанда, С.Сейфуллиннің «Тау ішінде», Б.Байқадамовтың «Су тасушы қыз», Б.Жандаровтың «Сағынам» әндерін орындайды.
Осы кеште елорда тұрғындары мен қонақтарына түркі халықтарының хор музыкасы ұсынылатын болады, олардың қатарында қырғыздың «Komuzchu» және «Suygoynum chiksa bolboybu», әзербайжанның «Nə baxırsan», татардың «Karasuvnun dort koshesi» және «Teftilau», түріктің «Niksarın Fidanları», «Ben giderim Batuma», «Ayvanın irisine», түрікменнің «Бибижан», өзбектің «Қилпиллама» әндері бар.
Бұдан бөлек, әртістер «Swing Low, Sweet Chariot» және т.б. туындыларды орындай отырып, дәстүрлі американдық спиричуэлс жанрын керемет меңгергендігін паш етті.