Жаңалық Редакция таңдауы

«Ата-ана ұлағаты, ұрпаққа аманат»: Елордада студенттерге арналған конференция өтті

Ардагерлер елордалық жастарға арнап С.Сейфуллин атындағы Қазақстан агротехникалық университетінде ардагерлер мен студенттердің қатысуымен «Ата-ана ұлағаты, ұрпаққа аманат» атты конференция өткізді, деп хабарлайды Ruh.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Фото: Астана әкімдігі

Іс-шараның мақсаты - ұрпақтар сабақтастығын қолдау және жастардың бойында патриотизмді арттыру.
Конференцияны қалалық ардагерлер кеңесі, Ішкі саясат басқармасы, Жастар саясаты басқармасы және Агротехникалық университеттің ардагерлер кеңесі ұйымдастырды.

Бүгінгі жас ұрпақ батыр ата-бабаларының даңқты жолын жалғап келеді. Батырлық - қанымызға сіңген қасиет. Ұлы дала жауынгерлері қашанда Отанын қорғауға дайын, сондықтан біз қазіргі Қазақстанда тұтастық пен бейбітшілікті сақтау үшін бәрін жасаймыз.Біздің әскери құрылымдарымыз заманауи технологиялармен жабдықталған. Олар кез келген қауіп-қатерге соққы бере алатын қуатты және мобильді күшке айналды. Қазір біздің міндетіміз – патриоттық қозғалысты дамыта отырып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру, - деді елордалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов.

Ол педагогтарды студенттермен қарым-қатынаста патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілік мәселелерін жиі талқылауға шақырды.

Конференция барысында Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов, ҚР Қарулы Күштерінің ардагері Марат Нағыманов және т.б. сөз сөйледі. Спикерлер студенттерге азаматтық борыштың елдің өркендеуіндегі маңызы туралы айтып берді.

Іс-шара соңында студенттер ардагерлермен бірге Ескендір Хасаналиевтің «Атамекен» әнін орындады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button